astana-view

Ұлттық палатада құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз тексерулерді болдырмау мәселесі талқыланды

2024 жылғы 24 Қаңтар
7915 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 70-тармағын орындауға бағытталған жиын өтті. Бұл тармақта «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлік субъектілерін негізсіз қудалау практикасын алып тастау» көзделген. Іс-шараға «Атамекен» ҰКП, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері, кәсіпкерлер, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әскери департаментінің басшылығы қатысты.

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Бақытжан Момбеков кейбір кәсіпкерлерде әскери қауіпсіздік, сондай-ақ мемлекеттің қорғанысын қамтамасыз етуде қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери комитет қызметкерлері, басқа да әскери қызметшілердің қызметіне байланысты проблемалар туындайтынын айтты (мысалы, әскерге барудан жалтарған азаматтарды анықтау, әскери міндеттілерді орындамау анықталған кезде).

Мәселен, Астана қаласы ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Шажанбаевтың айтуынша, компьютерлік клубтың иесі Тарас Поченко Астана қаласының өңірлік палатасына хабарласып, оған полиция қызметкерлері қорғаныс істері департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, бірнеше рет хабарламасыз келгенін хабарлады.

«Олар әскер жасындағы жастарды іздеп, компьютер клубына тексерумен үнемі келетін болды. Бұдан кейін кәсіпкер бізге шағымын айтты. Клубка тексеру жиілеген соң клиенттер келмейтін болған», – деді орынбасары Жеңіс Шажанбаев.

 Сонымен қатар, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті әскери департаментінің өкілдері қазіргі кезде әскери комиссариат қызметкерлері бизнес нысандарына келіп, персоналды әскери тіркеу бойынша тексеретінін, осындай факктілерін барын атап өтті.

«Әскери комиссариат жастарды әскерге тартуды қамтамасыз етуде бақылау-қадағалау қызметіне ие. Демек, олар кәсіпорын, мекемелерді тексере алады, бірақ тексеру жүргізу тәртібі кәсіпкерлік кодексте нақты регламенттелген. Егере тексерумен келген болса, бірінші кезде тексеру актін көрсетуі тиіс. Егер жоспарлы тексеру болса, профилактикалық бақылаудың тексеру негізін көрсетеді», – деді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті әскери департаментінің бөлім бастығы Ержан Мұсабеков.

 «Атамекен» ҰКП және ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті арасында құқық қорғау органдары тарапынан бизнесті негізсіз тексеруді болдырмау бөлігінде өзара ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жиын барысында кәсіпкерлер, сондай-ақ инвесторлардың құқығын сақтау мәселелері қозғалды. Әскери органдар, соның ішінде жергілікті әскери басқару органдарының тексеру іс-шараларын жүргізуінің проблемалық аспектілері және олардың негізділігі талқыланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер