astana-view

Отандық кәсіпкерлер кеңесінде импортты алмастыру мәселесі қаралды

2024 жылғы 27 Қаңтар
10679 просмотров

Импортты алмастыру саясатын дамыту мәселесі Отандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысында қаралды. Кәсіпкерлер ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа технологиялар трансферті, елішілік құндылық үлесі, кластерлерді дамыту және кадрлар даярлау саласындағы ахуал, сондай-ақ суармалы егіншілікті дамыту және агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу перспективалары туралы баяндады.

«Инвестиция мен нарықтар үшін бәсекелестіктің күшеюі жағдайында бізге ортақ күш-жігерді нақты үйлестіру қажет. Бизнес-қоғамдастық импортты алмастыру бағытында жұмыс істеуге дайын. Кәсіпорындарда барлық мүмкіндік пен кадрлық әлеует бар, өндірісті масштабтауға әзір. Ол үшін отандық тауар өндірушілерге мемлекеттің қайта қаралған жаңа тәсілдері қажет. Бұл шаралар бизнесті қолжетімді сатып алуға ынталандыруы керек»,– деп атап өтті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Спикер кәсібін адал жүргізетін өндірушілерге мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары, даму институттары мен екінші деңгейдегі банктердің қаражатына қол жеткізуде басымдықты ұсыну қажет екенін айтты.

Сонымен қатар, отандық өндірушілер ұлттық режимнен алынуға жататын тауарларды мемлекеттік сатып алу кезінде талаптардың жүйелі бұзылуын байқап отырғанын атап өтті.

«Үкіметтің тізімнен алып қою туралы қаулысы тауарларға ғана қолданылады. Бұл ретте мемлекеттік сатып алуға тапсырыс берушілердің көпшілігі осы талапты айналып өтіп, индустриялық сертификаты жоқ әлеуетті өнім берушілерден жұмыс немесе қызметтер түрімен ұлттық режимнен алынған тауарларды сатып алуды жүзеге асырады. Мысалы, жиһаз – жиһаз жасау қызметі түрінде сатып алынады. Осылайша, ұлттық режимнен алу механизмі тиімсіз болып тұр», – деді «Qazaq Stone» Қазақстанның тас өңдеу саласы одағының басқарма төрағасы Дәурен Ағзымов өз баяндамасында.

Спикер алып қоюға жататын тауарлар номенклатурасын кеңейте отырып, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді ұсынды.

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл қазіргі уақытта қаржы министрлігі жұмыстар мен қызметтер шеңберінде ұлттық режимнен алынған тауарларды сатып алу фактілерін анықтау тұрғысынан тәуекел бейінін белгілеу бөлігінде камералдық бақылау жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Дәурен Ағзымов Үкімет тарапынан жасалған барлық күш-жігерге қарамастан, отандық тауар өндірушілер бюджет қаражатына іске асырылатын ұлттық жобаларға толық тартылмағанын атап өтті. Ол «жайлы мектеп» ұлттық жобасын мысалға келтіріп, жобалардың бірыңғай операторлары отандық тауар өндірушілерден басым сатып алуға нақты бағдарлануы тиіс екенін айтты.

«ТехноГруппСервис» ЖШС атқарушы директоры Жомарт Нұрқанов жаңартылатын энергия көздерін дамыту туралы баяндады. Осылайша, компания 2024 жылдың соңына дейін қуаты жылына 100 мВт болатын күн модульдерінің жеке өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл шаралар Қазақстандағы аралас өндірістер мен инжиниринг пен ғылымды дамыту үшін мультипликативті әсер етеді.

«Отандық тауар өндірісінің жаңа бағыттарын қолдаудың ең пәрменді механизмі ретінде біз офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді келісімшарттар жүйесін толыққанды іске қосу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде «Бәйтерек» ҰБХ сияқты даму институттары арқылы қаржыландыру қажет деп санаймыз. Бұл ретте мемлекет тарапынан импортты алмастыру бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуді бақылау қажет», – деп атап өтті спикер. 

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев кәсіпкердің сұрауына жауап ретінде «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға сәйкес өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды  қаржыландыруды қоса алғанда, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың 13 шарасы көзделгенін атап өтті. Бұдан басқа, инновациялық қызметті қолдау Кәсіпкерлік кодекспен реттеледі. Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі реттейтін инновациялық гранттар тетігі жұмыс істейді.

«Мемлекет даму институттары арқылы шамамен 620 млрд теңге бөлді. Бұл жағдайда, егер жоба технологиялар трансфертін қоса алғанда, «өнеркәсіптік-инновациялық» критерийіне сәйкес келсе, онда мемлекет тарапынан бұл қолдау шарасын алуға шектеу жоқ», - деді Шарлапаев.

Әлихан Смайылов көзделген қолдау шараларынан басқа, Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп жатқанын, онда өңдеу өнеркәсібі жобаларын салықтың барлық түрінен 3 жылға босату көзделетінін айтты.

 Жиында агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау, оны қайта өңдеу үлесін ұлғайту, сондай-ақ Қазақстанда суармалы егіншілікті дамыту перспективалары мәселелері көтерілді.

«Кәсіпорындардың негізгі жобаларын уақтылы жаңарту және жаңа өндірістерді іске қосу –өте маңызды міндет. Ол үшін оларды негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Өндірістерді локализациялау мақсатында жобалар қолжетімді қаржыландыру, оның ішінде бюджеттен тыс көздер  және кепілдік беру тетіктерін кеңейту арқылы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл шаралар бизнеске ішкі нарықтағы жеткізушілермен сәтті бәсекелесуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы сатып алудағы қазақстандық қамту, сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттардың үлесін арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы мәселелерді сапалы іске асыруы қажет», – деп түйіндеді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Еске салсақ, ҚР Үкіметі жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесі 2022 жылдың ақпанында құрылған болатын. Кеңестің міндеттері – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру, нарықтық экономиканың дамуын ынталандыратын жағдай жасау және ел экономикасына отандық инвестицияларды тарту мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.

Кеңес офлайн және онлайн форматта өтті. Отырысқа ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, бизнес өкілдері және басқалар қатысты.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер