astana-view

Қызылордалық кәсіпкерлер «Азаматтық қорғау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді сұрайды

2014 жылғы 15 Мамыр
2616 просмотров

Қызылорда облысының кәсіпкерлері «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгізуді сұрайды. Осындай ұсыныспен олар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған кәсіпкерлердің арызында, үстіміздегі жылдың сәуір айында жаңадан қабылданған Заң талаптары мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтер кәсіпкерлер бизнесінің дамуына кедергілер келтіретінін көрсеткен. Осыған орай Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында облыстық прокуратура, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шарада аталған нормативтік-құқықтық актіге толықтырулар мен өзгертулер енгізу жайы, кәсіпкерлердің ұсыныстары талқыланды.

Өз кезегінде, облыстық прокуратура мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері аталған Заң қажеттілігі апаттарға қарсы іс-қимылдың жаңа идеологиясын жасау, төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, мемлекеттік материалдық резервтер мен апаттық құтқару қызметтері саласында қағидатты жаңа тұжырымдама қалыптастыруға бағытталатындығын атап өтті.

Әлішер Рузимов, кәсіпкер: «Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметін аттестаттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл шара кәсіпкерлік саласының дамуына кедергі болатын әкімшілік кедергілердің бірі деп есептеймін. Осыған орай, «Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгізуді сұраймын», - деді.

Шара соңында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының құқықтық сұрақтар бойынша директор орынбасары әзірленген ұсыныстарды ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдау жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер