astana-view

Отандық электр энергетикасы саласын дамытудың стратегиясы керек

2024 жылғы 05 Наурыз
3321 просмотров

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі алаңында «Атамекен» ҰКП және электр энергетикасы секторының салалық қауымдастықтарының өкілдері «Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасын талқылауды жалғастырды.

 Шараға «Атамекен» ҰКП, «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Еуразиялық топ» ЖШС, «ЦАЭК» АҚ, «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастықтары» ЗТЮ және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

 Жиынға қатысушылар Қазақстанның ұлттық даму жоспарының жобасы жалпы алғанда теңдестірілген және онда саладағы түйткілді мәселелерді түзетудің нақты механизмдері ұсынылғанын, осы проблемалардың барлығы бұрыннан белгілі және қоғамда кеңінен талқыланғанын атап өтті.

Ұлттық жоспарда Энергетиканы басқару трилеммасы (халықаралық практика бойынша) қарастырылып отыр.  Оған мыналар кіреді:

  • Энергия қауіпсіздігі: электр энергиясының тапшылығы және энергетикалық инфрақұрылымның қатты тозуы;
  • Көміртекті бейтараптық: экономиканың жоғары энергия сыйымдылығы және парниктік газдар шығарындылары;
  • Қол жетімділік: шектеулі инвестициялық тартымдылық жағдайында айтарлықтай қомақты инвестицияға қажеттілік.

 «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары жобасын ашық талқылауға мүмкіндік берілгені үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне ризашылығын білдірді. Бұл жоғары деңгейлі құжат болғандықтан, қағидалары сала тұжырымдамасын әзірлеу үшін негіз болады.

 «Жобада саладағы қазақстандық қамту мәселелері және энергетикалық инфрақұрылымның қатты тозуы және соның салдарынан электр және жылу қуатының тапшылығына байланысты жылдар бойы шешілмеген мәселелерді ескеру қажет», – деп санайды «Атамекен»  ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев.

 Жиынға қатысушылар саланың қаржыландыруы аз болғандықтан оның инвестициялық тартымдылығы жоғалған. Сонымен қатар энергетикалық кешенді дамытудағы уәкілетті мемлекеттік органдардың түрлі векторлық саясаты және саланы реттеуде бірыңғай және нақты тәсілдің болмауы кері әсер етеді.  Бұл жайт тұтастай алғанда саланы дамытудың бірыңғай стратегиясының жоғын көрсетіп отыр.

 «Атамекен» ҰКП өкілдері бизнес пен нарықтың ұсыныстарын ескере отырып, бірқатар ескертпе жасады. Бұл ескертпелер Ұлттық жоспардың жобасын күшейтуге тиіс.

Мысалы, бүгінде іс жүзінде несиелік қаржыландырусыз қалған көмір жылу энергетикасы саласына инвестиция тарту мәселесін күшейту ұсынылады.

Экономиканың энергетикалық секторын жеңілдікпен несиелеу мәселесін пысықтау шеңберінде банк институттары арқылы энергетика және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жобаларын несиелеу ұсынылды. Онда сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушылар үшін жылдық 7%-дан, 20 жылдан аспайтын мерзімде, кәсіпорынның өз қатысуымен жоба сомасының кемінде 20%-ы бойынша қаржыландыруды көздеу ұсынылды.

Тарифтердің өсуін ескере отырып, энергетикадағы инвестициялық жобаларды қараудың объективтілігіне оң әсер етуі мүмкін нарық кеңесінің қызметін «жандандыру» қажеттілігі атап өтілді.

Тариф белгілеу мәселесі де маңызды, ол да Ұлттық жоспарда қаралуы тиіс.

 Әр кәсіпорында өзінің тарифтік сметаларының құрылымы жеке. Тарифтерді қандай да бір бір стандартқа келтіру көзделмейді, әділ тарифтерді белгілеу өажет. Елімізде азаматтрадың кейбір санаттары үшін (аз қамтылғандар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, зейнеткерлер және т.б.) жаңа тарифтер ауыр көрінуі мүмкін. Бірақ бүкіл әлемде бұл жүктемені төмендетудің басқа механизмдері әзірге жоқ. Осы азаматтарды атаулы түрде, бюджет арқылы субсидиялау және энергия үнемдеу бойынша неғұрлым белсенді жұмыс жүргізу және ғимараттар мен үй-жайлардың энергия тиімділігін арттыру сияқты шаралар қажет.

«Энергетикалық қауіпсіздік – кез келген мемлекет үшін маңызды. Өйткені бұл сала елдің экономикалық тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздігіне және жалпы әл-ауқатына тікелей әсер етеді.

Энергетикалық қауіпсіздікке түрлі әдістер және ең алдымен энергия көздерін әртараптандыру шараларын қолдану арқылы қол жеткізіледі және шешіледі. Экономикамыздың 60%-ға жуығы көмірмен қамтамасыз етілетіні жасырын емес. Сондықтан энергетикалық құрылымды әртараптандыру арқылы біз энергия көзіне тәуелділікті азайтамыз. 2023 жылғы жолдауында Мемлекет басшысы «жаңартылатын энергетика және ГЭС жобаларын іске асыруды жалғастыру» қажет екенін айтты. Мен мұнда, әрине, атом энергиясын қосар едім. Бұл ретте жаңартпалы энергия көздерін дамыта отырып, энергияны жинақтау жүйесін де дамыту қажет. Бұл өте маңызды!

 Төмен және әділетсіз тарифтерге байланысты салаға сыртқы инвестиция ағыны қысқарып қалды. Бұл жайт біздің қазіргі апаттарға, табиғи апаттарға, кибершабуылдарға және басқа қауіптерге сыни тұрғыдан төзімділігімзді әлсіретті.

Энергетикалық жабдықталуымыз төмен болғандықтан көршілерімізбен жақсы халықаралық ынтымақтастықты сақтау өте маңызды. Бұл, ең алдымен Ресей Федерациясы мен Орта Азия елдері. Біз олармен қазіргі уақытта параллель режимде жұмыс істеп жатырмыз. Атап айқанда, ынтымақтастықты дамыту, тең серіктес болу, трансшекаралық энергия саудасына қатысу, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар құру және төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ету маңызды.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП заңнамаға төтенше жағдайларда азаматтардың іс-қимыл жоспарларын әзірлеу қажеттілігі, атап айтқанда инфрақұрылымдық объектілердегі апаттарды жою және қалпына келтіру кезінде және ең бастысы, әкімдіктерде осы төтенше жағдайларға тез әрекет ету жоспарлары.

  Энергетикалық қауіпсіздік проблемаларын шешу көп қырлы тәсілді талап етеді. Онда біздің мемлекетіміз үшін қазіргі уақытта энергетикалық ресурстарымыздың, қолданыстағы инфрақұрылымның, сондай-ақ геосаяси факторлардың болуын ескеретін шаралар болуы керек. Тәуекелдердің тұрақты мониторингі және оларды ауыртпалықсыз жоюды білу маңызды», – деп атап өтті Жақып Хайрушев.

Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов нарық бірнеше жыл бойы бірқатар ұсыныс әзірлегенін айтты. Оның пікірінше, бұл ұсыныстар бюджетке қосымша жүктемесіз қолданыстағы энергетикалық қуаттарды жаңғыртуға және сала үшін аса қажетті инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

«Мемлекет энергетика объектілері үшін бірнеше жылға тариф береді, жеңілдетілген бірлесіп қаржыландыруды ұсынады, ынталандырушы тарифтік реттеуді енгізеді. Бұл шаралар инвесторға дивидендтер алған кезде нақты түсінік береді, мәселелерді тез шешу және сәйкессіздіктерді жою мақсатында бірыңғай реттеуші құрады және әлеуеттік аз қамтылған азаматтарғ үшін атаулы әлеуметтік көмекті енгізеді. Өз кезегінде нарық объектілерді жаңғырту, шығыстар бойынша толық ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ саланың қазақстандық қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында отандық жабдық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттарды қамтамасыз етуге міндеттенеді», – деп атап өтті Талғат Темірханов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер