astana-view

Қалдықтарды қайта өңдейтін компания екі жыл бойы әрекет етпей утиль алымын ғана жинап келген

2024 жылғы 23 Мамыр
6813 просмотров

2024 жылғы 22 мамырда «Атамекен» ҰКП алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес өтті.

Кеңес отырысында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және утилизациялау жөніндегі кеңейтілген міндеттемелерді іске асыру кезінде өндірушілер мен импорттаушылардың құқығын қорғауға қатысты мәселе қаралды.

Қайырбек Сүлейменов кеңес жұмысын бастап, «Жасыл Даму» ұйымы екі жылдан астам уақыт бойы өзінің банк шоттарында утиль төлемдері түрінде түсетін қомақты ақша жинайтынын айтты. Алайда компания қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуді ұйымдастыру жөніндегі өз міндеттерін орындамаған. Сонымен қатар, «Жасыл Даму» АҚ бұрын төленбеген утиль алымдары мен төлемдері түрінде ақшаны негізсіз өндіріп алу бойынша қайта өңдеуші компанияларға қатысты сотқа жүгіну науқанын бастады.

2022 жылғы есепке сәйкес «Жасыл Даму» АҚ утиль төлемі түрінде 177,6 млрд теңге алған. Осы қаражаттан қайта өңдеу, жинау, сұрыптау және утилизациялау, буып-түю және автокомпоненттер жөніндегі мақсаттарға небәрі  3,1 млрд теңге жұмсаған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары бұл қызмет түрі заң тұрғысынан реттелмегені себебі ешқандай шара қолдану мүмкін еместігін алға тартты. Үкіметтің бастамасы бойынша Экологиялық кодекске 2023 жылғы маусымда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және «Жасыл Даму» АҚ-тың қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жаратуды ұйымдастыруды қаржыландыру жөніндегі құзыретін егжей-тегжей көрсететін өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер 2023 жылғы қыркүйекте қолданысқа енгізілді. Алайда, түзетулер заңды күшіне енген сәттен бастап жеті ай өтсе де қызмет мүлде жүзеге аспаған.

Кәсіпкерлердің «Жасыл Даму» АҚ-ты жария келісімшарт бойынша алған міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу әрекеті қолдау таппады. Кәсіпкерлердің өтініштерді қанағаттандырудан бас тарту себептерінің бірі –  не келісішартта, не заңнамада қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін «Жасыл Даму» АҚ-тың жауапкершілігі белгіленбеген.

Бұған қоса «Жасыл Даму» АҚ қалдықтарды утилизациялау бойынша өз функцияларын орындамай, қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындарды утиль алымын төлеуге мәжбүрлейді.

Кейінгі кезде «Жасыл Даму» АҚ қалдықтарды жинау, қайта өңдеу және утилизациялау жүйесін қолданатын кәсіпорындардан утиль алымын өндіріп алу науқаны бастап кеткен. Мұндай компаниялар заңға сәйкес утиль алымын төлеуден босатылған.

2022 жылғы 18 қаңтардан бастап, яғни өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің функцияларын берген сәттен бастап «Жасыл Даму» АҚ өндірушілердің есептерін қабылдамайды. Демек көрсетілген кезеңде өндірушілердің қалдықтарды жинау мен қайта өңдеудің өзіндік жүйесінің бар екені расталмады. Бұл жайт қайта өңдеу бойынша өз жүйесі бар кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз талап қою негіздерін жасады.

Қазіргі кезде «Қайнар АКБ» ЖШС – Қазақстанда аккумулятор батареяларын шығарушы жалғыз зауыт. Кәсіпорында қолданылған батареяларды қабылдап қайта пайдалану үшін қабылдау желісі бар.  Сот «Жасыл Даму» АҚ-тың қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу көлемі туралы құжаттарды қабылдаудан бас тартқан іс-әрекетін заңсыз екенін растап, компания өзінің азаматтық құқығын теріс пайдаланған деп таныды. Сол сияқты «Жасыл даму» АҚ-тың «Тандем ПВ» ЖШС және «Кама-Қазақстан» сауда үйіне қатысты талаптары негізсіз деп танылды.

Сот практикасын зерделеу барысында 2023 жылдың басынан бастап «Жасыл Даму» АҚ кәсіпкерлерден 3 жылдан астам уақыт ішінде төленбеген утиль алымдарды өндіріп алғаны анықталды.

Сонымен қатар, соттар «Жасыл Даму» АҚ-ты бұл талаптарын қолдайды. Кәсіпкерлердің пікірінше, сот органдары тіпті ескіру мерзімі өткен утиль  төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу туралы шешім қабылдау кезінде «конвейерлік тәсілді» қолданады.   

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің әрекеті өнімді қайта өңдеу және утилизациялау саласындағы кәсіпкерлік қызметті тиімді етпейді. Өйткені бұл экономиканың осы саласына инвестиция салудан пайда табуды шектейді.

Министрліктің жқмысы ашық жүргізілмейді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру барысы туралы заңда көзделген жыл сайынғы есептер де көпшілікке қол жетімді емес.

«...қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүргізетін өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қалдықтарды утилизациялау жөніндегі кәсіпкерлік қызметті шектеп, бизнес субъектілеріне залал келтіреді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады», - деп айтты Кеңес мүшелері.

Кеңес барысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Жоғарғы Сот және Бас прокуратураға бірқатар ұсыныс айтылды.

Атап айтқанда, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Қалдықтарды утилизациялау бөлігінде Экологиялық кодекс талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету ұсынылды.

Жария компания ретінде Президенттің мамырдағы экономиканы ырықтандыру туралы жарлығына сәйкес қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөніндегі кеңейтілген міндеттемелерді іске асыру жөніндегі өндірушілер мен импорттаушылар кіретін одақ немесе кәсіпкерлер қауымдастығының өкілін «Жасыл даму» АҚ-қа тәуелсіз директор етіп қосу ұсынылды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер