Бизнес өкілдері «Техникалық тапсырыс берушіні» жүзеге асыру кезінде өзгерістер енгізуді сұрады
«Атамекен» ҰКП алаңында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков пен салалық қауымдастықтардың/одақтардың қатысуымен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне «Техникалық тапсырыс беруші» түсінігін енгізу мәселесін талқылады.
Белгілі болғандай, құрылыс саласындағы уәкілетті орган бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобаларды жүзеге асыру кезінде «Техникалық тапсырыс беруші» ұғымын енгізуді жоспарлап отыр. Техникалық тапсырыс берушінің қызметі объектілердің құрылыс процесін толығымен ұйымдастыруға бағытталатын болады.
Ұлттық палата құрылыс саласына жаңа концепцияны енгізу бойынша ҚК тәсілдері мен тетіктерін және бұл құрылыс нарығына қатысушыларға қалай әсер ететініне мән берді.
«Бұл механизм бүгінгі күні техникалық қадағалау функцияларын іс жүзінде қайталайтын және жобаны әзірлегеннен кейін жүзеге асырылатын жобаларды басқару қызметі негізінде қайта қаралатын болады. Біз техникалық тапсырыс берушінің жобаны жоспарлау кезеңінен нысанды іске қосуға дейін сүйемелдеуін қалаймыз», - деді Бақытжан Жүнісбеков.
Оның айтуынша, Техникалық тапсырыс берушінің қызметін жүзеге асыру және аккредиттеуді алу үшін біліктілік талаптары 1-ші санаттағы жобалық қызметке лицензияның болуы, сондай-ақ халықаралық ISO стандарттары бойынша сертификатталған жоба менеджері болуы тиіс.
Бұл ретте сату құны үлкейтілген сметалық нормативтер бойынша айқындалатын болады. Бастапқыда тек жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кеткен шығындар ғана қаржыландырылады. Оны әзірлегеннен кейін жиынтық көрсеткіштер шегінде құн түзетіледі. Осыдан кейін жобаны одан әрі қаржыландыру үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға қосымша ақпарат жіберіледі.
Жиын барысында көптеген қатысушылар жаңашылдық салаға кері әсерін тигізуі мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. Атап айтқанда, нарық өкілдері уәкілетті органның Техникалық тапсырыс беруші түсінігін енгізу кезінде техникалық қадағалау қызметін алып тастау жоспарларына теріс пікір білдірді.
«Бастапқыда бізге Техникалық тапсырыс беруші тек ірі, бірегей құрылыс жобаларына қатысады деп айтылды, бірақ шын мәнінде, қазір жобалардың тізімі кеңейтіліп қана қоймай, техникалық тапсырыс берушінің барлық мемлекеттік нысандарға қатысуын көздейді. Біз бұған келіспейміз.
Сонымен қатар, Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы Техникалық тапсырыс берушіні іске асыру шеңберінде техникалық қадағалау функциясын теңестіруге және жоюға түбегейлі қарсы. Мемлекеттің мақсаты сапаға барынша көңіл бөлу болуы керек, оған техникалық қадағалау институтының дұрыс жұмыс істеуінсіз қол жеткізу мүмкін емес», - деді «Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығы» ЗТБ Президенті Виктор Микрюков.
Уәкілетті органның жобаны басқару және Техникалық тапсырыс беруші функцияларының қайталануына қатысты ұстанымына сүйене отырып, нарық қатысушылары қолданыстағы техникалық қадағалау қызметін Техникалық тапсырыс берушінің қызметіне қайта форматтауды қисынды деп санайды.
Алайда, жиынға қатысушылардың пікірінше, жұмыс істеп тұрған компаниялардың көпшілігі ұсынылған біліктілік талаптарына жауап бере алмайды.
«Жобаны басқару бойынша аккредиттелген компаниялар 1-санаттағы жобалық қызметке лицензиясы болмағандықтан, Техникалық тапсырыс берушіге ауыса алмайды. Ол үшін оларға лицензия алу және тиісті тәжірибе жинақтау үшін 10 жыл қажет. Жобаны басқару бойынша аккредитациясы бар компанияларға техникалық тапсырыс берушінің қызметіне автоматты түрде ауысу мүмкіндігін беру керек деп есептейміз», - деді Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының орынбасары Серікжан Мергенбаев.
Ол Қазақстан құрылысшылар одағы да іске асырылып жатқан Техникалық тапсырыс беруші аясында техникалық қадағалау институтын алып тастауға қарсы екенін және бұл құрылыс сапасының төмендеуіне, құрылыс кезінде мүдделер қақтығысына, саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына әкелетінін атап өтті.
«Неліктен Техникалық тапсырыс берушіні бірден барлық нысандарға тарту керек екені толық түсініксіз. Өнім жаңа, әлі де толығымен сынақтан өтпеген. Талдау жүргізу, іске асырылып жатқан механизмді бағалау, барлық ықтимал тәуекелдерді анықтау қажет. Сонымен қатар, техникалық тапсырыс берушіге қойылатын біліктілік талаптары, атап айтқанда, еңбек ресурстарына қатысты үлкен сұрақ туындайды. Аккредитацияны алу үшін сізге жоба менеджері қажет және сертификатталған инженерлердің болуы қажет емес», - деп айтты «Атамекен» ҰКП Төралқасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрайымы Ирина Манжанова.
Жалпы, талқылау құрылыс нарығына қатысушылардың ұсынылған бастамаға қатысты сұрақтарының көп екенін көрсетті.
Бизнес уәкілетті орган барлық ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Техникалық тапсырыс берушіні іске асыру тәсілдерін қайта қарайды деп үміттенеді.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП бұл мәселеде кәсіпкерлік субъектілеріне көмек көрсетуді жалғастырады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: