astana-view

Шетелде тағылымдамадан өту бағдарламасы іске қосылды

2014 жылғы 15 Мамыр
3366 просмотров

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдерімен «Болашақ» халықаралық степендиясы бойынша тағылымдамаға қатысу шарттарын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел өтті, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама бойынша отандық мамандар шетелде біліктілік жинамақ. Бұл қазақстандық мамандарды тағылымдамадан өткізу отандық кадрлардың әлемдік ең үздік кәсіпорындарында тәжірибе жинақтап, біліктілігін аттыруға жасалған мол мүмкіндік болып табылады.

Дөңгелек үстелге ҚР ҰКП адами капиталды дамыту департаментінің директоры Асқар Әбубәкіров, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Ғани Нығыметов, салалық қауымдастықтар, Қазақстан өңірлерінің кәсіпкерлер палатасының және ірі кәсіпорын өкілдері қатысты.

- Бұрындары мекемелердің басшылары ғана шетелге тағылымдама өтіп келуіне мүмкіндігі болатын. Бүгінгі күні орта буындағы шеберлерді, технологтар мен инжинерлердің шетелге біліктілік жинап келулеріне мүкіндік туып отыр. Біз олардың мамандықтарына сәйкес тағылымдамадан өтулеріне ыңғайлы елдерді қарастырдық. Бұл тағылымдамаға экономикаға аса қажетті мамандар іріктеледі. Бірінші кезекте басымдық энергетика, құрылыс, медиа, медицина және ауылшаруашылығы салаларына беріледі, - деген Асқар Әбубәкіров құжаттар жинаудың басталғанына екі апта болғандығын және бүгінгі күні 20 өтініш келіп түскендігін атап өтті. Енді 30-40 адамды қабылданғаннан кейін олар мамандықтарына қарай топтарға бөлініп, біліктілік жинауға шетелге жіберіледі.

Бүгінгі күні АҚШ, Германия, Корея, Швеция, Израйль және басқа да жетекші елдердің салалық кәсіпорындарында кәсіби тағылымдамадан өткен қазақстандық мамандардың тәжірибесімен бөлісіп, қолға алынған бағдарлама бойынша шетелде тағылымдамадан өтудің ереже-шарттарын егжей-тегжей түсіндіріп өткен Ғани Нығыметов:

- «Болашақ» бағдарламасы бойынша 20 жылдың ішінде 10 мың адам шетелден білім алып келіп, қазір оның 7 мыңы Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы бакалавр, магистратура және докторонтура бойынша білім алып келген болатын. Өткен жылдан бастап мамандарды қысқа мерзімде дайындау бағдарламасын іске қосуды қарастырған болатынбыз. Биыл осы бастаманы іске асырғалы отырмыз. Өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар: жұмыс істеу мерзімі 3 жылдан кем болмауы керек, оның 12 айы шетелге құжаттар тапсырып жатқан мамандығы бойынша болуы керек. Конкурс үш кезеңнен тұрады. Біріншісі қазақ тілінен тест, екіншісі психологиялық әңгімелесу және тәуелсіз экспортты комиссияның өткізетін сұхбаты. Оқудан оралғаннан кейін осы бағдарлама бойынша шетелге жіберген жұмыс берушіде кем дегенде үш жыл қызмет етуі тиіс. Ал ағылшын тілін білу міндетті емес, бұл бағдарламада басты басымдылық қазақ тілін білуге беріліп отыр, - деді.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша отандық кадрлардың кәсіби өсуінің, қысқа мерзімдегі алдыңғы қатарлы тәжірибе мен практикалық дағдылардың ең тиімді тәсілдерінің бірі болып табылатын бұл тағылымдама бағдарламасына «Болашақ» бағдарламасы қамтитын кез-келген мамандық бойынша әлемнің 30 мемлекетінің бірінде, кез-келген компанияда тағлымдама өтіп келуіне мүмкіндік бар. Тағылымдамадан өткісі келетіндер «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының сайтына кіріп өтініш білдіре алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер