astana-view

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталовтың Наурыз мейрамымен құттықтауы

2025 жылғы 22 Наурыз
734 просмотров

Құрметті отандастар!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Адамзат пен табиғаттың жасарып, бой түзейтін шағын ата-бабаларымыз жыл басына теңеген. Яғни, бұл мерекенің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. Тамаша салт-дәстүрмен паш етілетін Наурыз мейрамын өзіндік сән-салтанатпен, думанды тоймен, ән-жырмен қарсы алу ежелден үрдіске айналған. Біз сол үрдісті жалғаушы асқақ рухты, айбынды елдің бақытты ұрпағымыз!

Биылдан бастап жаңару мен бірліктің символына баланатын Наурыз мерекесі жаңа мәнге ие болғанын қуанышпен жеткізгім келеді. Халықтық мейрамды тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді, дәлірек айтсам ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған. Бұл принциптердің барлығы адал кәсіпкерлерге тән қасиет. Демек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген Наурызнама тұжырымдамасының мәні мен мағынасы бизнес-қоғамдастық үшін айрықша.

Ендеше көктемнің шуақты мерекесі елімізге тек жақсылығымен келсін! Отандық экономиканы дамыту жолындағы әрбір ісіміз жемісті болсын!

Отбасыларыңызға амандық, бастарыңызға бақыт тілеймін!

Әз-Наурыз құтты болсын, ағайын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер