astana-view

Жасанды шектеулер Қазақстан экономикасына қалай тосқауыл қоюда?

2025 жылғы 14 Мамыр
636 просмотров

Қазақстан-Қытай шекарасының «Нұр Жолы» негізгі өткізу пунктінде жұмыс қарбалас. Шекарада жүздеген жүк көлігі тұр. Мәселе әсіресе ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айлары арасында өткір болды. Бұл кезде нақты өткізу мүмкіндігі белгіленген шектің 15% ғана болды.

Қалыптасқан жағдайға орай «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен бизнес, мемлекеттік органдар мен көлік компанияларының 140-қа жуық өкілінің қатысуымен жиын өтті. Басты тақырып CarGoRuqsat электронды кезек жүйесінің жұмысын жақсарту. Қатысушылардың пікірінше бұл шұғыл қайта қарауды қажет ететін проблема.

«Біз мемлекеттік органдардың электронды кезекті енгізу жұмысын қолдаймыз, бірақ цифрландыруға қатысты күрделі мәселелер бар. Тасымалдаушылар бақылау-өткізу пунктінің өзіне кіре алмайтындарына шағымданады – кезектердің ұзақ болғаны сонша, слотты (ескерту: броньдалған уақыт) тіпті бір ай бұрын брондау мүмкін емес. Ал, бизнес жұмыс істеп, экономикаға кіріс әкелуі тиіс», - деді ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Амрин.

Айта кетейік, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көлік саласын сынап, саладағы проблемаларды шешуді талап еткені бизнес өкілдері айтқан мәселелерді растайды.

Аталған жағдай логистикалық процестерді айтарлықтай бәсеңдетеді және сыртқы экономикаға әсер етіп, қазақстандық бизнес үшін мәселелерді туғызады. Соңғысы өз кезегінде үлкен шығынға ұшырауда. Қытай жүк жөнелтушілері Қазақстанның транзиттік әлеуетін азайтып, логистикалық инвестиция үшін елдің тартымдылығына нұқсан келтіре отырып, Ресей мен Қырғызстан арқылы ағындарды қайта бағыттауға ниетті.

Ал ағынды реттеудің ең маңызды құралы «CargoRuqsat» шекарадан өтетін көліктердің санын тәулігіне 550-ге дейін шектейді. Сонымен қатар, «Нұр Жолы» инфрақұрылымының өзі 5 есе көп (тәулігіне 2500 көлікті) өткізуге қабілетті. Бұл жасанды шектеу бір айға созылатын кезектерге әкелді.

Тағы бір мәселе – пайдаланылмаған брондаулардың жоғары үлесі – 32%-дан астам, бұл жүйенің нақты сыйымдылығын төмендетеді және тасымалдаушыларға зиян келтіреді. Бұл өз кезегінде ақылы брондау туралы өтініштердің көбеюіне алып келеді, яғни әділдік қағидаттарына қосымша соққы болып табылады. Заңға сәйкес, әсіресе маңызды жүктерге – дәрі-дәрмекке, тез бұзылатын тауарларға, тірі жануарларға басымдық берілуі керек. Іс жүзінде кез келген адам «жылдам броньға» қол жеткізуді сатып ала алады, бұл тең қолжетімділік принципін бұзады.

«Пайдаланушыларды да тәртіпке келтіру қажет, себебі шектеулі слоттар саны барлық тараптарға ортақ. Барлығы жұмыс істегісі келеді, алайда талдау көрсеткендей, броньдардың орта есеппен 20-30%-ы пайдаланылмай қалады, себебі кейбір пайдаланушылар өткізу бекеттеріне келмей қояды», – деп атап өтті «Қазақстан Республикасының ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдаушылар ұлттық қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Сайран Медеров.

Көлік саласы өкілдерінің айтуынша, мәселе тек пайдаланушыларда ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылыммен шектелген өткізу қабілетінде жатыр. «Golden Bridge Partners» ЖШС өкілдері Қытай тарапынан кіруге рұқсат беру уақытындағы кідірістер мен «КЕДЕН» ақпараттық жүйесін қолданудағы қиындықтар да кезектердің туындауына себеп болып отырғанын айтады.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы орынбасарының сөзінше, халықаралық автокөлік тасымалдарына арналған шетелдік рұқсат бланкілерін алуға қойылған жаңа талаптар да жағдайды қиындатып отыр. Атап айтқанда, Қазақстаннан шығу мерзімін 30 күнге дейін қысқарту және ШРБ көлік құралының VIN-кодына байланыстыру мәселесі бар.

Талқылаулар нәтижесінде «Атамекен» ҚР ҰКП орын алған жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі. Олардың қатарына «CargoRuqsat» жүйесіндегі жасанды шектеулерді қайта қарау, ақылы броньдарды пайдалануға бақылауды күшейту, пайдаланылмаған слоттарды нақты уақыт режимінде қайта бөлу тетіктерін енгізу және нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс тобын құру ұсыныстары кіреді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер