astana-view

Қазақстан мен Жапония: өзара құрмет пен ынтымақтастық тарихы

2025 жылғы 09 Қазан
772 просмотров

2025 жылғы 9 қазанда Алматы қаласында, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының алаңында «1945 - 1951 жылдары интернирленген жапон азаматтарының Қазақстанның индустрияландыруына қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Іс-шара 1945 жылы Семей облысының Жарма станциясына алғашқы жапон әскери тұтқындарының келгеніне 80 жыл толуына орай ұйымдастырылып, «Самурай қолының жылуы» атты кітап пен деректі фильмнің тұсаукесерімен қатар өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан мен Жапонияның ғылыми және іскер топтарының өкілдері, дипломаттар, қоғам қайраткерлері және JICA бағдарламаларының түлектері қатысты. Қатысушыларға Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы, қазақстандық тараптан Қазақстан–Жапония экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Мұрат Қарымсақов құттықтау сөзін арнады.

Өз сөзінде ол конференцияның символдық маңызын атап өтіп, 1945 - 1951 жылдары Қазақстанға интернирленген жапон азаматтарының еңбегі елдің индустриялық қалыптасуының ажырамас бөлігіне айналып, қазіргі серіктестіктің берік іргетасын қалағанын айтты:

«Бүгінгі конференция терең символдық мәнге ие. Біз 1945 - 1951 жылдары Қазақстанға интернирленген жапон азаматтарына құрметімізді білдіреміз. Олардың жанқиярлық еңбегі еліміздің индустриялық дамуының ажырамас бөлігі болды. Олар салған зауыттар, жолдар, ғимараттар мен әлеуметтік нысандар - бұл еңбектің ескерткіштері, достық пен өзара түсіністіктің нышандары. Осы тарихи парақ бүгінгі Қазақстан мен Жапония арасындағы серіктестіктің берік іргетасына айналды», - деді М. Қарымсақов.

ҚССП Басқарма төрағасы сондай-ақ Қазақстан мен Жапония арасындағы қатынастардың стратегиялық және ұзақ мерзімді сипатта екенін атап өтті. Жапония Қазақстандағы ең ірі он шетелдік инвестордың қатарына кіреді: жалпы инвестиция көлемі шамамен 8 млрд АҚШ долларын, ал жылдық сауда айналымы 2 млрд АҚШ долларын құрайды.

Қазіргі таңда Қазақстанда 60-тан астам жапон компаниясы табысты жұмыс істеуде, бұл жапон бизнесінің елімізге деген сенімі мен ұзақ мерзімді қызығушылығының айқын дәлелі.

Өз сөзінде Мұрат Қарымсақов 2025 жылдың сәуір айында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған Жапониядағы іскерлік миссия туралы да баяндады.

Қазақ делегациясы JICA, JETRO, JCCI, METI және Marubeni, Itochu, Sumitomo, Mitsui, Mitsubishi, Toyota Tsusho, Sojitz, Inpex сияқты жетекші корпорациялардың өкілдерімен бірқатар жемісті кездесулер өткізді. Миссияның нәтижесінде Қазақстан–Жапония сауда-экономикалық ынтымақтастық комитетінің отырысы өтіп, екі тараптан комитеттің тең төрағалары сайланып, болашақ өзара іс-қимылдың басым бағыттары айқындалды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, энергетика, көлік, өнеркәсіп және орнықты даму салаларындағы бірлескен жобаларды қолдауға, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға уағдаласты. Жапон тарапынан Қазақстанның Сыртқы сауда палатасына Жапонияның ШОБ-тарымен ынтымақтастық орнатуға қазақстандық компанияларды тарту бойынша серіктес болу ұсынысы жасалды.

Сонымен қатар, жапон тәжірибесін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды - кәсіпкерлікті қолдау, кадрлар даярлау және өңірлік өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасын жүзеге асыру.

Сөзінің қорытындысында Мұрат Қарымсақов атап өткендей, Қазақстан мен Жапонияны ортақ құндылықтар - еңбекқорлық, тарихқа құрмет, бейбітшілік пен дамуға ұмтылыс біріктіреді. Бұл конференция тек өткенге тағзым ғана емес, сонымен қатар жаңа буын кәсіпкерлері, ғалымдары мен дипломаттары үшін шабыт көзіне айналды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер