astana-view

Елордада отандық кәсіпкерлер кеңесі өтті

2014 жылғы 28 Мамыр
2296 просмотров

Елорданың айналасы кәсіпкерліктен кенде қалып жатыр. Мұны, бас қаланың басшысы айтты. Астанадағы 60 мыңға жуық мекеме қаланың қақ ортасында ғана кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал жас қаланың жылдан-жылға көлемі кеңейіп келеді.  

Жылына 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Алдағы бес жылда тағы 9 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтермек. Сондықтан кәсіпкерлердің елорданың ортасынан ғана емес, жан-жағынан да орын алуы тиіс. Отандық бизнестің бүгінгі жай-күйі Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жиында айтылды.     

Көлеңкелі экономиканың әлегі күн тәртібінен түспей тұр. Астананың өзінде 540 миллиард теңге жасырын жатыр. Ал осы жасырын жатқан жарты триллион теңгені түгендеп, тиісті жерге жұмсасақ қане? Басқосуда баса айтылған түйткілдің біреуі осы.  

Билбордтар. Астанада ағы, сары, қызыл, жасылы да бар. Бірі үлкен, енді бірі ықшамды. Бірақ мәселе олардың түсінде я, көлемінде емес, көптігінде де емес. Әкімнің сөзінше, түрлі-түсті біздегі баннерлерде белгілі бір ұйымның ұсынатын қызметі мен тауарларының тізімі жазылады.  

Ал Еуропада олай емес. Билбордтар - тұтынушы тартуда таптырмайтын құрал. Тәжірибеге тек таң қалмай, елордалық келбетті кескіндеуге кәсіпкерлер де кірісуі керек.   

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі: 

Мен Париждегі тәжірибені зерттедім. Ол жақта жарнама маңдайшаларының сапасымен қала әкімшілігі айналыспайды. Осы стандарттарды орнататын және қадағалайтын арнайы гильдия бар. Егер жарнама қаланың келбетіне сай келмесе, олар тиісті хат жазады. Бізге де осы жүйені енгізу керек. Алда қалаға 16 жыл толады және оның келбетін тек қалалық саябақтар, алаңқайлар мен ғимараттар ғана ашуы тиіс емес, оған жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері де атсалысуы тиіс.  

«Алма піс, аузыма келіп түс». Иә, ол заман өткен, кеткен. Қазір кіл мықтының ғана, бәсекеде бүйірі шығады. Елордада 56 мыңдай мекеме бар. Кәсіпкерлікпен айналысады. Шағыны, орта бизнесі де бар. Жылына тонналап тауар шығарады.

Тек жыл басынан бері шағын және орта бизнесті дамыту үшін банктен бас-аяғы 53 млрд теңге несие алыпты. Бірақ сан емес, әсте сапа есте жүрген жөн. Өйткені тұтынушы тауарды яки қызметті емес, сапаны сатып алады.   

Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы:

Бизнестің жаңа бағыттарын ашқанымыз абзал. Бұл тұста, тек мемлекетке ғана емес, кәсіпкерлерге де артылар жүк ауыр. Өйткені бас шаһарда өтетін ЕХРО-2017 көрмесінің табысты өтуі - тікелей кәсіпкерлердің қызметіне байланысты.

Кәсіпкерлерді мазалайтын мәселелер маңызды жиындарда жиі айтылады. Енді қалалық әкімдікте арнайы терезе ашылады. Онда құжаттарды рәсімдеу жеңілдейді, уақыт үнемделеді.

Айтпақшы, басқосуда тек бас қаланың басшылығы сөйлеген жоқ, бизнесмендер де мұң-мұқтажын жеткізді. Несие аларда талай мекеменің табалдырығын тоздырады, құшақтарын құжаттарға толтырады. Бұл - бір мәселе.

Екіншісі - өндірістік орындардың жоқтығы өнімді еселеуге кедергі. Мемлекеттен көмек керек. Өйткені қолдау барда сапа болады. Ал сапалы өнім сиқырлы көк қағазға қарық қылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер