СҚО кәсіпкерлерінің бірінші конференциясы
Петропавлда өңір кәсіпкерлерінің бірінші конференциясы өтті. Жиында мемлекет тарапынан ұсынылған шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламаларын солтүстікқазақстандықтардың пайдалануы төңірегінде әңгіме өрбіп, алда атқарар жұмыстар нақтыланды. Алқа отырысында сондай-ақ маусым айында Елордасы Астанада Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін кәсіпкерлердің бірінші республикалық конференциясына делегаттар сайланып, облыстық әкімдік пен кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы арасында өзара әріптестік пен келісім туралы меморандумға қол қойылды. Конференция жұмысына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
Шағын жәні орта бизнес ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Бұл ретте аталмыш салаға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Кәсіпкерлікті дамыту біріншіден, бәсекелестікке төтеп беретін отандық тауар шығаруға мүмкіндік берсе, екіншіден, елдегі жұмыссыздар деңгейінің төмендеуіне жағдай жасайды. Өз ісін ашуда теріскейліктер де заман ағымынан қалыс қалып отырған жоқ. Бүгінгі таңда өңірімізде тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған 25 мыңнан астам бизнес субъектілері бар. Олар қазіргі күні 100 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтардың напақаларын табуына жағдай жасауда. Алайда бұл көрсеткішті одан әрі дамыту керектігін атап көрсетті өңір кәсіпкерлерінің 1-ші конференциясын ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:
- Бүгінгі міндет - кәсіпкерлікті барынша қолдау. Бизнес өкілдеріне мемлекет басшысы Н.Назарбаев әрқашан өз қамқорлығын көрсетеді. Сондықтан бүгінгі жиында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына тежеу салып тұрған мәселелерді ашық айтуды ұсынамын. Бүгінде жергілікті кәсіпорындардың әлеуеті жоғары. Сондықтан, мен облысымыздағы жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемінің көрсеткішін орташа республикалық деңгейге яғни, 15 мың долларға жеткізу міндетін қойып отырмын. Шағын кәсіпкерлік нысандарынан бөлек, облыста ірі зауыттар бар. Біз бұл кәсіпорындардың қызметін жаңғырту үшін «Қазақстан темір жолы» мен «Самрұқ-Қазына» арқылы бірқатар тапсырыстар жасағанымыз белгілі. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Бірақ осы ірі өндіріс ошақтарының айналасындағы шағын кәсіпкерлік нысандарын ұмытпау қажет. Бизнестің дамуы халықты еңбекпен қамтып, жерлестеріміздің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан, осы жиында негізгі жұмыс бағыттарын белгілеп алуымыз қажет.
Облысымыздағы шағын және орта бизнес субъектілері жыл өткен сайын қанатын кеңге жайып, өнім өндіру көлемін арттыру үстінде. Былтырғы жылы көрсеткіш 3,5 пайызға өсіп, 295 миллиард теңгеге жеткен.
Нелли Кукушкина, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:
-Өткен жылы кәсіпкерлердің шығарған жалпы ішкі өнімі 747,5 миллиард теңгені құрады. Оның басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Олардың үлесі 23,6 пайызды құрайды. Аталмыш саладан мемлекет қазынасына түскен салық 34 миллиард теңгеден асады. Ол бюджетке түскен жалпы түсімнің 63 пайызына тең.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұрғысында кездесетін қиындықтар да жоқ емес. Бұл ретте ұлт көшбасшысы ол олқылықтардың алдын алу үшін бизнес нысандарына тексеріс жүргізуге мораторий жариялады. Алайда өз ісімізді өркендетуде түрлі тексерістерден бөлек, тұсау болар кедергілер де жоқ емес дейді бизнес өкілдері.
Отырыста сондай-ақ бұдан басқа да түйткілді мәселелер көтерілді. Олардың барлығы еңсерілсе, онда аталмыш саланың тынысы одан әрі кеңейері анық. Жиында айтылған ұсыныстар мен талап-тілектер маусым айының үшінші тоқсанында Елордасы Астанада Ұлт көшбасшысының қатысуымен өтетін отандық кәсіпкерлердің 1 конференциясында қарастырылатын болады. Оны алқа отырысында біздің өңірден қатысатын делегация мүшелері көтермек. Олардың жалпы саны төртеу. Өңірлік конференция соңында облыстық әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық пен келісім жөніндегі екі жақты меморандумға қол қойылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: