astana-view

Жаңа басшының алғашқы жұмыс күні

2014 жылғы 30 Мамыр
2636 просмотров

Өңір кәсіпкерлерінің конференциясына қатысудан басталып, көкейтесті мәселелерді ашық талқылауға, өзара іс-қимыл меморандумына қол қоюға ұласты.

Облыстың жаңадан та­ғай­ын­далған әкімі Ерік Сұлтанов алғашқы жұмыс күнін орта және шағын бизнес өкілдерімен кездесуге арнады. Жергілікті кәсіпкерлердің конференциясында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Елбасының шағын және орта бизнесті Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралына айналдыру талабын қойғанын айта келіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды. Бүгінде өңірде жұмыс істейтін 25 мыңға жуық бизнес субъектілеріне жүз мыңнан астам солтүстікқазақстандық тартылған. Былтыр бұл саладағы өсім 3,5 пайыз­ды құрап, 295 миллиард теңге болған. Ішкі жалпы өнім 747,5 миллиард теңгеге жетсе, төрттен бір бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі. Салық төлемдерінің 63 пайызын кәсіпкерлер құйған.

Бұл көрсеткіштердің жет­кі­ліксіздігін алға тартқан Ерік Хамзаұлы өнім көлемін мо­лай­тудың, сапасын жақ­сар­тудың, тежеу салатын бюрократтық ке­дер­гі­лерді жоюдың жолда­рын ашық айтуды ұсынды. Ішкі-сыртқы экономикалық резервтерді қарас­тыра отырып, облыстағы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткішін респуб­лика­лық орташа деңгейге, яғни 15 мың долларға жеткізу мінде­тін қойды. Бұл орайда ірі кәсіп­орын­дардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызы зор. Олар­дың қызметін жаңғырту үшін «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы ҰҚ» арқылы бірқатар тапсырыстардың орындалғаны белгілі. Бұл жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табатын болады. Әлеуеті жоғары өндіріс орындары жанындағы шағын кәсіпкерлік нысандарының жаңа желісін құруға қарқын берген жөн. Тұтастай алғанда, шағын және орта бизнесті өркендету арқылы облыс тұрғындарының өмір сапасын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор мүмкіндіктер тудырылаты­нын бір сәт те естен шығармауы­мыз керек. Сондықтан, бүгінгідей келелі жиында негізгі бағыттарды белгілеу артықтық етпейді.

Конференцияда баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлер палатасының төрайымы Нелли Кукушкина, жарыссөзге шыққан шешендер бизнес нысандарына тексеріс жүргізуге мораторийдің жариялануы кәсіпкерлер үшін оң ахуал орнықтырғанын қанағат сезіммен атап өтті. Алайда, бәсекелестікке төтеп беретін орта қалыптастыру, рынок көздерін кеңейту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, құжаттарды рәсімдеу бағыттарында кездесетін кедер­гілер әлі аз емес. Аймақтық кәсіп­керлер палатасының мүшесі Алек­сандр Казанцев жарық көздері­мен жабдықтаудағы қиындық­тарды айтса, «Арқалық» шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбай Барлыбаев мемле­кет­тік экологиялық сараптама алудың жеңілдетілген жолдарын қарастырса деген өтініш білдірді. «Солтүстік Қазақстан құрылысшылар ассоциациясы» бірлестігінің атқарушы ди­рек­торы Сергей Калинин кәсіптік-тех­никалық оқу орындарын бітірген түлектердің жартысына жуығы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейтінін, жас мамандардың тұрақтамауының ­бас­ты себебі жалақының төмендігіне тірелетінін жеткізді.

Жамбыл ауданынан келген жеке кәсіпкер Екпін Әбиев мін­беге арнайы көтеріліп, екі мә­селені жиналғандар назарына ұсынды. Біріншісі – банктермен кәр­тішке арқылы есеп айырысуда ұсталынатын пайыздық төлемнің тым көптігі болса, екіншісі – тен­­дердегі қиғаштықтар. Мен ұн өнім­дерін тендерді ұтып алған Но­воишимка элеваторынан ала­­мын. Арақатынастың тым шалғай­лығына байланыс­ты қа­­тынау қиын, жұмсалатын шығын көп. Сол себепті 45 теңге тұра­тын бір бөлке нанның баға­сын қым­бат­татуға мәжбүрмін. Іргеміз­де Мамлют ұн үгу мекемесі тұр. Қуат­тылығы жоғары, өнім сапасы жақсы. Соған неге бекітіп бермеске?

Алқалы басқосуда шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жеңілдікті бағдарламаларға белсене атсалысу төңірегінде де салиқалы әңгіме өрбіді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі айтылған ұсыныстар мен өтініштердің аяқсыз қалмай­тынына, тиісті орындарға жеткі­зілетініне сендірді. Кәсіпкерлерді Елбасы тапсырмаларын орындауға бір кісідей жұмыла еңбек етуге шақырды.

Облыстық әкімдік пен Кәсіп­керлер палатасының өңірлік филиалы арасында тиімді әріптестік пен ынтымақтастықты одан әрі ны­ғайту жөніндегі меморандумға қол қойылып, маусым айында Пре­зиденттің қатысуымен өтетін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының І съезіне делегаттар сайланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер