astana-view

Еуразиялық экономикалық одақ үш елдің дамуына жаңа серпін береді

2014 жылғы 30 Мамыр
2676 просмотров

Мамырдың 29-ы Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа салтанатты түрде қол қойған болатын. Үш ел Президенттерінің қатысуымен өткен Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында маңызды құжат төңірегінде келелі ойлар ортаға салынды. Айтулы оқиғаны қалт жібермеген солтүстікқазақстандар маңызды құжат ежелден бауырлас мемлекеттердегі тату қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге ерекше әсер етеді дейді. 

Қазақстан, Ресей мен Белоруссия мемлекеттері басшылары ортақ мәмлеге келіп, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қоюлары  -  тарихи оқиға. Отандық бизнес өрісін кеңейтіп, елдің әлеуетін, тұрмыстық жағдайын жақсарту тұрғысында Ұлт көшбасшысының ұсынған идеясын Ресей мен Белоруссия президенттері құп алды. Себебі үштіктің экономиканы дамытуда кім-кімге болмасын тиімді екендігін осыған дейін құрылған біріңғай кедендік одақтың өзі дәлелдеп берді. Ал жаңа құжат ол жетістіктерді жаңа белеске шығаруға мол мүмкіндік берері сөзсіз дейді солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер.

Сайран Хамзин, жеке кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты:

-Еліміз үшін тағы бір тарихи оқиға орын алды. Ол Қазақстан, Ресей, Белоруссия мемллекеттері арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі құжатқа қол қойылуы.Кәсіпкер ретінде айтарым, ол біздерге өз ісімізді өрістетуде мол мүмкіндік береді. Мәселен компаниямның құрылғанына 15 жыл. Содан бері Қазақстан нарығында пәтерлерді жалға беру жұмыстарымен айналысып келеміз. Ісімізді Ресей Федерациясында да ашуды жоспарлағанбыз, алайда оларда тіркеу туралы номер мен лицензия алу қиын болды. Ал қазір оның бірі де керек емес. Себебі үш мемлекет арасында шағын және орта бизнесті дамыту туралы ортақ құжат қабылданып отыр.

Ұлт көшбасшысы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяны осыдан 20 жылбұрын көтерген болатын. Осы уақыт аралығында ол жан-жақты екшеліп пісіп-жетілді. Басты құжатта көзделген мақсат бір, ол үш елді де экономикалық белсенділікке, биіктікке, жетістіктерге жеткізу. Одан халықтың ахуалы артпаса, кемімесі анық.

Нелли Кукушкина, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылғаны әсіресе біздің өңіріміз үшін өте тиімді. Себебі біз Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқанбыз. Ендігі жерде өз өнімдерімізді экспорттау көрсеткіші артары сөзсіз. 2010 жылы кедендік одақ құрылған шақта Ресейге тауар өткізу көрсеткіші 560 миллион АҚШ долларын құраса, өткен жылдың қорытындысы бойынша ол сома 800 миллион доллардан асты. Сыртқа шығарылатын тауарларымыздың дені ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Құжаттың бекітілуі аграрлық аймақ үшін жаңа белестер ашпақ.

Кәсібі бардың, нәсібі бар. Қазақстан, Ресей, Белоруссия арасында еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келесімге қол қойылып, мөрмен бекітілді. Бұл сауда-саттық жасаймын, тіршілік етемін деген адамдардың өрісін кеңейтері сөзсіз. Ол шағын және орта бизнес  саласы ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне  айналатындығының кепілі.

Дерекнамасы: МТРК


Еншілес ұйымдар

Серіктестер