astana-view

«Самұрық-Қазына» өткізетін тендер тексеруші комиссия құрамына кәсіпкерлер енеді

2014 жылғы 19 Маусым
3190 просмотров

Бұдан былай «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры өткізетін тендердің тазалығын тексеретін комиссияның құрамына кәсіпкерлер де енеді. Бүгін Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Самұрық-Қазына» басшылығы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Аталған құжат отандық тауар өндірушілерді, жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдаудың стратегиялық механизмі ретінде ұзақ мерзімдік келісім-шарттар жасасуды белсенді қолдануды көздейді. Қор компаниялар тобы соңғы бірнеше жылда өндірушілермен ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасу тәжірибесін жиі қолданып отыр. 

Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында жасалған осындай ұзақ мерзімді келісім-шарттардың жалпы сомасы 1 триллион теңгеге жуықтады. Әрі осы шарттарды 10 жыл мерзімге дейін ұзарту мүмкіндігі бар. 

Тимур Құлыбаев, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы: 

Осы келісімнің арқасында «Самұрық-Қазына» Қорының сатып алулар жүйесі отандық компаниялар-өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге қолжетімдірек болады. Меніңше, бизнесті қаржыландыру айқындық, ашықтық пен саналылық қағидалары бойынша жүргізілуі керек. Комиссия құрамына кірген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, соның ішінде әр өңірде тендер шараларын өткізу ісіне бизнес қауымдастық тарапынан бақылауды күшейтеді. 

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ» ҰАҚ басқарма төрағасы: 

2010 жылы тауар, жұмыс пен қызмет түрлеріндегі қазақстандық үлес 50 пайызды құраса, нақты шаралар арқасында 2013 жылы ол 70%-ға дейін жоғарылады. Қызметтерден гөрі, тауар сатып алуда бірқатар проблема бар. Өйткені, біздің компаниялар жоғары сапа халықаралық стандартты талап етеді. Ал, кәсіпкерлер бұл үдеден шыға алмауда. Ұзақ мерзімді келісім-шарт механизмі оларға инвестиция тартып өз жұмысын реттеуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Осының барлығын Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп пысықтаймыз. 

Дерекнамасы: Астана ТВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер