Бизнесі мықты ел биіктерді бағындырады
Елімізде Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпін бергені сөзсіз. Аз уақыттың ішінде аталған ұйым ауқымды істерді еңсеріп те үлгерді. Ал, үстіміздегі жылдың 25 маусымында Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы съезін өткізу жоспарланып отыр. Съезд қарсаңында Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Асан Әнуарұлы, Қазақстанның бизнес қауымдастығы алдағы өтетін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы съезіне қызу дайындық үстінде. Құрылғанына әлі бір жыл тола қоймаған бизнес-қауымдастық туралы кәсіпкерлер көкейінде әлі де көптеген сауалдар бар. Осы орайда, кәсіпкерлер палатасының мақсат-міндеттері туралы тағы бір мәрте нақтылап кетсеңіз.
– Әлемдік тәжірибе ел экономикасын жаңа белеске көтерудің бір жолы – бизнесті дамыту екендігін көрсетіп отыр. Бизнесі дамыған елдер биіктерді бағындырған елге айналды. Сол дамыған елдермен тереземіз тең болу үшін бізге де бизнесті дамыту міндеті тұр. Бүгінде еліміздің ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 20 пайыздай ғана болса, енді ол 50 пайызға дейін жетуі тиіс. Сондай жағдайда ғана біздің экономикасы тұрақты мемлекет болатынымызды айтқан еді Президент. Елбасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру туралы тапсырма беруі де осы кәсіпкерлік саласындағы қордаланған көп проблемаларға қатысты туындаған деп ойлаймын.
Ал, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл коммерциялық емес, өзін-өзі басқаратын ұйым, бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде даму үшін жағымды жағдайлар құру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерін біріктіреді. Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Жамбыл облысындағы өңірлік палатасы жоғарыда айтылған мақсат-міндеттерді басшылыққа алып, жұмыс істейді. Бүгінгі таңда облысымыздың барлық ауданында палата филиалдары ашылып, жұмыс істеуде.
– Жақсы. Ал, енді осы уақыт аралығында кәсіпкерлер палатасы өз жұмысының тиімділігін қаншалықты дәлелдей алды? Нендей нәтижеге қол жеткіздіңіздер? Яғни, палата құрылғалы бергі мерзімде атқарған жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Қысқа мерзім арасында өңірлік палатаның құрылымы қалыптасып, бірқатар жұмыс атқарылды. Облысымыздың әр ауданындағы өкілдеріміз бизнес жағдайын зерттеп, кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, кеңес беріп, көмек көрсетуде. Шалғай аудандарда мұндай көмек аса қажет. Осы мақсатпен біз өз күшімізбен «Кәсіпкерлер палатасы» атты газет шығарып, онда бизнес үшін маңызды мәселелер көтеріп, пікір алысып жатқан жайымыз бар.
Кәсіпкерлер құқығын қорғайтын кеңес құрылып, оның отырыстарында 23 кәсіпкердің арыз-шағымдары қаралды. Қолданылған шаралар нәтижесінде шағымданушылар 50 млн. теңге көлемінде негізсіз тағайындалған төлемдерден құтқарылды, Байзақ ауданындағы «Достық-99» шаруа қожалығынан заңсыз алынған 756 гектар жер телімін кері қайтару мәселесі шешілу үстінде.
Кәсіпкерлер палатасы «Бастауыш кәсіпкерге арналған 100 бизнес-жоспар», «Жамбыл облысының Өңірлік бизнес картасы» анықтамаларымен жұмыс атқаруда. Туризм саласын екінші үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасының басымдылық білдірілетін секторларына енгізу туралы ұсыныстар жасалды. Жастардың мамандық алып, жұмысқа орналасу мәселесіне де палата басты назар аударуда. Осы мақсатпен 64 мекеменің еңбек қажеттілігі зерттеліп, вакансиялардың және сертификаттары бар салалық мамандардың бірыңғай базасы дайындалды. Қазіргі таңда ол базада 1047 азаматтың анықтамасы бар.
Кәсіпкерлер палатасымен атқарылып жатқан басқа да жұмыстар баршылық. Мәселен, бизнес-қауымдастығын шоғырландыру, мемлекеттік қызметтерге мониторинг жүргізу, бизнеске кедергі болатын себептерді анықтау, консультативті-кеңестік органдарға ұсыныстар дайындау, тағы басқа. Ендігі жерде кәсіпкерлерге сервистік көмек көрсету ісінде кәсіпкерлер палатасы өз міндетіне алып отыр.
– Кәсіпкерліктің дамуына көлеңкелі бизнестің тигізіп отырған зардабы да аз емес. Осы тұрғыда облыс экономикасына көлеңкелі экономика қаншалықты әсер етуде? Кәсіпкерлер палатасының бұл мәселеге көзқарасы қандай?
– Кәсіпкерлер палатасы – көлеңкелі бизнеске қарсы. Біз заң талаптарын сақтап, ашық әрі жариялы түрде жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ғана қолдаймыз. Көлеңкелі бизнестің облыс экономикасына тигізіп жатқан зардабы туралы бір ғана мысал айта кетейін. Жалпы облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандары туралы нақты мәліметті айту қиын. Себебі, статистика, әділет, салық департаменттерінің берген мәліметтері әртүрлі. Көп жағдайда бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Оның түрлі себептері де бар. Ал, ірі кәсіпкерлік нысандары туралы да осындай жағдай қалыптасып отыр. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі бізге министрлікте ірі қаржы айналымдарымен тіркелген 43 ірі компанияның тізімін жіберді. Кәсіпкерлер палатасының жедел тобы аталған тізім бойынша нақтылау жұмыстарын жүргізген кезде оның 20-сы ғана шын мәнісінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Ал, қалған 23 нысанның бар-жоғын анықтау мүмкін болмады. Алайда, ол компаниялар арқылы аталған министрлікте ірі қаржы айналымдары тіркелген.
– Елбасы Жарлығымен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнеске жарияланған мораторий Ұлттық кәсіпкерлер палатасының нәтижелі жұмысының жемісі деп айтсақ та болатын шығар. Ол саланың дамуына қаншалықты серпін береді?
– Бұл мораторий бизнеске қандай мүмкіндіктер береді? Бірінші кезекте, әкімшілік жүктемелерді азайтады. Статистика бойынша 2013 жылы 200 мыңға жуық тексерулер болған. Жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейдегі барлық бақылаушы органдармен орта есеппен осыншама тексерулер жүргізіледі. Бұл ретте тексерулер бір айдай уақытқа созылады, ал бұл өз кезегінде үлкен шығындарға алып келеді.
Себебі, тексерулер кәсіпкерліктің дамуына үлкен тежеу жасайды. Мәселен, былтырғы жылы Мойынқұм ауданындағы «Мыңарал-Тас-Компани» кәсіпорнында жеті ай бойы тексеріс толастамаған. Оның ішінде 3 рет төтенше жағдай департаменті, 2 рет метрология мекемесі тексерсе, жол полициясының тексерулері 20 күнге созылған. Ал «Запчасть» акционерлік қоғамына тоғыз айдың ішінде 12 рет тексеру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, «Қазақстанның үздік тауары – 2013» байқауында марапатқа ие болған «База-Сервис» ЖШС жұмысын экологтар екі мәрте тексеріп, 300 мың теңге көлемінде айыппұл салған және қоршаған ортаға зиян келтірдің деген себепппен 13 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге талап қойылған.
– Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы съезінен не күтесіз?
Бұл жиында республикамыздың әр өңірінен сайланған делегаттар жергілікті жерлерде кәсіпкерліктің дамуына тежеу болып отырған көптеген мәселелерді көтеріп, Елбасы назарына жеткізеді деген ойдамын. Съезд жұмысына бизнес пен биліктің қатысуы өңірдегі кәсіпкерліктің дамуында маңызды болып келетін мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп, кіші және орта бизнесті қолдауға бағытталған тәжірибелік ұсыныстар мен шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді деген сенімдемін.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында шешімін күткен шаруа көп. Ал, ол проблемаларды шешу жолдарын қазір қарастырмасақ онда ел экономикасының дамуына үлкен тежеу жасайтынымыз сөзсіз.
Ең алдымен халықтың бизнеске деген қызығушылығын арттыру қажет. Егер біз жас кезімізден бастап шенеунік болуды емес, кәсіпкерлікпен шұғылдануды көздесек онда бұл олқылықтың орны толар еді. Сонда ғана сіз бен біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан табыстың тайқазанын қайнатқан әлеуетті елге айналады. Ендеше, егемендігіміз баянды, еліміз бай болсын десек, бизнесті дамытуда бірлесе әрекет етейік!
Дерекнамасы: Ақ жол
Пікір қалдыру:
Пікірлер: