astana-view

ҰКП бизнестің мүддесiн қорғау мiндетін толық орындап отыр – Т.Құлыбаев

2014 жылғы 25 Маусым
2043 просмотров

ҰКП Қазақстан бизнесiн шоғырландыру, оның мүддесiн қорғау сынды мiндеттерді толық орындап отыр. Бұл туралы бүгiн Ұлттық кәсiпкерлер палатасының I съезi барысында палата төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлiмдедi, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Бiз Ұлттық палатада 116 қауымдастықты аккредиттедiк. Бұл қауымдастықтар комитет төрағаларын сайлады. Олар төралқа құрамына кiредi. Сонымен қатар, төралқа құрамында парламент депутаттары, қоғамдық ұйым мүшелерi, бизнес өкiлдерi бар. Басқарма құрамына тәжiрибелi, кәсiпқой, мемлекеттiк қызмет саласында, бизнес құқықтарын қорғау саласында еңбек еткен азаматтар енді. Басқарма өз жұмысына кiрiсiп те кетті», - дедi Т.Құлыбаев. 

«Бiз жұмысты белсенді түрде қолға алдық. Өткен уақыт iшiнде республикалық деңгейде бизнес мүддесiн қорғау бойынша Үкiметпен жұмыс істеу жүйесi қалыптасты. Президент жанындағы Инвесторлардың ұлттық кеңесi құрылды. Кәсiпкерлік мәселелерi бойынша ведомствоаралық комиссияны ҚР Премьер-министрi басқарады. Оның бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев кәсiпкерлiк бойынша комиссия жұмысын жүргiзіп отыр. Бiз салалық министрлiктер, ведомстволар жанынан жұмыс топтарын құрдық. Кәсiпкерлер құқығын қорғау жұмысы сәттi басталды деп есептеймiн. Бұл мақсатта Бас прокуратура, қаржы полициясымен республикалық және аймақтық деңгейлерде келiсiмдерге қол қойылды. Кәсiпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңестер өз жұмысын бастап, бүгiнгi күнi оларға 2 мыңнан астам өтiнiш түскен. Оларды құқық қорғау органдарымен бiрлесе отырып қарап жатырмыз», - деп толықтырды ол.

Ол кәсiпкерлерге тексерiс жүргiзуге мораторий жарияланғанын атап өтіп, съезд қатысушыларын өңiрлерде жүргiзiлiп жатқан жұмыстармен таныстырды. 

«Бүгiнгi күнi Қазақстан бизнесiн шоғырландыру, iрi және орта, шағын бизнес мүддесiн қорғау сынды Ұлттық палата алдына қойылып отырған мiндеттер толыққанды iске асырылып жатыр. 9 айдың iшiнде жұмысымыз сәттi жүргiзiлді деуге болады және оны бiз жалғастыра береміз», - деп түйiндедi ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер