Қазақстанда кәсіпкерлер үшін салық рақымшылығы жарияланбақ
Бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов тиісті сала басшыларына салық рақымшылығын енгізуді ұсынды.
Яғни салық кодексіне түзету енгізіліп, кәсіпкерлерге 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін салынған барлық айыппұлдар жойылуы тиіс. Әңгіме 195 млрд. теңге төңірегінде өрбіді. Үкімет басшысы аталған рақымшылық кәсіпкерлердің кәсібінен нәсіп табуға бірегей мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Кәрім Мәсімов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелерiне отандық бизнестi дамыту мен қолдау бойынша үлкен мiндеттер қойылып отырғанын жеткізіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-Министрі:
- Аз уақыт iшiнде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, ең бастысы, маңызды экономикалық мәселелердi талқылауға белсене атсалысып жатқандарыңыз көңiл қуантады. Үкiметтегi маңызды мәжiлiстер мен отырыстар сiздердiң қатысуларыңызбен өтуде. Сіздердің тікелей қатысуларыңыз бен әкімшілік барьерлерді төмендету, реттеуші саясатты жетілдіру жүргізілуде. Ұлттық палата осы мәселелерді жүйелі шешудегі жауапкершілікті кәсіби түрде танытты.
Абылай Мырзахметов, ҚР ҰКП басқарма төрағасы:
- Бүгін елімізде Ұлттық палатаның тарихындағы I құрылтай съезі болып өтті. Съездің алдында барлық өңірлерді аралап шықтық. Өздеріңіз білесіздер, кәсіпкерлердің проблемалық реестері құрылған. Ең бастысы – қаржының жетіспеуі. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлердің жергілікті жерде несие алу мен кепілдік жағынан қиындық туындауда. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге алудың өзіне де кепілдік керек. Сондықтан бұл – өзекті мәселе.
Дерекнамасы: 24KZ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: