astana-view

Қазақстан кәсіпкерлері Ұлттық палатасының алғашқы съезіне 260 делегат қатысты

2014 жылғы 25 Маусым
2780 просмотров

Отандық бизнесті дамыту. Кәсіп иелерін қолдап-қорғау. Әл-ауқатымыздың артуына үлес қосып, ішкі өнімдегі үлесті еселеп арттыру. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мойнына осындай салмағы батпан жүктер артылып отыр. Бүгін Қазақстан кәсіпкерлері Ұлттық палатасының алғашқы съезінде бұл міндеттер жан-жақты қаралды. 

Жиынға қатысқан Үкімет басшысы Президентіміз ел дамуында отандық бизнестің рөліне айрықша сенім артатынын атап өтті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру туралы бастама қолдау тапты. Енді осы қолдаудың үдесінен шығып артылған сенімді ақтау - кәсіп иелеріне сын. Тәуелсіздік сарайында өткен жиынға Базаркүл Отыншиева да қатысып қайтқан еді. 

Қазақстанның әр түкпірінен Астанаға жеткен 260 делегат алып сарайды бетке алған. Қыркүйекте дүниеге келіп, жылға жетпейтін уақыт ішінде барлық құрылымдық-ұйымдастырушылық шаруаларды «қанттай» еткен ауқымды палата тұңғыш құрылтайын өткізбек. Бұл олардың елдегі маңызды экономикалық мәселелердiң басы қасынан табылуға деген батыл қадамының айғағы. "Мұндай ұйым қажет пе өзі, бізге нақты не береді?" Осы күнге дейін осындай сан сауалды арқалап күпті көңіл-күйде болған бизнес иелері енді ары қарайғы қадамды өздері айқындамақ. 

Исламбек Салжанов, кәсіпкер: 

Сенім білдірмеген кәсіпкерлер де болды, жасырмаймын, неге ол ақша жинайды, пайдасы бар ма, жоқ па деп, мысалы, бірақ та осы бір жылға толмайтын уақытта көздері жетті. Неге десеңіз, әр адам жеке өз мәселесін шеше алмайды, сол сияқты кәсіпкерлер де Ұлттық палата атынан барса, билік үкімет қабылдайды, шешімін табады мәселесі, осы ретте кәсіпкерлер палатасының болашағы барына көзі жетіп үлесін қосып жатыр. 

Осыдан екі-үш жыл бұрын ауыл кәсіпкері мұндай шағымды жиі айтатын. Жағдай көтеріліп қазына қоржыны қампайды десек те, шағын бизнесін дөңгелеткен жанның банкке жәутеңдеуі тиылмай келеді. Ауылдағы ағайыннан сүйінші сұрайтын бір жайт - енді мұндай шағым азаймақ. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бауырлас түрік елінің тәжірибесіне сүйене отырып, шаруаның кепілсіз несиеге оңай қол жеткізуін қамтамасыз етуді қол алмақ. 

Абылай Мырзахметов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы: 

Тек сенімхат арқылы 90 пайызға дейін кепілсіз несие беріп отыр. 20 жыл істеген Түркияда. Осындай қордың қазір 5 пайызы ғана қайтпаған. 95 пайызы қайтып отыр. Сондықтан бұл өте жақсы тәжірибе. 

Ауыл кәсіпкерлерінің несиеге қолы оңай жетуі керек деген қағиданы Үкімет басшысы да қос қолдап қолдайды. Мәселені шешу бойынша нақты ұсыныс енгізуді өз орынбасарына табандап тапсырды. 

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі: 

Бақытжан Әбдiрұлы, Сiзге даму институттары несиелiк ресурстарының қолжетiмдiлiгi бойынша мүделлi тараптардың барлығының қатысуымен жеке жиналыс өткiзудi, бiр ай iшiнде Үкiметке бұл мәселенi шешу бойынша ұсыныстар енгiзуді тапсырамын. 

Үкімет басшысы жеткізген тағы бір жағымды жаңалық - кәсіпкерлердің салық бойынша борышына рахымшылық жариялау туралы жоба қолға алынғалы отыр. Кәсіпкерлер кейбір айыппұлдарды төлеуден де босатылады. Рахымшылық жарияланатын міндетті төлемдердің мөлшері болжам бойынша 195 миллиард теңге. 

Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі: 

Салық органдарында 2013 жылдың 1 қаңтарына есептелген, алайда 2014 жылдың басына дейін төленбеген салық үшін өсімақы мен айыппұлдардан босату жоспарлануда. Мұндай рахымшылық шарасы кәсіпкерлердің осы қаржыны бизнесін кеңейтуге жұмсауына жол ашады. 

Соңғы уақытта жабайы базарлардың орнын заманауи сауда орталықтарымен алмастыру күн тәртібінен түспей жүр. Алматыдағы көтерме базарлардың тынымсыз өртке орануынан талай кәсіп иесі жапа шекті. Наразылық танытып, жолды жапқаннан өзгеге қауқары жетпеген саудагерлердің үні кәсіпкерлер палатасының құлағына жетті. Ұйым базарларды мәжбүрлеп көшіруге қатысты асығыс шешім қабылдамау жөнінде Үкіметке, қала берді жергілікті әкімдерге ұсыныспен шыққан. 

Нұржан Әлтаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары: 

Базарларды көшіргенде, әкімдер билік күшпенен көшіріп жатады, біздің ойымызша, Қазақстан бойынша бір бағдарлама жасалу керек. Оның ішінде ол базарларда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер бар, соларға көмек көрсетілу керек. 

Абылай Мырзахметов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы: 

Қазір бұл мәселені біз егжей-тегжейлі қарап жатырмыз, барлық өңірден ақпарат жинап, бір ай ішінде бірінші вице-премьер Сагынтаевтың қатысуымен, әкімдермен селекторлық жиын өткізіп осының нақты жауабын іздеп, басты мәселе немесе біз қазір тоқтатуымыз керек, егер жағдай болмаса.  Ана базарды жабу үшін алдымен жағдай жасап алайық халыққа, көшірейік, сосын барып жабайық, бізде, өкінішке орай, бір жағын дайындамай, екінші жағын жауып жатамыз, ол нанын тауып бала-шағасын асырап отырған адамдарға қиыншылық тудырады. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тұңғыш съезінде Премьер-министр индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғанын тағы бір рет еске салды. 4 басым бағытты атады. Алдымен, ұлттық саланы дамыту маңызды деді. Ұлттық сала дегеніміз мұнай-газ, тау-кен секілді макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін, елiмiзге ақша әкелiп бюджетiмiз бен Ұлттық қорымызды толықтырып отырған сектор. Ары қарай дамыта беру еш талас тудырмайды. 

Геологиялық барлау және табиғи ресурстарды игеруде мемлекеттік сатып алуға қатысудың жаңа мүмкiндiктерiн қарастыратын заң жобасын Парламент қарап жатыр. Мұнан бөлек, палатаның иығына өңдеуші кәсіпорындарды дамыту, туризмді өркендету, жекешелендірудің екінші толқынын лайықты өткізу секілді салмақты міндеттер артылмақ. 

Дерекнамасы: Астана ТВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер