КӘСІПКЕРЛЕРГЕ САЛЫНҒАН АЙЫППҰЛ КЕШІРІЛЕДІ
Қазақстанда мүлік рақымшылығымен бірге тағы бір амнистия жүреді. Оның барысында кәсіпкерлерге салынған айыппұлдар кешіріледі!
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Ұлттық кәсіпкерлердің тұңғыш съезінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігіне тиісті заң жобасының қабылдануын қамтамасыз етуді жүктеді.
– Үкімет салықтық амнистия жүргізу жөніндегі бастамамен шықты, – деді Кәрім Қажымқанұлы. – Салық органдарында 2013 жылдың 1 қаңтарында есепте тұрған, бірақ 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін төленбеген өсімақы-пенялар мен айыппұлдардан бизнесті босату жоспарлануда. Осы рақымшылықты өткізу кәсіпкерлерге босаған қаражаттарды бизнесін дамытуға және кеңейтуге бағыттауға мүмкіндік береді, – деген Премьер өзінің орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа тапсырма берді: «Салық кодексіне қажетті өзгерістер мен толықтырулардың қаралуын және қабылдануын қамтамасыз етуді жүктеймін!»
Үкімет сондай-ақ билікке керекті салалық зерттеулер жүргізуге Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырыс бермек. Бұған қоса, оны мемлекеттік стандарттар мен регламенттерді әзірлеуге қатыстыруға ұйғарыпты. Осы орайда Үкімет жетекшісі кеше Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін, осы палатамен бірлесіп, бір ай ішінде ҰКП-ға кіретін ұйымдар мен қауымдастықтарды осы процеске белсенді тарту туралы ұсыныстарды дайындап, Үкіметке енгізуге міндеттеді.
– Мемлекеттік тапсырмалар тізімін қалыптастыру кезінде Ұлттық палатаның ұстанымын есепке алу қажет, – деп нықтады Премьер К.Мәсімов. – Мен Өңірлік даму министрлігіне бір ай ішінде меморгандардың Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүйесімен өзара әрекеттестігінің типтік регламенті жобасын Үкіметке енгізуді жүктеймін! Яғни бұл істе жеке пікірлерге не мүдделерге тәуелділік болмауы үшін ол құжатта нақты нұсқаулық, кімнің неге жауап беретіндігі көрсетіледі.
Сонымен қатар мемлекет ауылдағы кәсіпкерлердің кредиттерге қол жеткізудегі мәселелерін шешуге ден қоймақ. Әйтпесе олардың қолындағы ауылшаруашылық техникаларын, жер телімдерін, тіпті үй-жай және ғимараттарын банктер кепілге лайық зат деп қабылдамайды, несие бермейді. Осыған байланысты Кәрім Мәсімов өзінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтан барлық мүдделі тараптарды қатыстыра отырып, осы тақырыпта жеке кеңес өткізуді сұрады: «Содан кейін бір ай ішінде Үкіметке даму институттарының кредиттік ресурстарына олардың қол жеткізе алуы бойынша ұсыныстар енгізіңіз!»
Кәсіпкерлер съезінде өз ісін жаңа бастаушы шағын және орта бизнес өкілдері үшін қызмет аясының тарылып кеткендігі қаузалды. Көптеген ірі қалаларда базарларды жаппай күресінге жіберу қарқынды жүруде. Алайда олардың орнына заманауи сауда-логистикалық кешендер тұрғызу үрдісі ұқсас «ырғақ» ала алмай отыр. Бұл дүрбелеңге тіпті Ұлттық палата басшылығының араласуына тура келген: әкімдерге базарларды ысыруды тоқтата тұруға кеңес берілді.
Кеше Үкімет жетекшісі бұл мәселені назарға алғандығын хабарлады. Кәрім Мәсімов І вице-премьер
Б.Сағынтаевқа сауда орындары мен базарларға байланысты проблемалық жайттарды пысықтап, оны шешу жолдарын Үкімет отырысына қарауға шығаруды тапсырды.
– Базарлар – тауарлық тапшылық болған 90-жылдардың бізге қалған мұрасы. Ол кезде бұларға балама да болған жоқ. Мен бұл мәселені тұтастай қарайтын, талқыға салатын уақыт келді деп ойлаймын. Үкімет отырысында тиісті шешім қабылдайтын боламыз. Соңынан олардың өмірде қалай жүзеге асатынын қадағалау керек. Біз базарларда тәртіп орнатып, сауданы өркениетті арнаға көшіруге, одан әрі қалай қарай жылжитындығымызды түсінуге тиіспіз! – деді Премьер-министр.
ҰКП басқармасының мүшесі Заңғар Ноғайбайдың айтуынша, міндетті мүшелік жарна көлемін анықтайтын қолданыстағы жүйенің кемшілігіне қатысты кәсіпкерлерден шағымдар түсуде. «Осыған орай біз сәуір айынан бастап, сайт арқылы кәсіпкерлерден ұсыныстарын жинадық. Шамамен, 50 ұсыныс түсті. Құрылған жұмыс тобы үш оңтайлы нұсқаны анықтады. Келесі кезеңде олар бойынша егжей-тегжейлі есептеулер жүргізу қажет. Оларды Үкіметпен талқыға саламыз және қорытындылары туралы тамыз ортасында Ұлттық палата төралқасына баяндаймыз» деді ол.
Съезд қорытындысында ҰКП төралқасының төрағасы болып, Тимур Құлыбаев қайта сайланды.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: