astana-view

АСЫҒЫС ҚОЙЫЛҒАН ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ АЛЫНЫП ТАСТАЛАТЫН БОЛДЫ

2014 жылғы 11 Шілде
2747 просмотров

Қызылорда көшелеріндегі әр қадам сайын кездесетін «аялдауға тыйым салынады» деген белгілер алынып тасталатын болды. Бұған наразы кәсіпкерлер тиісті орындардың табанына тас қойып, ақыры дегендеріне жетті.

Дәріхана, шаштараз, мейрамхана, дүкен иелері «талай жылғы кәсібімізден, тұтынушыларымыздан айырылып қалар жайымыз жоқ, бұл біздің саудамыздың төмендеуіне, қызметкерлеріміздің еңбекақысын уақытылы бере алмауымызға, штаттық кестенің қысқаруына, салық түсімдердің азаюына әкеп соғуы мүмкін» деп, өңірлік кәсіпкерлер палатасына арызданған-ды. Облыстық прокуратура, қала әкімдігі, жол полициясы басқармасы, бизнес қауымдастығы тізе қоса отырып, жуырда мәселенің түйінін тарқатты. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Д.Әбсаттаров, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Қаланың гүлденуіне, қоғамдық тәртіптің сақталуына бәріміз жауаптымыз. Дегенмен, бизнесті де қатар алып жүруіміз тиіс. Ал әлгіндей жол белгілері кәсіпкерлік нысандарының басшыларына ескертусіз қойылған. Сондықтан ауыстыру керек. Одан бұрын кәсіпкерлердің автотұрақ салуына уақыт берейік.

М.Ерназаров, облыстық прокуратураның басқарма басшысы:

- Арыз түскен үш күн ішінде құқықтық баға беруге тырыстық. Бұл жерде қалалық әкімдік пен облыстық ішкі істер басқармасы асығыс шешім қабылдағаны көрініп тұр.

Ғалымбек Жақсылықов, өңірлік кәсіпкерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

- Шілде айынының басында А.Байтұрсынов, А.Тоқмағамбетов, Д.Қонаев көшелерінің бойына «аялдауға тыйым салынады» деген белгілер қойылған. «Сол кезден бастап дүкен, кеңсе, кафелердің тұтынушыларын жол сақшылары ұстап, айыппұл тағайындауда» деп, осы көшелердің бойындағы бір топ кәсіпкерлік нысанының иелері алаңдаушылық білдірді. Біз олармен кездестік. Мәселен, А.Байтұрсынов көшесінің бойында кафе, мейрамханалардан бөлек, жарнама агенттіктері, «Венера» фирмасы, той салондары, май ауыстыру орындары, тағы басқалар бар. Көше қозғалысына кедергі келтірмеу керектігіне келісемін және автокөлік тұрақтары болуы керек. Белгі қоймас бұрын мән-жайды түсіндіріп, кәсіпкерлерге автотұрақ ұйымдастыру үшін белгілі бір уақыт беру қажет деп есептеймін. Өйткені ол үшін ақша керек. Оның үстіне, жол белгісінің белгілі бір уақытта, мысалы сағат 9 бен 18-дің аралығында қойылғаны дұрыс болар еді.

Ерлан Райымов, кәсіпкер:

- Егер бұл белгі осылай тұра берсе, кәсіпкерлер шығынға батады. Біз, әрине, қала көшелерінде тәртіп орнағанын, туған өлкеміздің әдемі болғанын қалаймыз. Бірақ мәселені қос тарапқа да тиімді етіп шешуге болады. 10-15 жыл бұрын мейрамхана ашқанда біз барлық құжатқа қол қойдырып, кәсіпкерлердің алдынан өттік. Ол кездегі заң басқа, заман басқа. Сондықтан бір күнде белгі қойып, оны ертеңіне ауыстырып, халықты әуреге салуға болмайды.

Енді кәсіпкерлік нысандарының алдына автотұрақ салынып, келушілердің көліктерінің дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін қызметкерлер алынбақ. Талаптың орындалуын қадағалау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылды. Егер ұсыныстар қолдау таппаса, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы тиісті министрліктің көмегіне жүгінеді.

Дерекнамасы: BAQ.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер