astana-view

Қызылорда кәсіпкерлері өз нысандарының алдына жол белгілерін қоюға наразы

2014 жылғы 11 Шілде
2430 просмотров

Қызылордалық кәсіпкерлер «Тұруға тыйым салынады» жол белгісінің өздерінің кәсіпкерлік нысандарының алдына қойылғанына наразы.

Дәріханалар мен шаштараздар, мейрамханалар мен дүкендердің иелері осы мәселе жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына арызданған болатын. «Осындай іс-әрекеттерден біздің жылдар бойы құрған кәсібімізден, тұтынушыларымыздан айырылып қалуымыз және де ол өз кезегінде саудамыздың төмендеп кетуіне, қызметкерлерімізге еңбек ақыларын уақтылы бере алмауымызға, штаттық кестенің қысқаруына, салық түсімдерінің азаюына алып келуі мүмкін», дейді кәсіпкерлер. Осыған орай палатаның бизнес алаңында Қызылорда облысының прокуратурасы Басқарма басшысы М.Ерназаровтың, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Н.Ахатовтың, Жол полиция қызметкерлері, Кәсіпкерлер кеңесі мен арызданған кәсіпкерлердің қатысуымен шұғыл дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.

Шара барасында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Болатұлы қаланың гүлденуіне, қоғамдық тәртіптің сақталуына, қаланың жан-жақты дамуына барша  тұрғындарының жауапты екендігін жеткізді. Көшелерде жол белгілерінің кәсіпкерлік нысандарының басшыларына ескертусіз қойылғандығын және «Тұруға тыйым салынады» жол белгісінің бір күн ішінде «Аялдауға тыйым салынады» болып өзгертілуінің әсерінен кәсіпкерлер арасында наразылық туындағанын айтты. «Аталмыш жол белгілерін қоймас бұрын, кәсіпкерлерге автотұрақ салуына уақыт беру қажет, сондай-ақ әр кәсіпкерлік нысанға лайық жол белгілерін орнату керек»,-деді ол.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған кәсіпкер Ерлан Раймов егер бұл белгі осы қалпында тұра берсе кәсіпкерлерді үлкен шығынға соқтыратындығын және келушілерден айырылу қала бюджетіне де кері әсерін тигізетіндігін жеткізді.

Шара қорытындысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Абсаттаров дөңгелек үстелге қатысушылармен келісе отырып төмендегіні хабарлады.

1. Қалалық ішкі істер басқармасы жол белгілерін қоюда «тоқтауға тыйым салынады» белгісін мүлдем алып тастайды.

2. «Тұруға тыйым салынады» белгісін белгілі бір уақыт аралығында қоюға және дәріхана, шаштараз, дүкендер сияқты халық ұзақ тұрақтамайтын орындарға ол белгілердің қаншалықты қажеттілігі бар екендігін ескеріліп, кәсіпкерлік нысанға сәйкес белгілер орнататын болады.

3. Өз кезегінде кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезіне әрі қоғамдық тәртіпке бағына отырып, кәсіпкерлік нысандарының келбетін абаттандыруы және автотұрақ салулары қажет. Сонымен қатар, қажеттілікке орай автотұраққа келушілердің автокөліктерін дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін қызметкер алулары тиіс.

 Дөңгелек үстел барысында тараптардың келісімімен мәселе осылайша шешімін тапты. Бұлардың орындалуын қадағалау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Енді олар осы айтылған мәселелердің дұрыс орындалуын қадағалайтын болады. Егер аталған ұсыныстар қолдау таппай, қос тарапты қанағаттандырмаса, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы тиісті министрліктің көмегіне жүгінетіндігін  жеткізді.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер