Кәсіпкерлердің құқығы қорғалды
Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер Палатасы шағын және орта бизнес өкілдерінің құқығын қорғауда. Палата мамандарының араласуынан кейін бірнеше кәсіпкерлік нысанына қозғалған әкімшілік және қылмыстық істер қысқартылған. Облыстық прокуратура және қаржы полциясымен бірлесе жүргізілген жұмыстар нәтижесінде макарон фабрикасына қатысты жергілікті монополияға қарсы инспекция тарапынан қозғалған әкімшілік істің негізсіз екені анықталған.
Бәсекеге қайшы келісіп, баға көтерді деп айыпталған кәсіпорынды жіті тексеру барысында мұндай әкімшілік-құқық бұзушылық фактісі болмағаны белгілі болды. Сөйтіп, палатаның сарапшылары әкімшілік сотта нақты дәлелдер келтіру арқылы, істің қысқарып, 18 миллион 500 мың теңге айыппұл салынуының алдын алды. Тағы бір іс 150 адамды жұмыспен қамтып отырған күнбағыс және мақта майын өндіретін зауытқа қатысты. Оның басшысының үстінен экономикалық және сыбайлас қылмысқа қарсы күрес департаменті Қылмыстық Кодекстің бірнеше баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Дәурен Тайыров, ОҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
- Кәсіпкерлер Палатасы тарапынан қолданылған іс-шаралар нәтижесінде «Қайнар-май» ЖШС басшысы толығымен қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал «Барыс-2007» ЖШС Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқық бұзушылық Кодексінің 147-бабында көзделген әкімшілік жауапкершіліктен босатылды. Бүгінгі таңда Кәсіпкерлер Палатасына түскен 98 арыздың 57-сі қаралып, оның 33-і бойынша толықтай кәсіпкерлер құқы қорғалып, қалған арыздар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Дерекнамасы: Хабар
Пікір қалдыру:
Пікірлер: