БІЗГЕ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАН ҚАЖЕТ
Нұржан ӘЛТАЕВ, Ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары
Қазіргі таңда білікті маман тапшылығы үлкен мәселеге айналып отыр. Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлік палатасы Үдемелі индустриялы-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында осы күні маңызды мәселе болып отырған аса білікті маман дайындау жайына қатысуды жоспарлап отыр. Инновациялық технологияларды пайдаланатын жаңа ашылған кәсіпорындарға мамандар қажет. Бүгінгі таңда тек инженерлік-техникалық қызметкерлер ғана емес, білікті жұмысшы да жетіспейді.
Таяуда өткен Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Бірінші съезінде ҰКП адам капиталы, яғни маман дайындауды бес негізгі мәселенің бірі ретінде күн тәртібіне бекерге шығарған жоқ. Айтпақшы, бұл – бұған дейін «Атамекен» одағында қолға алынбаған жаңа бағыт.
Еліміздің ірі бизнес-ұйымы білікті маман дайындау мәселесін шешуді қолға алды, бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылмақ, ең бірінші қандай мамандарды дайындауымыз қажет, мамандар қалай оқытылады деген сұрақтарды біз ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мырзаға қойған едік.
– Нұржан Бауыржанұлы, бәсекеге қабілетті экономика бәсекеге қабілетті адам капиталын қажет ететіні анық. Қазақстандық өнеркәсіп орындарына, әсіресе, ҮИИДМБ-ның екінші бесжылдығы кезінде қандай мамандар қажет екендігіне сараптама жасалды ма? Осы бағытта ҰКП қандай жұмыстар атқарды?
– Экономикамыздың дамуына тежеуіш болып отырған салмақты фактордың бірі жоғары білікті маман тапшылығы екені рас. Отандық өнеркәсіптің талабына жауап беретін мамандарсыз еліміздің басты өнеркәсіптік бағдарламасының жүзеге асуы мүмкін емес.
Сараптама қорытындысы бойынша, ресми тіркелген жұмыссыздардың төрттен бірі ЖОО түлектері болса, үштен бірі – колледж бітіргендер. Тиісінше, тұрғындардың еңбекпен қамтылу мәселесі мен экономиканың түрлі саласына қажет мамандар тапшылығы шешімін таппай тұр.
Сөз жоқ, бұл мәселе біздің басты назарымызда, қазіргі таңда Ұлттық палата салалық қауымдастықтармен бірге экономиканың әр саласының дамуына болжам жасап, «Мамандық картасын» жасап жатыр. Барлық өңірлердегі жұмыс істеп тұрған 8 мыңнан астам кәсіпорынға 2019 жылға дейін қандай маман иелері керек екендігіне сауалнама жүргіздік. Мәселен, биыл 11 салалық қауымдастық пен одақтарға 46 мыңнан астам орта және жоғары буын мамандары қажет екен. Мұндай жұмыс алдағы уақытта үнемі жүргізілетін болады.
Мамандарды даярлауда сөзсіз нарық талабын ескеру қажет. Дегенмен, кадр мәселесін шешуде кәсіпкерлердің өздері де кәсіби және техникалық білім беру үдерісіне қатысуы шарт. Бұл үшін біз болашақ мамандардың кәсіпорындарда өндірістік жұмыс дағдысына оқу мерзімінде-ақ қалыптасуы үшін кәсіпорындарда дуальді оқу тәжірибесін енгізіп, оны барынша дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл тәжірибенің артықшылығы – жұмыссыздық мәселесі шешіледі, жастарымыз мамандық игеріп, жұмысқа тұрады, ал кәсіпорындар білікті мамандармен қамтамасыз етіледі.
Айта кету керек, сараптама барысында қолданыстағы мамандық және техникалық білім саласындағы нормативтік-құқықтық актіде дуальдік оқытуды енгізуге әкімшілік кедергі келтіретін 17 НҚА бойынша қарсы жағдай анықталды. ҰКП жолдаған осы сауалға үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Парламент түзетулер енгізуге жұмыс жасайтын болады.
«Дуальді оқытудың жол картасы» құрылып, жұмыс істеп тұрған 173 колледжде 11 сала бойынша 83 мамандыққа 10 мыңнан астам маманды дуальді оқу формасы бойынша дайындап, республикамыздағы 398 кәсіпорынға жіберілді.
Еліміздегі 47 колледж Өңірлік кәсіпкерлер палаталарының келісімі бойынша тәжірибелік сабақ сағаттарын 60 пайызға дейін арттырды. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай сияқты бес облыстан басқа облыстарда германиялық дуальді оқу формасы енгізіледі.
ҰКП-ның қолдауымен елімізде мамандарды дайындау бойынша 7 оқу орталығы мен кластер жұмыс істеп тұр.
Ұлттық палата, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша еліміздің әр аймағында машина жасау және құрылыс материалдар өндірісі саласында жұмыс істеп жатқан орта буын мамандарды шет-елдерде тәжірибеден өткізу бастамасын көтеріп отыр.
– Ұлттық палата жастарды кәсіпкерлікке баулу жөніндегі жұмыстарды қолға ала ма?
– Иә, мәселен, аймақтардағы кәсіпкерлік палатасы жанынан біз МВА бизнес-мектептерді іске қостық. Жастарымызды кәсіпкерлікке тартып, жаңа жобаларды құру үшін бес студенттік бизнес-инкубатор аштық. Сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді бизнес-сынақтан өткіземіз.
Соңғы кездері «Аймақаралық бизнес – ынтымақтастық» сайтының (http://regtrade.kz) танымалдығы артып келеді, күн сайын сайтқа 50-ге дейін адам кіреді. Қарағандыда бизнесті алыстан басқару жөніндегі тренинг сәтті өтті. Енді осындай тренингті Астана, Ақтау және Павлодар қалаларында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Мәдениет министрлігінің қолдауымен ел ішінде танымал болып үлгерген кәсіпкерлікті жаңа бастағандарға арналған қазақ және орыс тіліндегі «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» анықтамалығының 30 мыңнан астам данасы барлық облыс тұрғындарына таратылды. Осы анықтамалықтың арқасында көптеген талапкерлер өз ісін бастап, бүгінде нәтижелі еңбек етіп, ел аймақтарында жаңа жобаларды іске қосып үлгерді.
Болашақта кәсіпкерлікпен айналысамын деп талаптанған әрбір азамат анықтамалықты www.palata.kz және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің www.enbek.gov.kz ресми сайттарынан көшіріп алуға болады.
Ұлттық палата аудан орталықтарында кәсіпкерлік мектебін ашуды жоспарлап отыр. Бұл шешім ауыл жастарын, әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жұмыссыздарға үлкен септігі тиеді деген сенім бар. Жыл соңына дейін кәсіпкерлік мектебі еліміздің әрбір ауданында ашылады. Мұнда талапкер жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, өз бизнесін аша алады.
Біз «Open Business university» (ашық университет) жобасын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жаңа жоба ашқысы келетіндер интернет арқылы білім алып, үйренеді. Талапкерлер өздеріне қолайлы жерде және ыңғайлы уақытта оқып, дистанциялық әдіспен ақпарат алады.
Бизнес-оқуда ыңғайлы, оңай және талап ету үшін бірыңғай Интернет-алаң құру да жоспарымызда бар. Бастапқыда жоба ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналады. Кейінірек жұмысты одан әрі дамытып, интерактивті оқытуды кәсібін одан әрі дамытқысы, өз өнімін арттырғысы, басқару тәсілін жетілдіре түскісі келетін кәсіпкерлерге қарай бағыттап, жаңа деңгейге өтеміз.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: