ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі туралы ереже
1. Жалпы ережеле
1. «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі туралы осы Ереже (ары қарай – Ереже) «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің (ары қарай – Кеңес) дәрежесін, жұмысының тәртібі және Төралқа Комитеттері, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ары қарай – Ұлттық палата) Басқармасы, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың кәсіпкерлер палаталары, Өңірлік палаталардың Өңірлік іскер әйелдер кеңестері және өзге де тұлғалар, кез келген меншік нысанындағы ұйымдармен өзара әрекетін анықтайды.
2. Кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы болып саналады және өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына, Ұлттық палата Жарғысына, осы Ережеге және Ұлттық палатаның басқа да ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
Кеңес қабылданатын шешім үшін жариялық, ерікті және Кеңес мүшелерінің тең жауапкершілігі қағидасымен жұмыс істейді.
3. Кеңес құрамы Ұлттық палата Басқарма Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
4. Төрайым мен Кеңес мүшелері өз қызметін тегін негізде жүзеге асырады. Кеңес мүшесі мүшелігін өз еркімен, Кеңес Төрайымына мүшелікті тоқтатуға дейін 15 (он бес) күнтізбелік күн бұрын хабарлама жолдау арқылы тоқтатуға құқылы.
5. Кеңес құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті, мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), Ұлттық палатаның мүшелері мен басшылық қызметкерлер, түрлі саласы бойынша сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мүше бола алады.
6. Кеңес құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2. Кеңестің мақсаты мен негізгі міндеттері
7. Кеңес Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қажетті шаралар кешенін зерттеу, сараптамалық бағалау және жетілдіру, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында құрылды.
8. Кеңестің негізгі міндеттері:
- Қазақстан Республикасында әйелдер кәсіпкерлігіне толықтай қолдау көрсету және дамыту үшін саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, білім беру және денсаулық сақтау, бизнес пен үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің қатарынан табысты әйелдердің әлеуетін нығайту;
- Әйелдер кәсіпкерлігінің бизнес мүмкіндіктерін ұлғайтуға қаржыландыру, инвестициялау және басқа да құралдарын тарту механизмін қалыптастыру;
- Әйелдер кәсіпкерлігі жобаларын жүзеге асыру;
- Әйелдер кәсіпкерлігіне тиімді қолдау көрсету және дамытудың заманауи механизмдерін дайындау;
- Әйелдер кәсіпкерлігі саласындағы істің ахуалын жиынтықтау, әйелдер ортасында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерін анықтап, шешу жолдарын табу;
- Әйелдер кәсіпкерлігі саласында қолданыстағы нормативті-құқықтық базаға, кәсіпкерлік субъектілері қызметінің әйелдер ортасы ерекшелігін ескере отырып өзара әрекет механизмдеріне талдау жасау, әлеуметтік зерттеу жүргізу;
- Нормативті-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды дайындау, мемлекеттік қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламалары мен жоспарларын қалыптастыру әрі жүзеге асыру;
- Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына берілетін Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділіктің жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауға және жариялауға қатысу;
- Кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру;
- Әйелдердің жеке кәсіпкерлікке қатысуына, олардың экономикалық бастамаларына қолдау көрсету және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту.
9. Кеңес артылған міндетті жүзеге асыру үшін өзінің құзыреттілігі аясында:
- мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар) және кез келген меншік нысанындағы өзге де ұйымдармен өзара байланыс орнатуға;
- өз қызметін жүзеге асыру үшін келісімшарттық негізде тиісті саланың мамандары мен сарапшыларын тартуға;
- бекітілген заңнама және Ұлттық палатаң ішкі құжаттарының тәртібінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан өз қызметін жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
- өз қызметін жүзеге асыру үшін Ұлттық палатаның құрылымдық бөлімдерінен, Өңірлік палаталар мен құрылтайшы ретінде Ұлттық палатаның қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
- өңірлік палаталардағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесі төрайымының кандидатурасын келісімдеуге құқылы.
10. Кеңес жүзеге асыратын заңнама және құқық қолдану қызметіне сараптама, сондай-ақ Кеңестің тұжырымы мен ұсыныстары «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингіне және Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік белсенділік жағдайы туралы жыл сайынғы ұлттық баяндамаға енгізілуі мүмкін.
3. Кеңес қызметін ұйымдастыру
11. Кеңесті Кеңестің төрайымы басқарады.
12. Кеңес төрайымы:
- Кеңес отырысын шақырады;
- Кеңес қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады, отырысты басқарады, Кеңес шешімінің орындалуын бақылайды;
- Кеңес жұмысының жоспарын бекітеді;
- Кеңестің кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді;
- Кеңес мүшелерінің Кеңес отырысының шақырылымы туралы өтінішхаттарын қарайды;
- Кеңес қызметінің Ұлттық палатаның ішкі құжаттарында қарастырылған басқа да мәселелері бойынша шешім қабылдайды.
13. Кеңес қызметінің ұйымдастырылуын Кеңес мүшесі болып табылатын Кеңес хатшысы жүзеге асырады:
- Кеңес отырсының күн тәртібін жасайды;
- Кеңес отырысына мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), басқа да ұйымдар мен компаниялардың өкілдерін, салалық мамандарды, тәуелсіз кеңес берушілер мен ғылыми орта өкілдерін шақырады.
14. Кеңес мүшелері:
- Кеңес отырыстарына қатысады;
- Кеңес отырысын шақыру туралы өтінішхат береді;
- Кеңес отырысының күн тәртібіне және шешім жобаларына ұсыныстар енгізеді;
- Ұлттық палата жүйесінде Кеңес құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешім қабылдауға қажетті ақпаратты сұратады және алады.
15. Кеңес мүшелері жазбаша түрде берілетін және Кеңес отырысының хаттамасына тіркелетін ерекше пікір айтуға құқылы.
16. Қызметті ақпараттық-талдамалық, құқықтық, құжаттық және өзге түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ Кеңес қызметін сараптамалық сүйемелдеу бойынша функция Ұлттық палата Төралқа Төрағасының Хатшылығына жүктеледі.
17. Ұлттық палата Төралқа Төрағасының Хатшылығы Кеңес жұмысын ұйымдастырады, оның ішінде келесі мәселелер бойынша:
- Кеңес отырыстарын дайындау және өткізу, отырыс хаттамаларын жүргізу;
- Кеңестің өзге мәселелер бойынша қызметін қамтамасыз ету;
- Кеңес құзыреті аясында мемлекеттік органдар, қауымдастықтар (одақтар), ұйымдар және өзге де тұлғалармен өзара байланыс орнату;
- Кеңес қызметін сараптамалық-талдамалық сүйемелдеу;
- Кеңестің жұмыс жоспарын қалыптастыру;
- Кеңес отырыстарына материалдар дайындау.
18. Кеңес отырысы республика өңірлерінде жиналыс, тыңдалым, оның ішінде бейне және скайп-конференция форматында да өткізілуі мүмкін.
19. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша хаттама жасалады, оған Төрайым мен Кеңес хатшысы қол қояды. Кеңес шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және Кеңес мүшелерінің жалпы санынан басым дауыс берілсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс тең түскен жағдайда Төрайым дауыс берген шешім қабылданды деп саналады. Кеңес мүшелері Кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жазбаша пікір қалдыруға құқылы, пікір Кеңестің тиісті отырысында міндетті түрде айтылады.
20. Қажет жағдайда Кеңес шешімі тиісті шараларды қарау және қабылдау үшін мемлекеттік органдарға және кез келген меншік нысанындағы ұйымдарға жолданады. Кеңес шешімі мақұлданған жағдайда салалық және Ұлттық палата Төралқасының өзге де Комитеттеріне қарауға, егжей-тегжейлі пысықтауға және мемлекеттік органдар және кез келген меншік нысанындағы ұйымдармен өзара байланыста Ұлттық палатаның ресми ұстанымын қорғау үшін жолданады.
22. Кеңес қызметі мен отырыс қорытындылары тұрақты түрде бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ Төрайым мен Кеңес мүшелерінің баспасөз-мәжілісінде, бұқаралық ақпарат құралдарында және Ұлттық палатаның ресми интернет-ресурсында баспасөз-хабарламаларын орналастыру арқылы жарияланады.
4. Қорытынды ереже
23. Кеңес Ұлттық палатаның тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңестік органы ретінде өз қызметінде Кеңес бланкісін қолданады. Кеңес үндеулерінде қол қою құқығы Кеңес төрайымына беріледі.
24. Қатыстырылатын сарапшылардың қызмет ақысы Ұлттық палата есебінен тиісті қаржылық жылға сәйкес бекітілген бюджет аясында келісімшарт негізінде төленеді. Сарапшылардың кандидатураларын Ұлттық палата Төралқа Төрағасының Хатшылығы анықтайды.
25. Өңірлік палата Кеңес мүшелері қызметінің мониторингін жүргізеді, оған әрбір мүшенің Кеңес отырысына қатысуы туралы мағлұмат және Ұлттық палата Төралқа Төрағасы Хатшылығының қарауы бойынша өзге де ақпарат кіреді. Мониторинг нәтижесі әрбір жартыжылдық қорытындысы бойынша Ұлттық палата Төралқа Төрағасының Хатшылығына жолданады.
26. Осы Ережеге өзгертулер мен толықтырулар бекітілген тәртіпте енгізіледі.