Астанада елордалық бизнесмендерге «орын» жетеді
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астанада «көшбасылық» жобаларды анықтауға мүмкіндік беретін, Елордалық бизнестің даму картасын құруды ұсынады. Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен елорда әкімдігінің арасында консультативтік-кеңесу органдарының қызметі мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою барысында осындай ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі ҚР ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзара ынтымақтастық туралы құжатқа Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қол қойды.
«Біз о бастан жақсы қарым-қатынастамыз. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бері көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді. Жақында ғана 1200-ден астам кәсіпкер қатысқан стартап – форум өтті, шамамен 3 мыңдай екі жақты кездесу, сондай-ақ 12 бизнес-тренинг және түрлі семинарлар, көрмелер өткізілді. Бұл кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы серпін», - деп атап өтті меморандумға қол қою рәсімі барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Оның айтуынша, іс жүзінде еңбекке қабілетті халықтың 40%-ы шағын және орта бизнес саласында жұмыс жасайды.
«Бізде 50 мыңнан астам ШОБ субъектісі бар, және де ШОБ дамуын қолдау үшін мемлекеттің көптеген шаралар қолданып жатқанын айта кету керек. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша осы бағдарлама бастау алған сәттен бастап 67 млрд теңгеден астам сомаға 349 жоба мақұлданған, ал бағдарламаны жүзеге асырған сәттен бері 8 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Жақын келешекте жайлы бизнес-орта құру үшін міндеттердің тұтас бір кешені қабылданып отыр», - деп түйіндеді елорда басшысы.
Меморандумға қол қою рәсіміне қатысқан ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының Орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, барлық өңірлердегі Ұлттық палата филиалдары Елбасының өз Жолдауында алға қойған міндеті – ШОБ шығаратын өнімді ЖІӨ-ден 50 пайыз деңгейге жеткізу міндеті төңірегінде жұмылып жұмыс істеп жатыр.
Бір айта кететіні, Астана бұл міндетті орындады және қазірде қала әкімдігінің алдында ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесін ұлғайту бойынша міндеттер тұр. Бұл тұрғыдан ҰКП мен оның өңірлік палатасы осы міндетті шешуге белсенді түрде жәрдемдесетінін Нұржан Әлтаев баса айтты.
Алайда, ҰКП Басқарма Төрағасы Орынбасарының сөзіне сүйенсек, өңірлерде бизнесті кеңейту мәселелері бойынша талдау жұмыстары жүргізілмейді де, ісін бастаушы кәсіпкерлерде қажетті ақпаратты алу мүмкіндігі болмайды.
Сонымен бірге, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов атап кеткендей, ӨКП жүргізген талдауға сәйкес, елорда халқы кәсіпкерлік қызметпен айналысуға өте үлкен қызығушылық танытады. Оның айтуынша, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді түрде қолдануға кедергі келтіретін кейбір нюанстар бар.
Осыған орай, ҰКП елордалық кәсіпкерлер проблемаларын қамтитын Бизнесті дамыту картасын жасауды ұсынды. ҰКП Басқарма Төрағасының Орынбасары Нұржан Әлтаевтың ойынша, осы жұмыспен айналысатын жұмыс тобын құру қажет.
Астана қаласының әкімі де Бизнесті дамыту картасын құру идеясын қолдап, осы мәселеде ниеттестігін байқатты.
«Бизнеспен айналысқысы келетін адамдар көбінесе қандай орынды алуға болатыны жайлы ақпаратты біле бермейді, осыдан келіп бизнесінің талап етілмей қалуынан қауіптеніп, тәуекелге бара қоймайды, сондықтан да айтарлықтай әсері болатын ұсыныстардың кең шоғыры қажет», - дейді Иманғали Тасмағамбетов.
ҰКП Басқарма Төрағасының Орынбасары сонымен қатар, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында жұмыс тобын құру керек, деген ойда. Бұл топ іштен барлық осал тұстарды ашып, «тар» жерлерді анықтайды да, соның нәтижесінде бизнес-климатты жақсарту мақсатында нормативтік-құқықтық актілерді өзгертуге болар еді.
Қаржыландыру мәселесін сөз ете келіп, Нұржан Әлтаев ЕДБ қорландыру жолымен «көшбасылық», тауашалық жобаларды екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыруды ұсынды.
Ол ұсынатын сызба айтарлықтай қарапайым және бірқатар өңірлерде сыналған. Сонымен, тек «көшбасылық», тауашалық жобалар қаржыландырылады деген шартпен жергілікті бюджеттен ЕДБ-ға 500 млн теңге бөлініп, осынша соманы банктің өзі салуға тиіс.
ҰКП Басқарма Төрағасы Орынбасарының пікіріне сүйенсек, бұл кәсіпкерлер бизнесті дамытуға кредит алу кезінде бюрократтық сөзбұйданы болдырмауға мүмкіндік береді.
ҰКП-ның бұл ұсынысы да Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауын тауып, өз кезегінде әкім осы идеяны жүзеге асыру жағын ойластыруға уәде берді. Оның айтуынша, ШОБ-ты дамыту бойынша осы бірлескен жұмысқа әкімдіктің де мүдделі екендігі сөзсіз. Сондықтан да Иманғали Тасмағамбетов кәсіпкерлердің, инвесторлардың жұмысын жандандыру керектігін мәлімдеді. Қала басшысы құрылыс саласында жүрген бизнесмендерде Астанадағы ескі тұрғын үйлер бұзылтындықтан, көптеген сауда-ойын сауық орталықтарының сол жағалауда орналасады. Сол себепті қаланың оң жақ бөлігінде осындай орталықтарды салу мүмкіндігі бар екендігі жайлы кәсіпкерлерге ой салды.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, Ресейде жұмыс жасап, түрлі қиындықтарды бастан кешкен вьетнамдық жұмыскерлерді осында әкеліп, солардың қызметімен жеңіл өнеркәсіпті дамытуға болады.
«Өз идеяларыңызды ұсыныңыздар! Бірге жұмыс жасайық!», - деді Ұлттық палата мен ӨКП өкілдеріне қарата Иманғали Тасмағамбетов.
Жоғарыда айтып кеткендей, Меморандум билік пен бизнес арасында сұхбат алаңын құруға, кәсіпкерліктің ең өзекті проблемаларын бірлесіп шешуге және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көтеру бойынша жүйелі шараларды жасап шығуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша ӨКП және әкімдік өкілдері Астанадағы ШОБ дамыту мәселелерін талқылау үшін айына бір рет кездесіп тұру жайлы келісімге қол жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: