astana-view

БИЗНЕСТІ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ТЕГІН ҚЫЗМЕТ

2014 жылғы 15 Қыркүйек
2334 просмотров

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының 4-і бағыты аясында кәсіпкерлер тегін сервистік қызмет ала алады.

Осы орайда Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы «Жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік қолдау көрсету» жобасын қолға алып,  іскер жандарға жеті бағыт бойынша қызмет көрсететін консалтингтік компанияларды бекіткен. Олар кәсіпкерлік ахуалды жақсарту мақсатында бизнес өкілдеріне бухгалтерлік және салықтық есеп-қисапты жүргізу, кедендік рәсімдеу, заңнамалық қолдау, менеджмент жүйесін енгізу, маркетинг және бизнес-жоспар жасау, мемлекеттік тендерлерге қатысу жолдарын үйретеді. Қазіргі кезде тегін сервистік қызметтің 50 пайызы көрсетілген. Жыл соңына дейін жартысы жүзеге асады. Сондықтан алматылық кәсіпкерлердің «Даму» қорының жанындағы кәсіпкерлікті қолдау орталығына келіп, тегін сервистік қызмет алуына толық мүмкіндігі бар. 

Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жобаны биыл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып отыр. Арнайы өткізілген тендердің қорытындысы бойынша, оңтүстік астанада түрлі бағытта қызмет көрсететін 7 компания таң­дап алынған. Жыл соңына дейін 1100-дей ШОБ өкілдеріне сервистік қызмет көрсету көзделген.

Жоба аясында қалалық кәсіп­керлерге бухгалтерлік және салық­тық есеп-қисап жүргізуді үйрететін «ЖанАС Консалт» компаниясының өкілі Ардақ Бақытбекқызы осын­дай ақысыз сервистердің ар­қа­сында кәсіпкерлер штат ұстауға кететін шығынын қыс­қартатынын айтады. 

– Біз бухгалтерлік, салықтың есеп-қисап жасау, статистикалық есепті құрастыруға байланысты  Ал­маты қаласы бойынша сервистік компания ретінде тағайындалғанбыз. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруды маусым айынан бастадық. Осы мерзім ішінде 170-тен астам шағын және орта бизнес өкілі келіп жүгінді. Бастапқыда олар салықтық есеп жасауға өтініш білдірсе, келесі жолы одан күрделі мәселелерді шешу тұрғысынан көмек сұрады, – дейді компания өкілі. 

Сондай-ақ компания  қызмет­керлері ай сайын кәсіпкерлер үшін салық пен есеп-қисап жүргізудің өзекті мәселелері бойынша шеберлік сыныптарын өткізеді. Одан бөлек, кәсіпкерлердің арасында заңгерлік қызмет, баға саясатын қалыптастыру, маркетингтік стратегия, кедендік рәсімдеу және мемлекеттік тендер­лерге қатысу бойынша сервистік қызметтер сұранысқа ие. «Бизнес Партнер Консалт» компаниясының бас директоры Виталий Тимоновтың айтуынша, маркетингтік қызмет көрсету аясында, банктен несие алу үшін 95 кәсіпкерге бизнес-жоспар жасалған. 

–Түрлі саладағы кәсіпкерлер үшін бизнес-жоспар жасаймыз. Соның ішінде алматылық кәсіп­керлер арасында тамақ өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, қайта өңдеу және ақпараттық қамтамасыз ету бағыттары кеңінен таралған. Сервистік көмекке жүгін­ген кәсіпкерлердің бір бөлігі нес­ие­лерін алып үлгерді,– дейді Виталий Тимонов.

Дегенмен, «Секрет+Сервис» компаниясының басшысы Владимир Ермаков тегін сервистік қолдаудың бағыттарын өзгерту қажет деген пікірде. Өйткені қазіргі кезде кәсіп­керлер мемлекеттік сатып алулар сайтына тіркелу мен бизнес-жоспар­ды жасауды өздері де біледі деген Ермаков өз ұсыныстарын айтып өтті. 

–Біріншіден, тегін сервистік қызметтер «Дамудағы» кәсіпкерлікті қолдау орталығында көрсетіледі. Меніңше, сервистік  қолдауды кәсіпкерлерге жақындату қажет. Кәсіпкерлікті жүргізуге жәрдем­десетін орталықтарды палатаның аудандық бөлімшелерінің базасында ұйымдастырылса. Екіншіден, сер­вистік қолдаудың негізгі бағыт­тарын өзгерту қажет. Сайтқа тіркеуге тұру немесе бизнес-жоспарды жасау «мәселе» емес. Ал бизнеске қажетті несие алу – бұл үлкен мәселе. Сер­вистік қызмет көрсету барысында кәсіпкерлер беретін мәліметтерге сүйене отырып, сотта іс қарау  ба­рысында қолдау секілді бағыттарды енгізсек. Одан бөлек, экономикалық білім, кәсіпкерлікті жүргізу, сауда-саттық технологиясы сынды бағыт­тарды енгізуді ұсынамын, – деді заңгер. 

Дерекнамасы: Айқын


Еншілес ұйымдар

Серіктестер