astana-view

Кәсіпкерлерге нәсіп тергізген «Бизнесті сервистік қолдау» бағдарламасы алғашқы жемісін берді

2014 жылғы 25 Қыркүйек
2316 просмотров

Бірнеше айдың ішінде, тегін дәріс алуға 700-ден астам бизнес өкілі қызығушылық танытқан. Ұйымдастырушылар «жыл аяғына дейін, бұл сан тағы да артуы мүмкін», - дейді.

Бұл дәрісханада кәсіпкерлер көкейінде жүрген барлық сұрақтарына жауап ала алады. Білімдерін жетілдіріп, әріптестерімен тәжірибе алмасады. Мұндай тәсіл аптасына бірнеше рет ұйымдастырылуда. Кәсібін дөңгелетуді көксеген бизнес өкілдері есеп-қисаптың ережелерімен танысып, қағазбастылықтан арылудың жолын қарастырды. 

«Бухгалтерия – кәсіпкерлердің жұмысында күнделікті қолданылатын сала. Бұл тұста мен талай уақыттан бері көтеріп келе жатқан бір мәселе бар. Уақытты құжат толтырумен өткізбей, нақты іспен айналысуға мүмкіндік туғызу қажет», - деді «Секрет+Сервис» кәсіпкерлерге қызмет көрсету Орталығының директоры Владимир ЕРМАКОВ. 

«Осы «Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында біздің компания шағын және орта бизнес өкілдеріне сервистік көмек көрсетіп отыр. Барлық кәсіпкерлер орта бизнестегі және шағын бизнестегі кәсіпкерлерге осы айдың маусым айынан бастап, 175 кәсіпкерге қызмет көрсеттік», - деді Консалтингтік компания өкілі Ардақ МАҚҰЛБЕКОВА.

Бухгалтериядан бөлек мұнда бизнес-жоспарды құрудың алғы шарттары үйретіледі. Сондай-ақ, менеджментті тиімді жүргізу әдістері тілге тиек етіліп, арнайы веб-сайт жасауға көмектеседі. Жеті бағытта оқылып жатқан барлық дәрістерді сервистік компаниялар өткізуде. Аталмыш мекемелер конкурстық негізде Кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен таңдалған. Мұнда бірнеше айдың ішінде 700 ден астам бизнес өкілі жүгінген. Кәсіпкер Зәуре Берікболова солардың қатарында. Айтуынша, мамандар оған кедендік заңнаманың ерекшеліктерін екшелеп, тәптіштеп түсіндірген. 

«Кедендік Одаққа» мүше болуымызға байланысты, заңнамада көптеген өзгерістер байқалады. Бізді палатаға қызықтыратын сұрақтарды жолдадық. Көп ұзамай бізге арнайы маман келіп, өзгертулер мен толықтыруларға тоқтады. Менің білуімше 150-дей кәсіпкер, бір емес, бірнеше рет әр сала бойынша дәріс тыңдауға келген», - деді кәсіпкер Зәуре БЕРІКБОЛОВА. 

«Осы жеті сала бойынша, меркетингтік, бухгалтерия және басқа салалар бойынша біз консультация береміз. Осыған орай біз арнайы конкурс жариялап, жеті компания тағайындалды. Алғашқыда 47 компания өз ұсыныстарын ұсынып, соның ішінде ең бетке ұстар жеті компания өтті», - деді Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар ҚОШМАМБЕТОВ. 

Сарапшылар елімізде бизнес саласы әлі жетілуі тиіс салалардың қатарында екендігін айтуда. Ал әзірге қаламызда кәсіпкерлердің сауатын ашып, біліктілігін арттыратынын қолдау орталықтары жеткіліксіз. Айта кетейік, тегін дәрістерді ынтасы бар әр кәсіпкер жыл соңына дейін тегін тыңдай алады. 

Дерекнамасы: Алматы ТВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер