astana-view

Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаева: «Кәсіпкерлік – жүректің ісі»

2014 жылғы 30 Қыркүйек
3569 просмотров

Бүгінгі таңда елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері Үкіметтен бастап ауылдық әкімдерге дейін бас қатыратын шаруаға айналған. Кәсіпкерліктің өрлеуіне даңғыл жол қалыптаспаса, елдің де хал-ахуалы нығая түспек емес. Сондықтан да бизнестің жолында кесе-көлденең тұрған кедергілерді жоюдың барлық тетіктері іздестірілуде. Бүгінде бұл салада қандай күрмеулі мәселелер бар? Кәсіпкерлік мамандық па, бұйыратын бақ па? Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Райхангүл Сатабаева осы сұрақтарға жауап беріп еді.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың негізі – шағын және орта бизнеске айналуға тиіс екенін көптеп айтып келеді. Білуімізше, Еуропа елдерінде жеке кәсіпкерлік экономиканың 80 пайызына жуық-тайды. Павлодар облысында бұл орайда қандай ілгерілеушіліктер бар?

- Иә, шын мәнінде дамыған елдерде ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) шағын және орта бизнестің үлесі 80%-ға дейін жетеді. Өкінішке қарай, біз әлі мұндай табысқа жете қойған жоқпыз. Осы ретте, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметіне кәсіпкерліктің үлесін кем дегенде 40%-ға жеткізуді тапсырған болатын. Бұл – біз бағындыра алатын белес.

Жыл басында шағын және орта бизнестің үлес салмағы 23,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 17,8% дегейінде ғана болған еді. Демек, өсім бар. Жалпы, әлі де болса табысымыз аз. Отандық бизнестің көсегесін көгертуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар нақты нәтижесін берісі 3 жыл, әрісі 
5 жылдан кейін көрсетеді. Бүгінгі жұмысымыз жемісін беріп, белгіленген мерзімде межеге қол жеткіземіз деген үміттеміз.

- Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, кәсіпкерліктің тасын өрге домалату үшін қолдау жасалуда. Десе де, кәсіпкерлер тиімді несиеге қол жеткізуге, сыртқы нарыққа шығуға қатысты проблемалардың бар екенін айтады. Осы түйткілдерді шешуге Ұлттық кәсіпкерлер палата-сының білек түре кіріскенін білеміз. Аз уақыт өтсе де, қол жеткен оң нәтиже бар ма?

- Несие алу жолында түрлі кедергілер кездесетіні рас. Әсіресе, ауыл кәсіпкерлігіне тән күрделі мәселе. Бүгінде елді мекендерге несие ұсынатын екінші деңгейлі банктер тым аз. Бұл жерде бірнеше себеп бар. Бірі - ауыл халқында банктердің талабын қанағаттандыратындай кепілзаттар жоқ. Осылайша, жарнамаланып жатқан тартымды несиелердің барлығы дерлік ауылдықтарға арман күйінде қалуда. Бұл - республикалық деңгейдегі проблема. Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы мәселені өз қолына алып отыр. Атап айтсақ, өңірімізде облыстық кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазАгро» АҚ арасында келіссөздер жүргізілді. Аталған құрылым ауыл бизнесіне ерекше көңіл бөлетін болады. Әсіресе, қаржылай қолдау, қол жетімді несие мәселелері назарға алынады. Ал қалалық жерлерде банктер кәсіпкерлердің «талғамына» қарай түрлі несие шарттарын ұсынуда. Өсімақыны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы субсидиялау мүмкіндігіне ие.

Енді, отандық кәсіпкерлердің шетел нарығын «бағындыру» мәселесіне келсек. Кәсіпкерлеріміз тауар экспорттау барысында қиындықтарға тап болатыны рас. Басқа мемлекеттерді айтпағанда, көршілес Ресейге тауар өткізуде кедергілер бар. Оның мәнісін түсіндіре кетейін. Бүгінде отандық кәсіпкерлердің мүддесін шетелде қорғай алатын институт дұрыс дамымаған. Бізге шет мемлекеттерде табысты жұмыс істейтін сауда және коммерциялық өкілдіктер жеткіліксіз.

Меніңше, экспортты мемлекеттік қолдау аясында шетелде сауда үйлері жүйесін құру қажет. Жоқ дегенде Ресейдің шекаралас өңірлерінде қазақстандық өнімді ұсынатын орталықтар қажет. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық қатынастар жағдайында аса маңызды.

Біз, қазақстандық бизнестің өкілдері ретінде шетелмен сауда айналымының ұлғаюына, экспорттық әлеуетіміздің артуына мүдделіміз. Сондықтан жоғарыда аталған іске кірісудеміз. Бірінші кезекте Омбы, Новосібір өңірлері назарға алынбақ. Бұл экспорттық нарықты ұлғайтып, кәсіпкерліктің одан әрі дамуына мол мүмкіндік береді.

Сауда өкілдіктерінің пайда болуымен экспортшыларды қаржылай қолдау мәселесі де оң шешіле түсер еді. Көліктік-логистикалық қызметтерді жетілдіру қажеттілігі туындайды.

- Павлодар – индустриялық өңір, ірі өнеркәсіп орындары шоғырланған. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ете ала ма? Айтпағымыз, ірі өндіріс ошақтарының қажетін өтейтін қызмет орындарын көптеп ашуға мүмкіндік бере ме?

- Әрине. Өздеріңіз білетіндей, бізде металлургия, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-химия саласының ірі кәсіпорындары шоғырланған. Осынау «алпауыттардың» барлығы шағын және орта бизнес субъектілерінің өндіретін тауарларын, көрсететін қызметі мен жұмыстарын қажет етеді. Ірі кәсіпорындар тұтынатын тауарлар түрі көп: бұл азық-түлік, арнайы киімдер, көлік тасымалы, күзет қызметі, жарнамалар және тағы басқалар. Шағын және орта бизнес нысандары қазірдің өзінде ірі компаниялар қажеттілігін өтеуде. Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түсетін мүмкіндік бар. Бұл ретте кәсіпкерлер палатасы ірі кәсіпорындар мен ШОБ арасында әріптестік туралы бағдарламалар әзірлеуді ұсынып отыр. Бұл екі тарап үшін де тиімді.

- Кеден одағын құрып, енді Еуразиялық экономикалық одақ-қа еніп отырмыз. Бұл – отандық өндірушілерге ашылған жаңа мүмкіндік, нарық екені айтылуда. Қалай ойлайсыз, өзімізді былай қойғанда, сыртқы нарықтың сұранысын туғызатындай сапалы өнімдер шығаруға қол жеткізе алдық па?

- Өңірдің басты экспорттаушылары - отын-энергетика, металлургия, мұнай-химия саласының кәсіпорындары. Сыртқа сатылатын өнімдердің 80 пайызы - солардың еншісінде. Бұдан бөлек, шетелге сым-кабель, кондитер өнімдері, дәрілік заттар мен қағаз сияқты басқа да тауарлар шығарылады. Осы бағыттар бойынша сыртқы нарыққа жол тапқан кәсіпорындар қатарында «Қазэнергокабель» АҚ, «Крендель» ЖШС, «Ромат» ЖШС, «Гофротара зауыты» ЖШС, «Kazakhstan Project» ЖШС сияқты басқа да өндіріс орындарды бар. Осы компаниялардың тәжірибесіне қарап, біздің өндірушілеріміздің өз тауарын алыс, жақын шет мемлекеттерге шығаруға дайын екенін көруге болады.

Еуразиялық экономикалық одақ нарығы өнеркәсіп өнімдерінен бөлек, азық-түлік тауарларын экспорттауға мүмкіндік береді. Өзімізге тиесілі орнымызды алу үшін отандық бизнес өндіріс ауқымын үздіксіз арттырып, өнім сапасын жоғарылатуы тиіс.

- Экспортқа өнім шығарудағы көрсеткіштеріміз әлі де болса мәз емес. Бұл ретте қазақстандық та-уарлар Ресей, Беларусь нарығында қайта сертификаттаудан өту, лицензиялау секілді кедергілерге ұшырайтын көрінеді. Осы мәселе-лерді шешуде Үкіметке, Парламент депутаттарына ұсыныстар жолдадыңыздар ма?

- Бүгінде Кеден одағы елдері арасындағы лицензиялау, сертификат-тауға қатысты мәселелерді жою үшін Қазақстан Республикасының және одаққа мүше елдердің Үкіметтері, Ұлттық институттармен өнімдерге бірыңғай техникалық регламенттер құрылуда. Бұл қазақстандық тауарларды Кедендік одақ аумағында еркін саудалауға мүмкіндік береді. Бұл мәселе де біздің тұрақты назарымызда. Барлық одақ қатысушыларына қойылатын талаптар бірдей болуы керек. Ұлттық кәсіпкерлер палатасында мәселелер реестрі жұмыс істейді. Ол арқылы кез келген кәсіпкер жоғарыда аталған мәселелер бойынша арыз-шағымдарын түсіріп, ұсыныстарын білдіре алады. Ұсыныстар ел Үкіметіне және Парламентке жөнелтіледі.

- Қазір «алғашқы капиталым бар» деп, бизнеске еш ойланбай қойып кетуге болмас. Алдымен ол нарықтың қыр-сырын білетін сауатты тұлға болуы керек секілді...

- Әрине. Ең алдымен бизнесті бастау үшін нақты, өміршең идея қажет. Көп жағдайда кәсіпкерліктің бағытын таңдау қиынға соғып жатады. Яғни, тұрғындар бизнеспен айналысуға деген ниеті болса да, кәсіптің қандай түрін таңдау қажет екенін білмей, дал болып жатады. Бұл ретте, ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Шағын кәсіпкерлікке арналған 100 бизнес-жоспар» анықтамалық кітабын дайындап шығарды. Соның арқасында әрбір азамат өз талғамына сай келетін, бизнес-жоспары дайын идеяны таңдап ала алады.

Биыл Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» бағыты бойынша сервистік қызмет операторы ретінде белгіленді. Біз іріктеп алған 6 сервистік компания бизнес өкілдеріне бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, кедендік рәсімдеу, тағы да басқа бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Жаңадан ісін бастаған кәсіпкерлерге шеберлік сабақтарын өткізеді. Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Сондай-ақ, ағымдағы жылы облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанынан Кәсіпкерлер мектебін ашуды жоспарлап отырмыз.

- Өзіңіз кәсіпкерлікті қалай түсінесіз? «Кәсіпкер» деген қандай мәртебе?

- Кәсіпкерлікке қатысты атақты неміс экономисі Йозеф Алоиз Шумпетер: «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу», деп ерекше баға беріп кеткен болатын. Соған қарағанда, кәсіпкер мәртебесі әркімге бұйыра бермейтінін атап өткен жөн.

Бизнеспен айналысуға бет бұрғаннан кейін әр кәсіпкер өз ісін табысты жүргізуге тырысатыны белгілі. Ол зор қажыр-қайратты, жауапкершілікті, жоғарыда атап өткендей, білімін үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Бұл – табыстың кілті. Бизнес – үнемі бәсекелестікті қажет ететін сала. Жұмсақтық, селқостық – мүлдем «кешірілмейтін» дүниелер. Табысты кәсіп-кер кез келген тығырықтан шыға алады. Себебі ол өзгелер көрмейтін жолдарды көре алады.

- Көп ретте бизнесте кім табысқа кенеледі – әйел ме, ер адам ба? Және неліктен екеніне үңіліп көрдіңіз бе?

- «Бизнесте әйел, ер азамат деген түсінік жоқ. Тек іскерлік әріптестер ғана бар» деген қағиданы естіген боларсыздар. Дегенмен, гендерлік тұрғыдан алатын болсақ, қалай да айырмашылықтың бар екенін түсінесің. Әйел затының жаны қашанда жаңашылдыққа жақын. Әйелдер қауымы өзін тұтынушыларының, серіктестерінің орынына қойып, жан-жақты бағамдай алады. Есесіне, ерлер қауымы қалыптасқан жағдайды жалпы бағамдап, нақты стратегия құра алады. Олар бар жұмысын мақсатты түрде, бір бағытта жүргізеді. Себебі табиғатынан табанды, мақсатты болып келеді. Қалай болғанда да, кәсіпкер, ол мейлі әйел немесе ер азамат болсын, өмірде өз дегеніне жете алатын жандар деп білуіміз керек.

- Бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Дерекнамасы: Сарыарқа самалы


Еншілес ұйымдар

Серіктестер