astana-view

«Нұр Отанның» сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы бойынша 900 ұсыныс түсті

2014 жылғы 08 Қазан
3436 просмотров

«Нұр Отан» партиясының көпшілік талқысына ұсынылған 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы бойынша партия мүшелерінен, сарапшылар қауымдастығынан және интернет-пайдаланушылардан 900-ге жуық ұсыныс түсті, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Партия Бағдарламасының жобасы бастауыш партия ұйымдарында, партия филиалдарының Саяси Кеңестерінің отырыстарында кеңінен талқыланды. ҚР Парламент Мәжілісі өкілдері мен азаматтық сектордан жұмыс тобының электронды адресіне жемқорлыққа қарсы бағдарлама бойынша көптеген толықтырулар мен ұсыныстар түсті.

Бұл үдерістен республикалық деңгейдегі жастар ұйымдарының көшбасшылары да тыс қалмады. Олар партия хатшысы Фархат Қуанғановпен кездесу барысында бірқатар сындарлы ұсыныстар жасаған болатын.

Айталық, «Қазақстан Азаматтық Алянсы» жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Сергей Беловтың пікірінше, «жастар арасында патриотизм мәселесі өте өзекті және нағыз патриот параны алмауы да, бермеуі де керек». Осылайша, отансүйгіштік сөзбен емес, іспен бекітілуі тиіс.

«Жемқорлыққа қарсы іс-қимылды ынсаптылық, материалдық игіліктерден руханилықты жоғары қою секілді құндылықтарды дәріптеу арқылы іске асыру керек», - деп есептейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Жастар саясаты орталығының төрағасы Нұрмұхамед Қыдырәлиев.

Бағдарлама жобасына өз ұстанымын Қазақстан бизнесі де білдірді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы партияның жемқорлыққа қарсы күресіне арналған бірлескен отырыс барысында өз қолдауын жеткізген еді.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасы жобасының ілгерілеуіне сүйеніш және құрал, керек десеңіз, серіктес те болады. Біз бұған мүдделіміз», - деді ҰКП төрағасы А.Мырзахметов.

Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жемқорлыққа қарсы тұрудың тиімді тетігі ретінде қоғамдық тыңдаулар өткізуге ұсыныс жасады. Яғни, бұл партия Бағдарламасын іске асырудың бір тармағы болып қалыптасады.

«Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы бағдарламасын УЕҰ өкілдерімен талқылау жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы биылғы жылдың шілдесінде 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жобасын көпшіліктің талқылауына ұсынған болатын. Аталған құжаттың жобасы партиялық және сарапшылар алаңында қаралды. Бағдарлама жобасына байланысты партия мүшелерінен, сарапшылар қауымдастығынан және интернет-пайдаланушылардан 900-ге жуық ұсыныс пен толықтыру түсті. Барлық ұсыныстар мен ескертулер іріктеліп, биылғы жылдың күзінде Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында бекітілуі жоспарланған ақырғы үлгісін дайындауда ескеріледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер