Қызылордадағы колледж сұранысқа ие мамандарды дайындайды
Қызылорда облысында маман жетіспеушіліктің алдын алу, сұранысқа сай мамандарды дайындау, жастар арасында жұмыссыздықты азайту және кәсіпкерлерге қажет кадрларды алдын-ала оқыту мақсатында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы алғаш рет колледждерді корпоративті басқару арқылы дуалды оқытуды ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып отыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ағымдағы жылдың басында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы, облыстық білім басқармасы, аталмыш оқу орны мен әлеуметтік әріптес кәсіпкерлерден құралған ассоциациясы арасында 4 жақты келісім-шарттарға қол қойылған болатын. Осы орайда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес төрағасы Асқар Махамбетов кәсіптік-техникалық мамандар даярлайтын колледждің дуалды оқыту жүйесінің жұмысымен танысты.
«Қазіргі таңда кәсіпорындарда кәсіптік-техникалық мамандар мен қызмет көрсету саласының кадрлары жетіспейді. Кәсіпкерлердің басты проблемасы ол – білікті жұмысшы кадрдың жетіспеушілігі. Осы орайда Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы облыста алғаш болып қолға алынған дуалды оқытудың процесін бақылап отырамыз. Өйткені, осы колледжде білім алған студенттер – болашақ біздің мамандарымыз. Қазіргі таңда колледжді корпоративті басқаруға 4 компания қатысып отыр. Олардың қатарында «Бест сервис ЛТД» ЖШС, «К-груп» ЖШС, «РАИМ» ЖШС , «Аль-Асад» ЖШС-і бар», – деді Асқар Махамбетов.
Оқу орнында «Тоңазытқыш сығымдағыш машиналары мен қондырғылары», «Радиотехника және байланыс», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» жаңа мамандықтары ашылды. Қазіргі кезде білім ордасында 10 мамандық бойынша мамандар даярлануда. 2015-2017 жылдар аралығында «Қонақ үй шаруашылығына қызмет көрсету және ұйымдастыру», «Шаштараз өнері және сәнді косметика» сынды тағы екі жаңа мамандық ашылады деп жоспарлануда. Бүгінгі күні, оқу орны атауын «Қызмет көрсету және сервис» колледжі етіп қайта құру құжаттары әзірленуде.
Облыс әкімі білім ордасының бірқатар оқу-зертханалық кабинеттеріне кіріп, материалдық-техникалық базасымен және оқу жүйесімен танысып шықты. Студенттерге артар сенімнің зор екендігін айтқан аймақ басшысы: «Сіздер үшін еңбек ресурстары арнайы жасалынып, ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар белгіленді. Осы мамандықтардың оқу-зертханаларын заманауи қондырғылармен жабдықтауға облыстық бюджеттен 106 млн теңге қаражат бөлінді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп оқу орны мұғалімдері Белоруссияның ұлттық кәсіптік білім беру институтында біліктілік арттыру курстарынан өтті. Сіздердің еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті маман атануларыңыз үшін барлық жағдай жасалуда», – деді.
Сонымен қатар, колледж басшылығы облыс әкімі алдына оқу орнына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және 100 орындық жатақхана, жаңа спорт зал мен зертханалық корпус салу мәселелерін көтеріп, қаражат қарастырылуын сұрады. Облыс әкімі Қ.Көшербаев өңір бюджетінен қаржы бөлінетінін жеткізіп, келесі оқу жылына дейін аталған жоспарларды аяқтауды тапсырды.
Дерекнамасы: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру:
Пікірлер: