«Бизнеске әркімнің-ақ, бар таласы...»
Бизнеске әркімнің-ақ бар таласы-ау. Дегенмен, тінтіп діңкеңді құртар тексерушілерден сізді әкімшіліктің әр биігінде қорғап-қолдап отырар тамыр-танысыңыз болмаса, кәсіп ашып көл-көсір пайдаға шығам деу бекер, бөліспей ештеңе татырмайтын мына заманда.
«Бизнес» деген ұғым біздің нарыққа 90-шы жылдары келіп еді. Қазір елдегі мүйізі қарағайдай ірі бизнес марғасқалары кәсіпкерлікті сол жылдары бастап, аяққа тұрып еді. Ол шақта бизнеске қолдау басқаша болған деседі.
Жеңілдіктер, төмен пайызбен несие беру, салық түрлерінен босату деген сықылды. Тіпті, бизнес бастаған әр кәсіпкердің 1,5, 2 жылға дейін ешкім есігін қақпаған.
Мораторий бүгін де бар. Дегенмен, бизнеске бөгет, бюрократия деген әлі көп. Кәсіпкерлер елдегі сан түрлі бағдарламаларға қатысқанмен, «байқау ашық жүргізілмейді», деп зар қағады.
Конкурсқа өткізген бизнес-жоспарлар тым ұзақ талқыланады деп бір күйінсе, оның қандай талаптарға байланысты өтпей қалғанын тағы біле алмай дал.
Айнұр Омар, тілші:
Ақпарат құралдарында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көп көмек берілетіні жиі айтылады. Хош, бизнес жоспар жазайық, құжат жинайық, несие алу үшін. Бірақ, сан түрлі кедергі осыдан басталады.
Құжаттан өзге, кепілге мүлік қою, алғашқы жарна салымын төлеу, тіпті жергілікті биліктің көзге көрінер-көрінбес талаптары таудай талпыныспен бизнес бастағысы келген адамның маңдайын тасқа тірейді.
Бұл - маңдайы тасқа, көзі жасқа толған кәсіпкер. Тері илейтін шағын цех ашқысы келген. Маңайдағы ауылдардан 500-ге жуық тері-терсек жинап қояды. Қытайдан оны өңдейтін құрал-жабдықтар алып, әне-міне жұмыс жүріп кетеді деп отырғанда...
Асхат Кәукер, Қоянды ауылының тұрғыны:
Бизнес орталығына барған едік, олар «жарайды, біз қолдаймыз, 3 миллион теңге несие де береміз», деді. Сол бойынша құжаттарды жинап, үйімізге бағалау жасатып, барлығына жаздай жүгіріп, енді банкке барсақ, «сендерде жер жоқ екен, жер болмаса біз несие бере алмаймыз», дейді.
Асхат Кәукер аудан әкімінің қабылдауына барып, мәселенің мән-жайын сөйлеспек болған. Бірақ, 2 ай жүріп, әрең кіргенде әкім орынбасарының жауабы қысқа болыпты, «жер жоқ, тек аукционмен сатылады!».
Асхат Кәукер, Қоянды ауылының тұрғыны:
Аукцион бола ма деп күттік, аукцион болған жоқ. Ертеректе аукционға қатысқанбыз, онда да «баяғы бармақ басты, көз қысты» екен ғой. Сонымен, несие де алған жоқпыз, кәсібіміз де тоқтап тұр.
Тау болып үйілген тері өңделмеген қалпы далада қалды. Өздері теріні шамалары жеткенше, бұрынғының тәсілімен иін қандырып, қажетке жаратып отырғанын айтады. Мына шағын бөлмеде Қытайдан келген туыстары бірігіп іс тігеді. Әлгі теріден ұлтарақ, бешпет, көліктің орындығын қаптайтын жұмсақ қап жасайды.
Бақытжан Қаплат, Қоянды ауылының тұрғыны:
Мына жер тар, 5 соток участок бір жағында отырмыз. Тері илеу үшін қанша химиялық әдістер жасалады. Оны маңайға төгуге болмайды. Сонда да аз-аз иледік. Енді қыстай осылай ақырын-ақырын үйден кәсіп қыламыз, деп отырмыз.
Жер бермеді деп жасып отырған жоқ. Ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдарын саудалап жатыр. Ұлтарақтай жер тисе, кәсібінің алға басарына сенеді. Өйткені, тері бұйымдарына сұраныс болғанымен, оны өңдейтін жер жоқ. Кәсіпкерді қынжылтатыны осы. Қайда барса да, алдымен қағаз түгендейді, сосын тағы жерінің жоқтығын айтады.
«Бизнесті ақшасыз бастау – тәуекелге бел буу», дейді депутат Тұрсынбек Өмірзақов. Қаржыдан бөлек, құжат жинау да оңай шаруа емес.
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әкімшілік кедергілер көп. Елбасы үнемі «лицензиялық жүйені азайтыңдар, бизнеске жағдай жасаңдар», дейді. Біз жыл сайын 30 пайызға азайтамыз. Мен осы Астанада «Атамекен» қоғамын басқарғанмын. Сонда жыл сайын азайтамыз, сол қанша азайтып жатсақ та бітуге тиісті еді, ол бітпейді, үнемі көбейеді.
Тиісті мекемеден рұқсат алу үшін айлап, тіпті жылдап күтіп қаламыз, деп шағымданады кәсіпкерлер. Бірақ ол қағаздың өзі - бірін алып жатса, екіншісінің мерзімі өтіп жатады.
Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Рұқсат алу үшін сенің бастыққа баруың керек. Бастық оны қарайды, тағы да бір керек емес қағаздарды сұрайды. Осылайша жұмысты істеткізбейді. Сондай әкімшілік кедергілер бізде болмауға тиісті.
Біз бұрынғы кәсіпкер Ербол Сүлейменовпен қаланың ең сәулетті жерінде кездестік. Кезінде нәпақасын құрылыс саласынан тапқан оның ісін әкімшілік кедергілер біржолата тоқтатқан.
Ербол Сүйлейменов, Астана қаласының тұрғыны:
Кедергілер жергілікті атқарушы органдардан жасалады. Үндемей қалу, жауап бермеу. Мысалға, өндірістік база салу үшін жер сұрасаң, Жер Кодексінің 42-ші немесе 43-ші баптарында көрсетілген мерзімі екі ай деген сияқты. Нақты жауап беру керек. Олар 3 ай, 4 ай немесе телефонмен хабарлай салады, «сізге болмайтын болды», деп.
Кірпіш шығаратын шағын цех ашсаң да, жер керек. Құзырлы мекемеден «Жер бере алмаймыз» деген жауапты алу үшін ол жылдап күтті. Немқұрайлылық, жайбарақаттық, біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейдінің кері келеді ақыры.
Қолын бір сілтеп кәсіпкерлікті тастады. Кәсіпкерлерге қолдау көрсететін ұйымдардан көңілі қалды, алаулатып-жалаулатып көмек береміз деген жарнамаға сенбейтін болды.
Ербол Сүйлейменов, Астана қаласының тұрғыны:
Сенбейді, халық. Мың жерден жарнамаласа да сенбейді. Себебі, пайда жоқ қой. Сізге қандай да бір миллион несиеалу үшін, миллион ақшаңыз болуы керек. Ол күлкілі нәрсе ғой.
Иә, бұл таныс жайт. Мысалы, белгілі бір қордан 20 миллион теңге көмек алу үшін жарна есебінде жеке шотыңызда 3 миллион теңге болуы тиіс, ал ең аз деген 3 миллионды алу үшін 600 мың теңге керек. Сонда дейді, кәсіпкерлер, тым болмаса жарты миллион ақшам болса, мемлекеттен несие алып қайтеміз?
Соңғы кездері кәсіпкерлерге кедергі келтіріп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің аты атала бастады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай бастама жасады. Бәріне күйе жағуға болмас, бірақ жариялау арқылы аз да болса, бюрократияға тосқауыл қоймақ.
Эльдар Жұмағазиев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аппарат басшысының орынбасары:
Басым бөлігі жер беру, жер қатынастары мәселесі. Бұл жалпы кәсіпкерлердің түскен арызының 14 пайызын құрайды, ел бойынша. Соттың шешімі шығады мысалы, кәсіпкерді қолдауға байланысты. «Кәсіпкерге осы жер тиесілі деген шешім шығады», мысалы. Оны мемлекеттік органда отырған қызметкер орындауға құлықсыз.
Керек десеңіз, кедергінің түр-түрі бар. Жер қатынастарынан бастап, Экологиялық полицияға дейін.
Эльдар Жұмағазиев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аппарат басшысының орынбасары:
Құрылыс және архитектура саласы. Бір мысал келтіре кетейін, аймақтарға барған әріптесім айтып отыр, бір бизнесмен үлкен ғимарат салып, ол ғимаратты тапсырып, құжаттарды алу үшін, СЭС, төтенше жағдайлар, экология, су арнасы, газ қызметін көрсететін құрылымдарды 4 рет айналып шығу керек. Регламентін санап қарасақ, осы құжаттарды алу үшін 1,5 жыл керек.
Бизнеске салған ақшаң бір жарым жылдан кейін аз да болса табыс әкелу керек. Бірақ, бізде бұл уақыт ішінде кәсіпкердің жұмысы тоқтап, салып жатқан құрылысы сақалды құрылысқа айналады, жұмыс істей бастаған құрылғысы далада қалады.
Бір сөзбен айтсақ, кім бар, кім жоқ. Мемлекеттен берілетін көмек, берілетін несие-байығандарды байыта түседі. Ал, қолы қысқалар алақанын жайып сол күйі қалады. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер осындай пікірде.
Ербол Сүйлейменов, Астана қаласының тұрғыны:
Әкімнің інісі, мысалы. Қайда екенін, қалай екенін айтпай-ақ қояйын. Ол үлкен бір бизнесті игеріп отыр. Бұл қалай? Ол әрине, өзінше бір ақыл айтуы мүмкін. Бірақ, оған 100 есе оңайлау. Солай емес пе, ол мен сияқты күткен жоқ, ол мен сияқты қиналған жоқ. Демеу бар.
Өз күшімен, ірі капиталсыз, таныссыз бизнес бастағандар ағынға қарсы жүзген қайық сияқты. Қалт-құлт тіршілік кешіп жатыр. Мемлекет, қоғам, кәсіпкер – бәрінің илеп жүргені бір терінің пұшпағы.
Бизнес дамыса, ел экономикасы өркендейді. Шеттен тауар тасу азаяды, жұртты жұмыспен қамту да қиын болмайды. Егер осы үшеуінің бірінен олқылық кетсе, дәл мына қоймадағы қатып қалған тері сияқты істеген ісің кері кетеді.
Дерекнамасы: Қазақстан
Пікір қалдыру:
Пікірлер: