astana-view

Халықтық капитал

2014 жылғы 13 Қазан
2806 просмотров

Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үйлердің бағасы күннен-күнге шарықтай түсуде. Жыл басынан бері қос шаһардағы баспана құны 18-ден 28 пайызға дейін қымбаттаған. Қарапайым халықтың қолы онсыз да жетпей жүрген үй бағасы "EXPO-2017" көрмесі қарсаңында мүлдем аспандап кетуі ықтимал. Жылжымайтын мүлік саудасындағы ілгерлеу динамикасы жайлы "Халықтық капитал" жобасының жүргізушісі Жанар Жолтаевадан сұрап көрейік.

Нарықтағы риэлторлар қазірден бөріктерін аспанға атып, қос алақандарын ысқылап, бағаның күрт көтерілуін күтіп отыр. Қазақстан риелторлар қауымдастығы Астанада жылжымайтын мүлік жыл сайын 6 пайызға көтеріліп отыратыны хақ -дейді. Мамандар, EXPO кезінде сырттан ағылатын адам нөпірі ұлғаюына байланысты, бағаның біршама өсуін қалыпты жағдайға балап отыр.

«ЕХРО-2017» дүниежүзілік көрмесіне 100 мемлекет пен 10-ға жуық халықаралық ұйым өкілдері қатысады деп жоспарланған. Шараны өткізуге белгіленген 3 айдың ішінде Астана 2 миллионға жуық мейман қабылдамақ. Осы орайда, құрылысы қарқын алған жаңа баспаналардың бағасы 20-дан 30 пайызға дейін өседі деп күтілуде. Әзірге Астана үйлерінің орташа құны 1 шаршы метріне 371 мың 22 теңге. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда, 18 пайызға жоғары. Ал былтырғы жылмен салыстырсақ, бірден 22 пайызға көп. 

Жалпы, жыл басынан бергі 6 айды есепке алғанда, Қазақстанда 86 мың баспана сатылған екен. Сатып алушылардың дені - Алматылықтар. "Қазриэлт" порталының дерегінше, Алматыда жаңадан бой көтерген үйлердің құны шаршы метріне 356 мың теңге көлемінде. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл 18 пайызға жоғары. Ал жер үйлердің орташа бағасы 51 миллион теңгеге бағаланған. Былтырғы жылдың дәл осы аралығымен салыстырғанда олардың құны 2 пайызға ғана көбейген екен.

Ал Үкімет Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Оның талаптарына сай, екінші деңгейлі банктер, сақтандыру компаниялары мен қор нарығы Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Бірыңғай экономикалық аймақпен интеграция жасау негізінде жұмыс істейді. Құжат шеңберінде экономикалық ықпалдасу жағдайында қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапалы дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру, оның өсу ресурстарын кеңейту, сондый-ақ теңдестірілген экономикалық жағдайларға қолдау көрсету мен экономикадағы кредиттік тәуекелдерді төмендету сияқты міндеттерді іске асыру көзделген.

АСҚАР ЕЛЕМЕСОВ, "Ұлттық кәсіпкерлер палатасы" төралқасының қаржылық сектор комитетінің төрағасы:  

Біздің болашақтағы қаржы нарығы, қаржы секторы қайтіп даму керек екенін, біріншіден өзінің пікірін Ұлттық банк нарыққа жеткізді. Нарық дегеніміз сектор ғой: банктер, сақтандыру компаниялары, брокерлік компаниялар. Олар сол пікірді алып, ортаға қойып, талқылап өзара, сөйтіп Ұлттық банкіге біраз ұсыныстармен қайтып келді. Сол ұсыныстардың біразын Ұлттық банк концепцияның текстіне енгізген. 

Банк секторының Қазақстан экономикасындағы үлесі жыл өткен сайын мардымсыз болып барады. Егер 2010 жылы қаржы институттары ішкі жалпы өнімнің 70 пайызын қамтамасыз етсе, бүгінде бұл көрсеткіш 45 пайызға дейін төмендеген. Мұндай кері динамиканың себебін қаржыгерлер 2004 жылы сабын көпіршігі секілді үрленіп, 2007 жылы жарылып кеткен жылжымайтын мүлік саудасымен, 2008 жылы болған дағдарыс салқынымен, артынша инфляция кесірінен несиеге деген сұраныстың төмендеуінен түсіндіруде. 

Еліміздегі банк саласы активтерінің үлесі, өзге елдермен салыстырғанда, Ішкі жалпы өнімнен қалыс келеді. Аталмыш тұжырымдама бұл көрсеткішті 80 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік бермек. Құжат Ұлттық банк, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында көп талқылаудан өтті. Сондықтан қаржы секторының қатысушылары үшін бұл өте маңызды стратегиялық құжат.       

2019 жылдан бастап банктердің меншікті капиталының ең төменгі мөлшеріне қойылатын талап белгіленген 10 миллиард теңгеден 100 миллиард теңгеге дейін біртіндеп ұлғаймақ. Әзірге еліміздегі 38 банктің үштен бір бөлігі ғана бұл талапқа сай. 5 жылдың ішінде меншікті капиталын межелеген мөлшерге жеткізе алмаған қаржы институттары өз жұмысын тоқтатпайды, алайда олар үшін жеке тұлғалардың депозиттерін тартудың ең жоғары сомасы шектелетін болады. Банктерге қойылған мұндай қатқыл шаралар несиелеудің ішкі жалпы өнімдегі үлесін арттыру, тұтынушыларды қаржылық қызметтермен қамтуды кеңейту, жаңа жоғары технологиялық қызметтерді дамыту мен Базель III стандарттарына көшу үшін қажет. 

Шетелдік банктердің елімізге келуі, құнды қағаздар нарығындаға зейнетақы реформасы, сақтандыру саласындағы өзгерістер - қаржы секторын құбылтпай қоймады. Қазақстанның қаржы нарығы осы өзгерістермен санаса отырып, болашақта қалай дамуы тиіс? Тұжырымдаманың негізі ойы осы. Алдағы даму жоспарымызды анықтап, ойын шарттарын пысықтап, қаржы секторының дамуын түрлі тараптарға қолайлы ете отырып қамтамасыз ету.

Өмір тоқтаусыз қимыл-қозғалыстан, ілгерлеу мен дамудан құралған. Ал сіз, әр 5 секунд сайын әлемде не болып жатқандығынан хабардарсыз ба? Ғаламторда әр бес секунд сайын 47 жаңа сайт пайда болады екен. Әр бес секунд сайын «Инстаграмға» 300 жаңа сурет жүктелсе, «Фейсбукте» 205 мың жазба жазылып, «Твиттерге» 23 мың пост жарияланады екен. Әр бес секунд сайын әлемде 35 мың «Кока кола» сусыны мен Америкада 1750 дана пицца сатылады екен. Сондай-ақ әр бес секунд сайын Билл Гейтс 1250 доллар табыс табады.

Дерекнамасы: 31 канал


Еншілес ұйымдар

Серіктестер