astana-view

ДСҰ-ға енгеннен кейін Қазақстанды қырғыздың тоқыма өндірісі жаулап алады деу негізсіз - ҰКП

2014 жылғы 13 Қараша
2207 просмотров

ДСҰ-ға енгеннен кейін Қазақстанды қырғыздың тоқыма өндірісі жаулап алады деу негізсіз. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлім етті.

«Біз жақында ғана жеңіл өнеркәсіпті қолдаудың кешенді бағдарламасын жарияладық. Бұл бағыт жыл бойын кеңінен әрі жан-жақты талқыланды. Егер осында қамтылған жоспарды жүзеге асырсақ, онда отандық өндіріс серпілетін еді», - деді журналистер сауалына жауап берген палата басшысы А. Мырзахметов.

Сонымен қатар ол, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен соң Қырғызстанның тауары Қазақстанның тоқымы өндірісін жаулап алады деген қорқынышты да жоққа шығарды.

«Біріншіден, қырғыздың тоқыма өндірісі Қазақстанды жауып қалатындай ауқымды емес. Екіншіден, біз Қырғызстанның тәжірибесін зерделедік, толықтай сараптамалар бар. Сондықтан да, олардың қай бағытта күшті екені, біздің өзімізге қандай жолды дұрыстау керектігі жан-жақты түсінікті. Ал осы бағыттағы қадамның бәрі жақында жарияланған бағдарламада қамтылды», - деді ол.

Басқарма төрағасының айтуына қарағанда, Елбасы Жолдауында  айтылған кәсіпкерлікті қолдауға бөлінетін 100 миллиард теңге аясында жеңіл өнеркәсіпті қолдау шаралары да қарастырылады.

«Жалпы бізде мүмкіндіктер бар. Сондықтан да, ертең Қырғызстан, сосын Вьетнам келеді деп қорқуға болмайды, қайта ашылып жұмыс істеу керек. Ең бастысы жағдай жасап, өзімізге сенімді болсақ, онда бәсекелестікті де қорықпай қабылдауға болады», - деді А. Мырзахметов.  

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер