Елбасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығын қабылдады
Іскер азаматтар нарықтың белді мүшесі болуға талпынуы тиіс. Мемлекет бұл үшін қажет барлық жағдайларды жасады және алдағы уақытта да отандық бизнестің мүддесін қорғайтын болады. Бүгін Ақордада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығын қабылдау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Келер жылы Еуразиялық экономикалық одақ іске қосылатынын қаперге салған Президент, ел кәсіпкерлері алып нарықта бәсекеге қабілетті болуы керектігін айтты.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Биыл бизнесті тексеруге жарияланған мораторий аяқталады. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастайды, соған орай біздің бизнесмендерге жаңа жағдайдағы бәсекелестікке дайындалған жөн. Сонымен қатар, Қазақстанда бизнестің дамуына «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты кеңінен жол ашады. Әрбір кәсіпкер өз өрісін тауып, нарыққа «орналасуы» тиіс, ал Ұлттық палата мен мемлекет өз тарапынан соған қажетті барлық жағдайларды жасауы керек.
Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев пен Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Президентке палатаның құрылған уақыттан бергі қызметінің нәтижелері туралы баяндады. Айтуларынша, бизнесті тексеруге жарияланған мораторий елдегі шағын және орта кәсіпті ширатуға мүмкіндік берді. Ал, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы бизнес қауымтастық үшін тың өріс, жаңа мүмкіндіктер ашып отыр, - деді, Палата басшылары.
Тимур ҚҰЛЫБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДИУМ ТӨРАҒАСЫ:
– Ұлттық палатаның барлық басқару органдары, атап айтқанда, президиумы және басқармасы, сондай-ақ облыстағы өңірлік дирекциялары құрылып, жұмыс істеуде. Президиумның комитеттерінде жұмыс салалық және өңірлік қағидаттар бойынша жолға қойылған. Қазір палата Бас прокуратурамен тығыз байланыс орнатты.
Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
– 1 қаңтардан бастап жоспарлы тексерудің орнына тәуекелді бағалау жүйесі қолданылады. Біз барлық кәсіпкерлерді қалған бір жарым айда әзірленіп, құжаттамаларын тәртіпке келтіруге және бекітілген нормалар мен талаптарды жоспарлы тексеріс жоқ кезде сақтауға шақырамыз.
Дерекнамасы: Kazakh TV
Пікір қалдыру:
Пікірлер: