astana-view

Рубль курсының төмендеуінен оралдықтар Ресейге жиі саудаға шығатын болды

2014 жылғы 25 Қараша
2235 просмотров

Ресей рублінің құлдырауы оралдықтар үшін оңды жаңалық болды. Көршілерде азық-түлік пен өзге де өнім түрлері арзандағандықтан, теңгені рубльге айырбастап, шекараның арғы бетіне аттанғандардың қатары көбейген. Көршілерден арзанға көлік тақымдап алғандар да бар. Дегенмен, рубль бағасының бұлай төмендеуі отандық өндірушілерге де кесірін тигізбей қоймасы анық. Ал жағдайдың бақылауда екендігін айтқан облыс атқамінерлері бұл өзгерістің уақытша екендігіне сенімді. 

Рубльдің құлдырағаны көршілермен арадағы алыс-беріске үлкен әсер етті. Осыдан бірер ай бұрын Оралға арзан тауар іздеп келген ресейліктер көп болса, қазір жағдай керісінше. Сауда көрігін қыздырған кәсіпкерлер дүкен сөрелерінде Ресей тауарларының көбейгенін айтады. 

Александр Силантьев, жеке кәсіпкер: 

Қазір Оралға келуші ресейліктер бұрынғыдай емес, күрт азайып кетті. Ал бізге келгендері мұндағы бағаның қымбат екендігін айтып, шағынады. Біз де оларға базар нарқының өзгермегенін айтып, оларда рубль құлдырағандықтан, тауардың арзандағанын түсіндіруден шаршаған емеспіз. Рубль көтерілмесе, енді оларға жиі барып тұратын шығармыз. 

Қаржы айырбастайтын орындағыларлардың дерегіне сүйенсек, елдің өзге облыстарымен салыстырғанда оралдықтар рубльді көбірек сатып алады екен. Егер қыркүйекте 300 миллион Ресей рублі сатылса, қазандағы көрсеткіш 1 миллиард 300 млн рубльге жеткен. 

Сергей Родин, ҚР Ұлттық банкі БҚОФ директорының орынбасары: 

Рубльдің төмендеуі батыс қазақстандықтар үшін тиімді болып тұр. Өйткені Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетін өңір тұрғындары бұл мүмкіндікті мүлт жібермесі анық. Ресей ақшасын көптеп сатып алғандар әзірге халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлікке қызығушылық танытуда. Дегенмен, бүгіннің өзінде Ресейден үй сатып алушылардың бар екендігі айтылып жатыр. Бұл да нарықтың заңдылығы. 

Ал кәсіпкерлер палатасы жағдай бақылауда дейді. Дегенмен, өзге елдің өнімдері өз нарығымызды жаулап алмасы үшін, алдын алу шараларға кіріскен. 

Нұрлан Қайыршин, БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: 

Қазір қалыптасқан жағдайды саралап, «импорт алмасым картасын» жасақтамақпыз. Бұл картада ішкі және сыртқы қажеттіліктер ескеріліп, Кедендік одақ елдері мен үшінші елдерден әкелінер өнімдер көрсетіледі. Осы мәліметтерді зерттеп, жергілікті кәсіпкерлерге қай бағытта жұмыстану керектігін көрсетеміз. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажет-ақ. 

Облыс атқамінерлері де арзан бағалы ресейлік өнімдердің Қазақстан нарығын жайлап алады деген қатердің бекер екендігін айтады. Бұл құбылыстың уақытша екендігін алға тартқан олар бәсекеге қабілетті отандық өнімдердің қашан да сұранысқа ие боларына сенімін білдіруде. 

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі: 

Біз өз тарапымыздан да шығарған өнімдеріміздің өңдеу тәсілін, тереңдете өңдей отырып, оның қосымша құнын арттыру жөнінде жұмыстар жүргізіп отырмыз. Айта кетер болсақ, мал шаруашылығында ет өнімдері, өсімдік шаруашылығындағы басқа да өнімдерді мысалға келтіруге болады. 

Дегенмен мамандар есебінше, рубль бағамы біртіндеп көтеріліп келеді. Сондықтан көрші елдің ақшасына тәуелсіз өз өнімімізді сатып алған абзал болар еді дейді. 

Дерекнамсы: Астана ТВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер