2014 жылы қазақстандық бизнес 8 мың меморандумға қол қойды
2014 жылы қазақстандық бизнес құны 64 млрд теңгені құрайтын 8 мың меморандумға қол қойды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев осылай мәлімдеді.
«Өздеріңізге мәлім, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бизнестің алдында тұрған үлкен мәселелердің бірі. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінде бұл үлкен маңызға ие. Жылдан жылға қазақстандық кәсіпкерліктің әлеуемттік жауапкершілігі артып келе жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, ел ішіндегі экономикалық бағыттарда ағымдағы жылдың ішінде құны 64 млрд теңгені құрайтын 8 мың меморандум бекітілді. Мұның ішіндегі басым бөлігі қоғамның әлеуметтік салаларын оң шешуге ұмтылған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар. Яғни, мектеп, балабақша құрылысын жандандыруға немесе осы саладағы мәселелердің түйінін тарқатуға негізделген десек те болады, - деді ол.
Оның айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлемдік тәжірибеге сүйене отырып бизнестің әлеуметтік ұжымдық жауапкершілігі туралы тұжырымдама дайындады. Тұжырымдама аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қарастырылады.
«Парыз» байқауы бүгінгі таңда кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруда бірегей ынталандырушы құралға айналды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыруды ынталандыру үшін Үкіметке басқа да құралдарды енгізу туралы ұсыныс айтып отырмыз. Біріншіден, мемлекеттік сатып алуда әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорындарға басымдылық беру керектігін көтерсек, екіншіден, 2015 жылдан бастап кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі бойынша рейтингін құруды ұсынудамыз», - дейді Нұржан Әлтаев.
«Таяуда Дүниежүзілік банк 192 елдің экономикасына талдау жасады. Зерттеу нәтижесі бойынша мынадай қорытындыға келді: кез келген елдің экономикасын көтеру құралдарының 64 пайызы адам капиталын дамытуға байланысты. Ал қалғандары технологияны дамыту, қаражат капиталы мен өзге де құралдар. Еліміз ЕАЭО-қа енуі мен ДСҰ кірудің аз-ақ алдында тұрғанда отандық бизнес әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын түсініп отыр», - деп түйіндеді өз сөзін ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.
Дерекнамасы: Strategy-2050
Пікір қалдыру:
Пікірлер: