astana-view

Қызылордалық кәсіпкерлер заң жобасын талқылады

2014 жылғы 19 Желтоқсан
2287 просмотров

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын, «Азаматтық іс жүргізу» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстерін талқылау және оларға енгізілген өзгерістерді кеңінен ақпараттандыру мақсатында мемлекеттік құрылымдар мен салалық қауымдастық өкілдерінің және кәсіпкерлердің қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізілді. Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Палата директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Дархан Мырзалиев модераторлық жасаған іс-шарада Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы Шалқар Қожантаев, Қызылорда облыстық прокуратурасының өкілі Артур Баймаханов, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлсім Таңатова, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жергілікті қамту бөлімінің сарапшысы Аслан Беисов кәсіпкерлерге 2015 жылдан бастап қолданысқа енетін бірқатар нормативтік құқықтық актілер туралы баяндады.

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте шағын және орта бизнеске қатысты кейбір нормалар жетілдірілген. Мәселен, қазіргі қолданыстағы Кодексте айыппұлдар санкциялары шағын және орта бизнес өкілдеріне бір деңгейде қарастырылған. Осыған байланысты жаңа редакциядағы әкімшілік Кодексте шағын кәсіпкерлік нысандары үшін айыппұлдар мөлшерін қолданыстағы заңнамамен салыстырғанда орташа екі есеге азайту қарастырылған.

Бұл жағымды жаңалық кәсіпкерлер арасында оң резонанс тудырып, кең қолдауға ие болды.

Сондай-ақ, шара барысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасының жаңа редакциясы қызу талқыланып, қызылордалық кәсіпкерлер тарапынан бірқатар маңызды ұсыныстар енгізілді. Аталмыш ұсыныстар Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы арқылы заң жобасын әзірлеуші органдарға жолданатын болады.

Айта кету керек, кәсіпкерлерді құқықтық қорғау бағыты аясында бүгінгі күнге дейін палатада кәсіпкерлердің 133 өтініші қаралып, оның 108-і немесе 81 пайызы оң шешімін тапты, қалғандары қаралуда.

Өтініштердің негізгі бөлігі жер, мемлекеттік сатып алу, рұқсат ету рәсімдері мен салық мәселелеріне қатысты.

Сонымен қатар, сот органдарында кәсіпкерлердің құқықтары заңдық тұрғыдан да сүйемелденуде. Бүгінгі күнге дейін палатаның қызметкерлері 21 сот процесіне қатысып, нәтижесінде кәсіпкерлердің 14 талап-арызы бойынша оң шешім қабылданды. Кәсіпкерлердің пайдасына 450 млн.теңге шешілді.

Дерекнамасы: Егемен Қазақстан


Еншілес ұйымдар

Серіктестер