ЖОЛДАУДА КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНА БАСА НАЗАР АУДАРЫЛҒАН
Мемлекет Басшысының «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы қазіргі таңдағы халықаралық нарықтағы тұрақсыздық жағдайында бизнесті мемлекеттік қолдаудың теңдессіз шараларының бірі деп білемін.
Осы жылдың басында экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордан бөлінген 1 триллион теңгенің 100 миллиард теңгесі «Бәйтерек» холдингі мен екінші деңгейлі банктер арқылы игерілді.
Қаржыландырылған жобалардың 60% – бұл жаңа жобалар, және де олардың жартысы азық-түлік саласына жатады. Бұл өңдеу саласына, әсіресе тамақ өнеркәсібіне салмақты қолдау болды, бұл – жаңа өндірістерді құру үшін қаланып жатқан іргетас.
Жалпы, баршаға аян 2008 жылғы дағдарысқа қарсы тәжірибе бойынша мемлекетіміз сыртқы жағымсыз үрдістерге қарсы тұра алатынын дәлелдеді.
Қазір біздің елімізде кәсіпкерлікке көзқарас түбегейлі өзгерді. Бұған Мемлекет басшысының қолдауымен бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру мақсатында құрылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айқын дәлел.
Отандық кәсіпкерлерді бір шаңырақ астына жинауды мақсат тұтқан ұйым бүгінгі күнге дейін еліміздің барлық өңірлерінде аймақтық кәсіпкерлер палаталарын ашып қана қоймай, шағын қалалар мен аудан орталықтарында палата филиалдарының жұмысын ұйымдастырып, кәсіпкерлік қызметті қолдауға нақты қадамдар жасауда.
Біздің облысымызда да барлық аудандарда Палатаның филиалдары құрылған.
Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы, жергілікті бизнес-қауымдастықтың мүдделерін білдіре отырып, «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясатымен көзделген бизнесті қолдаудың шараларын жүзеге асыруда белсенділік танытатын болады.
Қазіргі таңда шағын және орта бизнес үшін Ұлттық қор арқылы жасалып жатқан көмектің қажеттілігі байқалуда. Кәсіпкерлік субъектілеріне несие жеңілдіктеріне бөлінетін қосымша 100 миллиард теңге басымды тамақ, химия, машина жасау өнеркәсібіндегі және қызмет көрсету саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.
Жолдауда аталған ауқымды құрылыс жобалары экономикалық әсерімен қатар халықтың жұмыспен қамтылуында оң нәтиже беретіні сөзсіз. Бұған қоса, жаңа бастаушы кәсіпкерлер үшін (шалғай ауылдардағы) жаппай көмек халықтың бизнеске тартылуының өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр.
Тұтастай алғанда, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Мемлекет Басшысына отандық бизнеске қамқорлығы үшін алғысын білдіре отырып, Жаңа Экономикалық Саясаттың жүзеге асырылуына елеулі үлес қосатынына сенім білдіреді.
Руслан ДОСМАХАНОВ, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры
Дерекнамасы: kyzylorda-news.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: