astana-view

«АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫН 100 ПАЙЫЗ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП КЕЛЕМІЗ»

2015 жылғы 13 Қаңтар
2858 просмотров

Елімізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылып, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда Сыр елінде де соны серпіліс бар. Осы орайда, «kyzylorda-news.kz» интернет газеті өңірдің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан кәсіпкерлерді кеңінен насихаттау мақсатында «Табыс формуласы» атты арнайы айдар ашылғалы отыр.

Бүгін алғашқы сұхбатты аймақтың кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосып жүрген іскер азамат, Қазалы аудандық кәсіпкерлер Кеңесінің төрағасы, «Сыр маржаны» ЖШС-нің директоры Мнажадин Утеевпен жүргізудеміз.

Утеев Мнажадин - «Сыр Маржаны» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты, аудандық Кәсіпкерлер Кеңесінің төрағасы. 1957 жылы 11 сәуірде, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылдық кеңесінде (қазіргі Бекарыстан би ауылы) мұғалімдер отбасында дүниеге келген.

- Мнажадин Сражадинұлы, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

Еңбек жолымды 1973 жылдан Жаңа Қазалы поселкелік коммуналдық мекемесінде слесарь болып бастап, 1975 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына түскенше жұмыс жасадым. Институтты 1979 жылы бухгалтер-экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң осы жылы Жаңа Қазалы поселкесіндегі «Трансельхозтехника» автобазасында аға экономист, бас экономист, «Сельхозтехника» мекемесінде бас есепші болып 1984 жылға дейін қызмет жасадым. 

1984 жылдары Қазалы ауданының КОКП XXII съезі, Карл Маркс, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздарында бас экономист, бас есепші қызметтерін 1992 жылдың наурыз айына дейін атқарып, 1992 жылдың наурызынан Қазалы ауданы Салық инспекциясында бөлім бастығы, 1993 жылдың сәуір айынан Ұлттық банктің Ленинск бөлімшесінің аға экономисі, бас есепшісі болып қызмет істедім. 1996-1999 жылдары «Наурыз» ЖШС директоры, 1999 жылдан осы кезге дейін «Сыр маржаны» ЖШС директоры қызметін атқарып келемін.

- Серіктестікте қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?

«Сыр Маржаны» ЖШС 1999 жылы 9 желтоқсанда Ақтан батыр ауылында ашылды. Серіктестіктің негізгі өсіретін күріш түрлері «Ақмаржан», «Новатор», «Янтарь» және т.б. Алғашында 2000 жылы 350 га күріш егу қолға алынып, 35 жұмысшы қызметкерлер жұмыс жасады. Қазіргі уақытта «Сыр Маржаны» ЖШС-де 145 адам жұмыс жасаса, олардың орташа жалақысы 54106 теңгені құрайды. Қосымша маусым уақытында 60 адам жұмыспен қамтылады.

«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен ынтымақтастық нәтижесінде алынған ауылшаруашылық техникаларының арқасында «Сыр Маржаны» ЖШС-гі ауылшаруашылық өнімдерін өсіруді тұрақты дамытып келеді. Жыл сайын күріш, жаңа жоңышқа егіліп, ескі жоңышқа күтіп бапталып, егін жиналуда. Ауыл тұрғындарын 100 пайыз жұмыспен қамтамасыз етіп келеді.

- Өткен 2014 жылдың мамырынан бастап Кәсіпкер Палатасының Қазалы ауданындағы филиалы өз жұмысын бастаған болатын. Осы уақыт аралығында халыққа қандай көмек көрсеттіңіздер?

Кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері аудандағы кәсіпкерлерге, әсіресе кәсіптерін жаңа бастаған кәсіпкерлерге ерекше қолдау, кеңес беру, тағы басқа көмектер көрсетіп, несиелер алуға монополиялық құрылымдар арасындағы мәселелерді шешуде үлкен жұмыстар атқаруда. Осы уақытқа дейін бастамашы кәсіпкерлерге демеу болып, кәсіпкерлік мүдделерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Филиал директоры мен кеңесші-консультанттар салықтық есептілік жүргізу бойынша, құқықтық сұрақтар, құқығын қорғау бойынша, бизнес-жоспар дайындауға қатысты кеңестерін беріп, аудандағы кәсіпкерліктің дамуына өз ықпалдарын тигізуде. Кәсіпкерлер Палатасының ерекшелігі – кәсіпкерлікті қолдауда 7 бағытта қызмет атқарады және олардың барлығы кәсіпкерлерге тегін түрде жүргізіледі. Өз тарапымнан, филиал жұмысына оң баға беремін. Келешек кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер үшін бұдан да басқа, тың көмектер көрсетеді деп сенеміз.

- Өзіңіз басшылық жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС-нің күріш егуден өзге қандай жобалары бар? 

«Сыр маржаны» ЖШС Ақтан батыр ауылынан жалпы құны 444,1 млн. теңге құрайтын «500 бас мал бордақылау алаңын салу» жобасын жүзеге асыруда. Жоба бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы қаржыландырылу жоспарлануда. Аталған жоба бойынша жылына 220 тоннадан астам ет өндіріліп, 16 адам жаңа жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Серіктестік Ақтан батыр ауылы өңірінен ауылшаруашылығы мақсатында алынған 643 гектар жер учаскесіне аталмыш жобаны жүзеге асыратын болады.

Қазіргі таңда 335,4 млн.теңгеге жоба сметалық құжаттары жасалынып, жобаны тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 108,8 млн. теңгеге жоба сметалық құжаттары әзірленді.

Дерекнамасы: kyzylorda-news.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер