astana-view

Оқушылар мектеп қабырғасынан бизнесті игере бастады

2015 жылғы 15 Қаңтар
2755 просмотров

Қызылордалық оқушылар бизнестің қыр-сырын мектеп қабырғасында меңгере бастады.

Жаңашыл бастамаға өңірдегі кәсіпкерлік палатасы қолдау білдірді. Өскелең жасты нарыққа бейімдеуді көздейтін жоба әзірге сынақ түрінде жүзеге асырылуда. 

«Кәсіпкерлік негіздері» дейтін пән ашылып, арнайы бағдарлама да құрылыпты. 

Қазірден-ақ кәсіпкерлікке ден қойған Рамазан Бектілеу өзінің бизнес жобасын мектеп қабырғасында жүріп әзірлеп қойды. Ол қазақтың қолөнері арқылы табысты іс бастауға талпынуда. Қанша қаржы керек, шикізаттың қоры, еңбек қолы, өндіріске керек технология түрінде әбден зерделеген. 

Рамазан Бектілеу, Оқушы

- Бизнес жоспардың негізгі мақсаты, қандай тауар шығаруды немесе қызмет көрсетуді біз анықтадық. Тауардың негізгі пайдасы неде? Бұл тауардың ерекшелігі сапалы, нарықтағы тауарларға қарағанда өте арзан.

Рамазанның бизнеске икемдігі «Кәсіпкерлік негіздері» пәні арқылы ашылған. Оқушылар сабақ үстінде фирма құрып, табыс табу тәсілдерін ойын түрінде талқылайды екен.

Бизнеске баланы ерте бастан бейімдеуді Ерлан Раимов та мақұлдайды. Тоқырау жылдары тиыннан теңге құраған кәсіпкер қазір орта бизнестен ойып орын алған жайы бар.

Ерлан Раимов, кәсіпкер

- Сол уақытта бізде қазіргідей білім болған жоқ. Ешқандай кітап та болған жоқ. Біз Кеңес Одағында тұрып, нарықтық экономикада жәй ғана бірінші қадамдар басталды. 

Енді мектептерге кәсіпкерліктің қыр-сырына қанық педагогтар керек болары сөзсіз. Жобаны жүзеге асырушылар бұл мәселенің де шешімін тапқан.

Руслан Досмаханов, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры

- Кәсіпкерлер палатасы облыстық білім беру басқармасымен бірге, «Жастар жетістіктері» өңірлік орталықтармен бірге, колледж оқытушыларымен мектеп мұғалімдеріне арналған кәсіпкерліктің жедел курсы атты семинарлар ұйымдастырып жатыр.

Айта кетейік, «Кәсіпкерлік негіздері» факультативтік пәні еліміз бойынша алғаш рет Қызылордадағы №9 мектеп-гимназиясынан бастау алды. Біліктілік арттыру курстарынан өткен ұстаздар қатары артқан сайын, аталмыш пәнді облыстың өзге де мектептеріне енгізу жоспарланып отыр.

Дерекнамасы: Хабар


Еншілес ұйымдар

Серіктестер