ҚҰРЫЛТАЙ: ҚАУІПТІҢ БЕТІН ҚАЛАЙ ҚАЙТАРАМЫЗ?
Соңғы кездері Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жарнасына қатысты мәселе жиі көтеріле бастады.
Ұйымның бекітілген шартына сәйкес егер мүшелікке енген кәсіпорынның қаржылық айналымы 2,8 млрд теңгеден асса, онда жылына ҰКП-ға 8 миллион теңге көлемінде жарна төлеуге тиіс екен. Әрине, мұның тым шектен тыс көптігіне налыған кәсіпкерлер төбе көрсетіп, өз реніштерін білдіруге көшті. Кеше Астанада Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баспасөз мәслихатын өткізіп, туындаған сауалдардың шешімін айтып, 27 қаңтар күні палатаның кезектен тыс құрылтайы шақырылғанын мәлімдеді. Кенеттен жиылатын құрылтайда кәсіпкерлер халықаралық жағдайдың шиеленісуі салдарынан экономикаға төнген қауіп-қатерді ортаға салып, одан шығу жолдарын іздеуге күш салмақшы.
– Бiр жылда жиналған 6 млрд теңге қайда жұмсалды, түсіндіріп берейін – деді Абылай Исабекұлы. – Бiрiншiден, бiз жоспарланған штаттағы қызметкерлердің 40 пайызын жұмысқа алдық. Мұнда ешкiм ештеңе көбейткен жоқ. Орташа есеппен департаменттерде 5 адамнан ғана. Департаменттер көп, себебi қарастыратын салалар өте көп. Бiрақ қызметкерлер бесеуден алынды. Есесіне, жұмыс өте көп. Мәселен, биылғы жылы 24 мың арыз келіп түсті. Оның 10 мыңы меморгандардан жіберілген. Сонда орташа есеппен біздің бір қызметкерге 100 арызбен жұмыс істеуіне тура келеді. Бонустар, сыйлықтар атымен жоқ. Жалпы санамалап айтқанда 6 млрд теңгенiң 60 пайызы жалақы мен салыққа, 12 пайызы кеңсе жалдауға жұмсалды. 10-12 пайызы қарыз өтеуге, 2 пайызы – iс-сапарларға, 2 пайызы – кеңсе тауарларына, 5 пайызы техника мен жиһаз сатып алуға кетті. Ал жекелеген қызметкерлердің алатын жалақысына тоқталар болсам, ең жоғарғы айлықты басқарма мүшелері алады – 750 мың теңге көлемінде. Салық және өзге де міндеттемелер ұсталғандықтан қолдарына 600 мың теңге алады. Бұлардың бәрі, негізінен, ірі-ірі кәсіпкерлер болғандықтан, 600 мың теңге жалақымен оларды тіптен де таңғалдыра алмайсың. Сондай-ақ департамент директорларына 500 мың теңге, үш санатты сарапшыларға 200-300 мың теңге аралығында еңбекақы төленеді. Әйтсе де, жұмыстың тым ауырлығынан осыншама айлық ұсынсақ та одан бас тартып, қызметін тастап кететіндер жиі кездеседі.
Басқарма төрағасы жарна төлеуді ауырсынатын кәсіпкерлердің де уәждерімен келісетіндігін жасырмайды. «Біздің талапқа сай активтері 2,8 млрд теңгеден асатын компаниялар 8 млн теңге көлемінде жарна төлейді. Алайда, олар нақты өндіріспен айналысып, өнім шығарып, активін жоғарыдағы деңгейге әрең жеткізген кәспорындар мен жай мұнай мен газ сатып пайда тауып отырған компаниялардың табысын бір талаппен қарастырып, бірдей жарна алу дұрыс емес деген ойда. Біз енді жаңа шарт дайындап жатырмыз. Оған сәйкес палата мүшелері әртүрлі категориялармен қаралатын болады. Сонда 8 млн теңгелік жарна 1 млн теңгеге дейін төмендейді. Ал мүшелікке жаңадан тіркелген кәсіпкерлерден 5 жылға дейін ештеңе жиналмайды. Бiз жан-жақты талқылай келе кәсiпкерлер палатасының мүшелiк жарнасына қатысты жүйелi шешiм таптық. Үкiметтiң және Парламент Мәжiлiсiнiң қолдауымен бiздiң заңға жаңа өзгерiстер ендi. Ендi 1 қаңтардан бастап, мүшелiк жарнаның көлемi мен белгiленуi, кәсiпкерлердiң кейбiр санаттарын одан босату мәселелерiн Ұлттық кәсiпкерлер палатасының жоғары органы – Құрылтай шешедi. Бұл демократиялық жол, адамдар жарнаны мемлекеттiк органдар немесе үкiмет белгiлейдi деп кiнә артпайтын болады. Құрылтай делегаттары шешiмдi өздерi қабылдайды Мұның барлығы 27 қаңтарға кезектен тыс белгіленген Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылтайында шешіледі» дейді басқарма төрағасы А.Мырзахметов.
Бұл құрылтайға Үкімет басшысы К.Мәсімовпен қатар бірқатар министрлер де қатыспақшы. Басқосуда қазіргі кезде әлем бойынша қиын ахуал талқыға түседі. Мұнай бағасының күн сайын күрт құлдырауы барлығын тығырыққа тіреп барады. Ал оның қашан тоқтайтындығын ешкім де болжап біле алмай дал. Рубьлдің тұрақсыздығы мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерiнiң сауда қатынастарында қазақстандық бизнесмендердің қалай әрекет етуі де кеңінен қозғалмақшы.
«Рубльдiң құлдырауы салдарынан бiздiң тауар өндiрушiлер бәсекелестiк ортада тең жағдайлардан қағылды. Әсiресе, шекара маңындағы аймақтар. Бiз оны айтуымыз керек. Мұнда қандай шаралар қолданамыз? Ең негiзгi және сезiмтал салаларды квоталауымыз шарт. Ең бірінші кезекте – көлiк саласы. Ресейден мыңдаған көлік әкелiндi. Бұл Қазақстан машина жасаушыларына, жалпы экономикаға ауыр соққы болды. Тиісті қауымдастықтың мәлімдеуінше, iшкi сатылым 60 пайызға төмендедi. Бiздiң көлiк өндiрiсiмiз аяғынан ендi тұрып келе жатыр, сондықтан бұған мән бергенiмiз жөн. Бiз шекара маңындағы 500-ге жуық кәсiпорыннан сауалнама жинап, нақты мәліметтерді Үкіметке жолдап тұрмыз. Мұның барлығы билік пен бизнестің бірлесіп атқаратын ісіне айналды» деді Мырзахметов.
Дерекнамасы: Айқын
Пікір қалдыру:
Пікірлер: