astana-view

Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасы баспанасынан айрылғалы жатқан ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетпек

2015 жылғы 16 Қаңтар
2335 просмотров

Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасы қарыздың салдарынан баспанасынан айрылғалы жатқан ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетпек. Мұны біздің арнамыздың тілшілеріне палатаның жергілікті филиалының өкілдері хабарлады. Елдегі ағайынның қиын жағдайға тап болғаны жайлы палата өкілдері өңір басшысының атына арнайы хат жолдаған. «Мемлекеттік органнан ресми жауап екі аптаның ішінде келу керек. Соның нәтижесі бойынша кәсіпкерлер палатасы нақты іс-шараларды қолға алады», - дейді олар. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында кәсібін ашу мақсатымен несие алып, ақыры қарызын қайтара алмаған бизнесмендерге палата заңгерлік көмек көрсетуді бастады. Айта кетейік, аталған қызмет тығырыққа тірелген кәсіпкерлер үшін тегін жүргізілуде. 

Сәкен Ордабаев, Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы: 

Заңгерлік көмек дегеніміз мынандай болмақ, біз кәсіпкерлерге сотқа өтініш жазуға қол ұшын береміз. Және осы іске қатысты сот отырыстарына қатысып, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын боламыз. 

Апта басында Қашыр ауданындағы кәсіпкерлердің проблемасын көрсеткен едік. Баспанасынан айырылу қаупі төнгендердің бірі - Алексей Кох, мемлекеттік бағдарлама арқылы наубайхана ісін жандандыруға несие алған. Алайда жеңілдік ретінде тартылуы тиіс коммуналдық желі тартылмағандықтан, бизнесі тоқырап қалған. Қарызға белшеден батқан кәсіпкер енді соттасудан басқа амал таппай отыр.   

Лариса Кох, кәсіпкер: 

Жұмыспен қамту орталығын сотқа береміз. Олар келісім-шартта көрсетілген талаптарды орындамады. Бізге бір жылдың ішінде коммуникацияны тартып бермеді. Яғни, тоқтап тұрған үш жылдың ішінде ала алмаған кірісті өндіріп алу үшін, шағым түсіретін ойымыз бар. 

Аудандағы бір топ кәсіпкердің тап болған қиындығын жергілікті билік жақсы біледі. Тілшілерімізге «әрбірін жеке қабылдап, ақ-қарасын анықтауға уәде берген» Қашыр өңірінің басшысына қайта хабарластық. Телефон арқылы берген сұхбатында Жанат Шұғаев кешелі-бері әр бизнесменмен кездесіп, біраз мәселенің түйіні шешілгенін жеткізді.  

Жанат Шұғаев, Қашыр ауданының әкімі: 

Су мәселесін мен өзіне сол жерде айттым. Біздің коммуналдық кәсіпорыннан жұмасына, керек болса, күнделікті су әкеліп тұрады. Электр жағы дайын. Бірақ ол айтады, ішкі техникалық шарттарды өзі алу керек. Бірақ оған да техникалық шарттарды алуға да көмектесетін болып отырмыз. Келісім бар, енді сол кәсіпкерлердің тек ынтасы болса, болды.  

Дерекнамасы: Астана ТВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер