astana-view

Ұлттық қордан бөлінетін 1 трлн теңгенің тиімді жұмсалуын бақылаймыз – А.Мырзахметов

2014 жылғы 15 Ақпан
2713 просмотров

Ұлттық қордан бөлінетін 1 трлн теңгенің тиімді жұмсалуын бақылаймыз. Бұл жөнінде бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Қазіргі теңгенің жаңа бағамы экспортқа шығатын салалар үшін тиімді болады, олардың бәсекеге қабілеттігін күшейтеді. Оның ішінде, өңдеу салаларындағы импорттың орнын ығыстыратын отандық кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау керек. Сондықтан теңгенің жаңа бағамы отандық кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Әрине, шетелден келетін тауарлардың алдағы уақытта бағасы өзгеруі мүмкін. Бұл тауарлар әлеуметтік маңызы бар тауарларға жатпайды. Халық тұтынатын негізгі тауарлар өзімізде өндіріледі. Елбасы мұны кеше айтып кетті», - деді А.Мырзахметов.

«Кеше шетелдік инвестиция тарту мәселесі де айтылды. Өңдеу салаларына үлкен көмек көрсетіледі. Ұлттық қордан 1 трлн теңге қаржы бөлінеді. Осы қаржыны жұмсалуы бақыланады. Ұлттық қордың қаражаты болғаннан кейін комиссия құрылып, оның құрамына құқық органдарының өкілдері, депутаттар кіреді. Бұл ретте Ұлттық палатаның да негізгі мақсаты – осы қаражатты өндіріс ашып, дамытқысы келетін азаматтарға жеткізу, өндіріс орындарын ашуға ықпал ету», - деп толықтырды ол.

Айта кетейік, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы кәсіпкерлікке, әсіресе шағын және орта бизнесті дамытуға жаңаша серпін беретін жүйелі шаралар іске асырылуы қажеттігін атап өтті.

«Бірінші кезекте шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділік аясы ұлғайтылуға тиіс. Ел экономикасы, кәсіпкерлеріміз ұзақмерзімді несие ресурстарына мұқтаж. Сыртқы көздер жеткіліксіз болып отыр. Экономикаға жедел көмек көрсетіп, оның 6-7% өсімін қамтамасыз ету үшін бізге мемлекет резервтерін пайдалануға тура келеді»,– деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті экономиканы несиелік ресурстармен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 2014 және 2015 жылдары оларды пайдаланылу бағытын анықтай отырып, 1 триллион теңге бөлуді тапсырды.

Дерекнамасы: Bnews.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер