Мемлекет шағын және орта бизнес өкілдеріне мейлінше қолдау көрсетпек
Ресей рублінің құнсыздануы мен ғаламдық экономикалық дағдарыстың Қазақстан нарығына кері әсерін болдырмау үшін үкімет нақты шараларды қолға ала бастады. Енді мемлекет шағын және орта бизнес өкілдеріне мейлінше қолдау көрсетпек. Бүгін Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осы бағыттағы шараларды Мәжіліс депутаттарына таныстырды. Бұл бастама бизнеске тиімді көрінгенімен, кейбір депутаттардың көңілінен шықпады.
Былтырғы ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,3 пайыз болды деп өткен жылға есеп берген Ерболат Досаев, шағын және орта бизнесті дамытуға жасалған қадамдарға да тоқталды. Айтуынша, 2010-2014 жылдар аралығында "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында 174 жарым миллиард теңге бөлініпті. Мемлекеттің мұндай мәрттігінен 230 мың кәсіпкер қарық болыпты.
Біз мақтауды естіп, әбден жалыққан адамбыз. Қандай кемшіліктер бар?
Бәрі баянды деген баяндама осылай үзілді. Содан кейін барып әр аймақтан келген кәсіпкерлердің өздеріне сөз берілді.
АНАРБЕК ОРМАН, кәсіпкер:
Девальвация болғанда біз 250 миллион теңге шығынға баттық. Өйткені заңда бұл мәселе көрсетілмеген. Кім біледі ертең не болатынын бізде? Сондықтан келесіде бизнесті қолдайтын болсақ осы девальвация мәселесін де табиғи монополия туралы заңға өзгеріс болып енсе деген ұсыныс бар.
Сот дегені тексеріп мезі қылған мемлекеттік органдармен арадағы дау екен. Сонда биыл күшіне енген заң қайда қалды? Мораторий біткен соң шағын және орта бизнесті мүлдем мазаламаймыз дегеннің бәрі тек құжат жүзінде ғана ма? Депутаттардың осы сауалдарына министрдің өзі жауап берді.
ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Айтып отырған тексерістер бойынша тиісті комитетке тапсырма беремін.
Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болса басқа мәселенің шетін шығарды. Олар жаңа кәсіп ашқысы келгендерге "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында бөлінетін жеңілдікті тоқтатуды ұсынып отыр.
НҰРЖАН ӘЛТАЕВ, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы:
Дүниежүзілік дағдарыс болып жатқан кезде өзіміздің істеп тұрған тауар өндірушілерге көмектесуіміз керек. Жаңадан бастап жатқан жобаларға аяғынан тұру кішкене қиын болады, сондықтан ең бірінші істеп тұрған зауыттарға көмектесуіміз керек.
Яғни, палатаның айтпағы өз ақшаң болмаса бизнес ашуға үкіметтен көмек күтпе дегенге саяды. Өйткені, бүгінде екінші деңгейлі банктер несиелерінің пайыздық үстемесін көтеріп жатыр екен. Ресейдегі нарықтың арзандығына шыдас бермей жатқан кәсіпкерлер қаншама. Сондықтан, қолда барды сақтап қалу керек дейді.
СЕРІКБАЙ НҰРҒИСАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ресейдікі басып кетіп жатыр, маған мынаны төмендетіп субсидия бер деп аузын ашып отырып қалатындарды қайтеміз? Егер де ақшаны тарата берсек. Ол мемлекеттің ақшасы ғой түбінде. Оған шашымыз да жетпейді ғой.
ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Бюджеттегі өзгерістермен келеміз. Әдейі презентация өткізгеннен кейін соның ішінде қандай көмек береміз, қай жолмен істейміз деп соның бәрін сіздерге түсіндіріп береміз.
БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ,тілші:
"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдауға биыл да бюджеттен 52 миллиардтай қаржы бөлініпті. Оған қоса дағдарысқа қарсы шара ретінде инфрақұрылымды дамытуға тағы 10 миллиард теңге қарастырылған. Ал жиынға келген кәсіпкерлердің дені қазіргі мемлекеттің көмектерінің өзі жеткілікті деген пікірде. Тек жоғарыда айтылған жөнсіз тексерістер мен қағазбастылық тоқтаса болды деп отыр.
Дерекнамасы: 31 канал
Пікір қалдыру:
Пікірлер: