Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің серіктесіне айналды
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің толық құқылы серіктесіне айналып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, BAQ.KZ тілшісі.
«Осы жылы Президенттің тапсырмаларына сәйкес Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды анықтау және оларды алып тастау тұрғысынан заңнамаға тексеру жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде жақын арада Парламентке «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң жобасы енгізілетін болады. Бұл заң рұқсат беру жүйесін реформалау шеңберінде 2013 жылы барлық рұқсаттарға толық түгендеу жүргізу негізінде әзірленді. Аталған заңмен кәсіпкерлерге ауыртпашылық жасайтын негізсіз жаңа рұқсаттарды енгізуге тосқауыл қойылатын болады», - деді С.Жұманғарин.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде бизнес қауымдастықтардың өкілдерінен арнайы құрылған Сараптамалық топ бизнестің дамуына кедергі келтіретін жеке нормаларды алып тастау немесе өзгерту бойынша 231 ұсынысты талданған.
«Әр ұсынысты мүдделі мемлекеттік органдар талқылады. Олардың ішінде 96 ұсыныстың орындалуы мақұлданды. Жақын арада 8 Кодекске, 55 заңға және түрлі деңгейдегі 30 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізуді көздейтін тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірленетін болады», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, тексеру шеңберінде мемлекеттік бақылау және қадағалауды оңтайландыру, мемлекеттік органдардың бақылау функцияларын азайту жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Дерекнамасы: BAQ.kz
Пікір қалдыру:
Пікірлер: