astana-view

Қазақстанда алғаш рет «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабы жарық көрді

2014 жылғы 21 Ақпан
3379 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» атты кітаптың тұсаукесері өтті деп хабарлайды ОҚО  әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысы 2013 жылдың желтоқсан айында ҮИИДБ енгізілген инвестициялық жобалардың тұсаукесеріне арналған телекөпірде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» анықтама кітабын шығаруды тапсырған болатын.

Президент өз сөзінде: «Бұл кітап бүгінгі таңда еліміздегі еңбекқор азаматтарды тұрақты табыс көзімен және жұмыспен қамтамасыз етеді. Қазақстанда 500 мыңнан астам көпбалалы ана, 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар, 570 мыңға жуық студенттер мен 1,7 млн зейнет жасындағы отандастырымыз тұрып жатыр. Бұл кітап сол азаматтарға да өз ісімен айналысуға үлкен көмегін тигізеді...» - деген еді.  

Қазақстанда алғашқы рет жарыққа шыққан «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабында әртүрлі саладағы 100 шағын бизнес жоспарлары көрсетілген. Сонымен қатар кітапта кәсіпті бастауға қаржы табу көздері, «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» т.б. мемлекеттік бағдарламалардың шарттары, жеке кәсіпкерлікті жүргізуге қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу, бизнес жасауға үйрету сынды салаларға қатысты толыққанды ақпарат қамтылған. 

Аталған кітапты шығарудағы басты мақсат - аймақтың, оның ішінде ауылдық жерлердің тұрғындарын кәсіпкерлікке баулу.

Жобаларды іске асыру туралы ақпарат ОҚО Кәсіпкерлер палатасының облыстың аудандары мен қалаларында ашылған өкілдіктері мен бизнес мектептер, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы тарқатылатын болады. Жаңа жобалар «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламалары аясында және «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылмақ.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер