astana-view

Кәсіпкерлердің бизнесін өркендету үшін

2014 жылғы 21 Ақпан
2605 просмотров

Қаржы полицейлері мен облыстағы кәсіпкерлер палатасы енді бизнесмендердің құқығын қорғауға бірлесіп жұмыстанбақ. Екі тарап осындай өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Маңызды құжатта бизнестің дамуына кедергі келтірілмес үшін заңсыз тексерулер тоқтатылады деп көрсетілген. Керісінше, пайдалы кеңестер мен бірқатар іс-шаралар қарастырылатын болады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуы бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілмек.

«Кәсіпкерлер құқығын қорғау және кәсіпкерлердің мәселелерін көпшілікке жариялау бойынша, сонымен қатар кәсіпкерлер палатасының міндеттерін тиімді шешу мақсатында- кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына заңгерлер, журналистер, мемлекеттік және құқық қорғау органдары, азаматтық ұйым өкілдері мен Маңғыстау облысы қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Темірбек Омаров осы кеңестің мүшесі болып табылады», – дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Досбаев.

Ж. Доспаевтың айтуынша, құжатта бірлескен іс-шаралар өткізу, бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі мәселелер мен кедергілерді анықтау, кәсіпкерлік субъектілері қызметіне заңсыз тексерулер жүргізуге жол бермеу шараларын анықтау көзделген. Бұл ретте қаржы полициясы және өңірлік кәсіпкерлер палатасы жұмыс кездесулерін өткізіп тұратын болды. Ал, қаржы полициясы департаментінің бастығы Берік Әбілов меморандум аясында бизнес-ахуалды жақсартуға, әкімшілік кедергілерді жоюға және заңнаманы жетілдіруге бағытталған бірқатар іс-шаралар қарастырылатынын атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтың алдын-алу бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, бірлескен семинарлар мен кеңес беру жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп тұру қажет», – деп қорытындылады Берік Әбілов.

Дерекнамасы: Munara.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер