astana-view

Сыр өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері зор-Тимур Құлыбаев

2015 жылғы 31 Наурыз
2303 просмотров

Қызылордада Өңірлік кеңестің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін оң бағалады, деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен. 

«Бүгінде облыс барлық көрсеткіштер бойынша республика көлемінде көшбасшы. Бұл әлеуметтік қамтуға да және инфрақұрылымды дамытуға арналған жобаларға да қатысты. Жалпы, Қызылорда үлкен көліктік хабқа айналды. Автожолдар, теміржолдар, транзиттік газ құбырлары - осының барлығы облысқа зор дивиденттер алуға мүмкіндік береді», - деді Тимур Құлыбаев.

ҰКП басшысының айтуынша, өңірдің көмірсутектерге қатысты өзіндік қорының және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырлары жүйесінің болуы Қызылорда облысын 75 пайызға дейін газдандыруға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, облыс әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен, Ислам даму банкімен 7 ірі инфрақұрылымдық жобалар бойынша келіссөздер жүргізуде. 

«Бұл, біріншіден - құрылыс индустриясы саласындағы жергілікті кәсіпкерлерге кең жол ашады, екіншіден -жаңа жұмыс орындарын ашуға қолайлы», - деп атап өтті Тимур Құлыбаев. 

ҰКП Төралқа төрағасы қазір Қызылордада «көліктік қысымның» жоқ екендігін айта келе, облыста дамыған инфрақұрылымның болуы инвесторлар үшін аймақты тартымды ете түсетіндігін, мұнан өзге, облыстың экономикасына «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша қосымша мемлекеттік қаржылар да түсіп жатқандығын атап өтті. 

«Біздің міндетіміз - жобаларды бірлесе жүзеге асыру. Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан аталған жұмыстарға сервистік қолдау көрсететін боламыз, яғни даму институттарымен келіссөздер жүргізу барысында, рұқсат беру құжаттарын алуда және өзге де мәселелер бойынша көмек қолдау жасайтын боламыз», - деді өз сөзінде Тимур Құлыбаев.

Дерекнамасы: Казинформ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер