astana-view

Жеңіс күні қарсаңында «Ерлікке тағзым» жобасының тұсауы кесілді

2015 жылғы 16 Сәуір
2895 просмотров

ҰОС ардагерлеріне көмектер тек Жеңіс күні қарсаңында емес, бұдан былай тұрақты түрде көрсетілетін болады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен құрылған «Ерлікке тағзым» әлеуметтік жобасы соғысқа қатысқан қарияларға жыл он екі ай қол ұшын созумен айналыспақ.  

Айта кетейік, бүгін Астанада аталған жобаның тұсауы кесілді. Оның аясында ардагерлерге көмекті кәсіпкерлер палатасымен бірге медициналық және қоғамдық ұйымдар да көрсететін болады.

Жобаның басты мақсаты – еліміздегі ардагерлерге әлеуметтік тұрғыдан және материалдық жағынан көмек қолын созу. Естеріңізде болса, өткен жылы Ұлы Жеңіс күніне орай «Өмір жолы» атты әлеуметтік жоба жүзеге асып, оның аясында қарияларға шұғыл белгі беретін қондырғылар таратылған еді.

Ал, бұл жолғы жобаның жөні бөлек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, әлеуметтік көмектен Қазақстандағы ешбір ардагер шет қалмайды.

- Қазіргі таңда кәсіпкерлер ардагерлерге түрлі қайырымдылық шараларын көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкер Владимир Левин Қызылжар ауданындағы 12 ардагерге жиһаз бұйымдарын жеткізіп берді. Ал, Ақтөбе облысында қызмет ететін 77 компания өңірдегі ардагерлердің тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, 51 ардагерге 100 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Әлеуметтік жобаны қолдағандар қатарына «Қазахойл», «Қазхром», «СНПС «Ақтөбемұнайгаз» және т.б компаниялар бар. Қарағанды қаласында облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі кеңеспен бірлесе отрып, ҰОС ардагерлеріне қаржылай қолдау көрсетті. Қостанай облысында 200-ден астам ардагер мен тыл еңбеккеріне 600 мың теңге көлемінде материалдық көмек қаржы бөлінді. Алматыда 1 мамырдан бастап 31 желтоқсанға дейін ардагерлерге электр энергиясы төлемінен босатылатын болады, - деді Нұржан Бауыржанұлы.

Сонымен қатар, жобаның тұсаукесеріне қатысқан «Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ханзада Балтаева мен «Медикер» медициналық орталығы директорының орынбасары Нұрбек Ақажанов та «Ерлікке тағзым» жобасы аясында ҰОС ардагерлеріне тұрақты көмек көрсетуге уәде берді.

Ханзада Балтаева – «Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Барлық ардагерлерге біздің ұйым қызметкерлері әр мейрам сайын үйлеріне арнайы барып, кұттықтап қайтады. Сондай-ақ, қарияларымыздың туған күндерін де ескерусіз қалдырмаймыз. Айына бір рет шаштараз қызметкерлері ардагерлердің үйлеріне барып, тиісті қызмет көрсетеді. Ұйым атынан әр ардагердің отбасына төсек жабдықтары тегін үйлестіреміз.

Нұрбек Ақажанов - «Медикер» медициналық орталығы директорының орынбасары: 

- Ардагерлеріндің құрметіне біздің компания оларға 1 мамыр мен 30 маусым аралығында тегін медициналық қызмет көрсетеді. Осы уақыт аралығында дәрігерлеріміз Астана, Алматы, Жаңаөзен, Өскемен, Атырау, Шымкент қалаларында болып, соғысқа қатысқан қарияларымызға қажетті медициналық құрылғыларын сыйға береді.

Дерекнамасы: Вaq.kz


Еншілес ұйымдар

Серіктестер